Міне, жадыраған жаз айы да жетті. Көктемгі көркейту-көгалдандыру жұмысы да бітуге таяу. Дегенмен, қала тазалығы мен егілген тал-көшеттерді күтіп-ұстау жұмысы жыл бойы жалғасын таба бермек.
Ашығын айту керек, қазір Қызылорданы көргендер таңданысын жасырмайды. Сап түзеген солдаттай сұлу да сәнді түрлі ағаш қала келбетіне көрік қосуда. Түкті кілемдей, түрлі-түсті гүлзар бақтар шаһар шырайын одан әрі аша түскендей. Бұл – «Жасыл Қызылорда» мен «Қызылорда тазалығы» мекемелері жұмысшыларының жанкешті еңбегі.
«Жасыл Қызылорда» және «Қызылорда тазалығы» мекемелерімен бірлесіп қала аумағына қанша дана немесе қанша көлемде гүл, шөп егілді? Олардың шығымдылығына кім жауап береді? С.Бейбарыс көшесіне отырғызылған шырша, арша ағаштарының өсіп кетуі қанша пайыз, бәрі қурап қалмай ма, оған қанша қаржы қаралды? Бұған дейін қала басшылығы ағаш егу үшін арнайы ғалымдар тобын шақырып, «солардың тәжірибесіне сүйенеміз» деген еді. Бұл жобада солардың үлесі бар ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп, арнайы мамандар пікірін сұрап білдік.
СӨЗ БАСЫ
Басты бағыты қала аумағын жасыл желекпен көмкеру болып саналатын «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылғаны белгілі. Мекемеде Қызылордада тазалық шараларымен қатар, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына да айрықша назар аударылған.
Біздің өңірде жаз бойы аптап ыстық сақталатыны көпке мәлім. Күн жылына егілген көшеттер дұрыс күтім жасалмағандықтан, қурап жататын жағдайлар да жиі кездесіп тұрады. Енді мұндай олқылықтың орны толатын кез келген сыңайлы.
Өңірімізде өткен жылы 8000 көшет егу жоспары бекітіліп, бұл меже артығымен орындалып, 11000 данадан аса ағаш көшеті отырғызылған. Оның арасында біздің аймақтың күн райына қолайлы құрғақ, ыстық, шөлге төзімді Сыр талы, терек, қарағаш, сәндік (катальпа, айлант, ясин) ағаш көшеттері қаламыздың С.Бейбарыс, Қорқыт ата, Сағымбаев көшелеріне отырғызылды. Сонымен қатар, «Сарқырама», «Жібек жолы» мен қалалық каналдар толыққанды тазаланып, қалаішілік арық жүйелері жаңартылды.
АРЫҚ ІШІН ҚУРАҒАН ШӨП пен ЖАПЫРАҚ ТОЛТЫРАДЫ
Адай Мұстафаев жетекшілік жасайтын «Жасыл Қызылорда» мекемесі бүгінде каналдар мен арық жүйелерін толыққанды тазалап, ұңғыма мен насостар арқылы талдарға су жеткізу ісін жүйелі қолға алды. Аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларды, көгалды күтіп-ұстап, қураған ағаштарды кесу, баптау жұмысын жандандыруда.
– Күз келісімен арық біткенді қураған шөп пен жапырақ толтырады. Бұл көктем мезгілінде аяқсудың керекті жерге жетуіне айтарлықтай кедергісін келтіреді. Көктем мезгілі келісімен соның алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, қадағалап отырамыз. С.Бейбарыс көшесіне отырғызылған шырша, арша ағаштарының өсіп кетуі қанша пайыз, бәрі қурап қалмай ма, оған қанша қаржы қаралды? Осы секілді сауалдар ел ішінде жиі айтылып жүр. Бұл Президент саябағындағы өсіп тұрған шыршалар, ол жаққа құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан С.Бейбарыс көшесі бойына ауыстырып, көшеттеп жатырмыз. Бұлар біздің өңірдің климатына жерсінді деп айтуға болады. Енді бұл мәселе біржола оң шешімін таппақ. Қазір жаңа техникалар алына бастады. Мекеме жұмысшылары қаладағы ағаш егілген аумақтарды, парктер мен аллеяларды күнделікті бақылап отырмақ, – дейді мекеме директорының уақытша міндетін атқарушы Адай Шоңмұрынұлы.
Қызылордада шіліңгір шілдеде тал көлеңкесінде болмаса, көше бойында жүру мүмкін емес. «Жасыл Қызылорда» жасыл желекті баптап, құрт-құмырсқадан қорғаудың түрлі тәсілін қолға алуда.
– Бүгінде мекеме қызметкерлері қала аумағындағы арық жүйелеріне жұмыстарын жүргізіп, аяқсу арналарын қалпына келтіру ісін атқарды. Жалпы қала аумағына Сырдария өзені мен каналдар арқылы 19 су насосы орнатылған. «Жасыл Қызылорда» мекемесі көше бойларын, саябақтар мен скверлерді гүлмен көмкерді. Шаһар аумағын көгалдандырып, көріктендіру үшін 640500 дана раушан, кан, катарантус, циннии, петуния, тагетис, бархат, цинерария, пеларгония гүлдері әкелінді. Олар Тұңғыш Президент саябағы, «Сыр ана» монументі, облыстық әкімшілік ғимараты алды, Жалаңтөс баһадүр ескерткіші, Назарбаев даңғылы бойы, қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіші аумағы, қалалық әкімшілік ғимараты, «Қаламгерлер аллеясы», Б.Шөкенов саябағы, «Тағзым алаңы» мен Жанқожа батыр ескерткіші аумағына отырғызылды. Гүлдер қала көшелеріне сән беріп, адамға ерекше көңіл күй сыйламақ, – дейді Адай Мұстафаев өз сөзінде.
ЖАЗ БОЙЫ ГҮЛДЕРДІҢ ДҰРЫС ӨСУІНЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЙМЫЗ
Табиғатпен тіл табысып, шаһар аумағын гүлдендіріп, жайқалту – баршамызға ортақ парыз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халық даналығы. Бабалар өсиетін бағдар еткен бүгінгі буын тал егуде тосылмайды. Осындай адал еңбектің бел ортасында жүрген азаматтың бірі – Ерлан Онласынов.
Ол «Жасыл Қызылорда» мекемесінде су жеткізу бөліміне жетекшілік жасайды. Айтуынша, әр тұрғынның есік алдына тал егуді дағдыға айналдырғаны дұрыс. Өйткені, туған жерді түрлендіріп, қоғамдық орынды таза ұстау – баршамызға ортақ парыз.
«Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» деген Ыбырай Жақаевтың сөзі ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі боларлық. Қызылорда жаз бойы жасыл желекке малынып, жайқалып тұрса, көз сүйсініп, көңіл құсы көкке шарлайды емес пе?
– Жаз мезгілінде саябақтарды тазалау, гүл егу, баптау жұмыстарымен айналысамыз. Көше бойындағы талдарды балақтап, қураған, сынғандарын анықтап, кесеміз. Ал қыстың күндері өзіміздің жылыжайда гүл өсірумен айналысамыз. Көктем басталысымен қала көшелеріне көшеттер отырғызамыз. Қыс айында қосымша қар тазалау жұмысымен айналысып, қала тазалығына атсалысамыз. Ал жаз бойы гүлдердің дұрыс өсуіне жағдай жасап, олардың мезгілімен суғарылуын қамтамасыз етеміз. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасын таба бермек, – дейді су жеткізу бөлімінің басшысы Ерлан Онласынов.
Қаланы көркейту-көгалдандыруға былтыр жергілікті бюджеттен 484,7 млн теңге бөлініп, орталық аймаққа гүлдер мен газондар отырғызылған. Сонымен қатар қалаішілік арық жүйелері тазартылып, жасыл екпелер егіліп, суарылды.
Мамандардың айтуынша, Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында «Жібек жолы» және «Қызылжарма» арналарын күтіп-ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына да қаржы бөлініп, бірталай жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын көктем және күз мезгілінде қала аумағында көркейту және көгалдандыру айлығы қарқынды ұйымдастырылады. Аталған іс-шараға қала тұрғындары мен мекеме қызметкерлері қатыстырылады. Қала аумағындағы талдарға химиялық өңдеу жұмыстары атқарылып келеді.
ҚЫЗЫЛОРДА – ШӨЛЕЙТТІ АЙМАҚ
Тақырып төңірегінде көркейту-көгалдандыру мәселесі бойынша үнемі үн қосып жүретін қоғам белсендісі Болат Нұрқожаевтың да ойын білген болатынбыз.
– Жалпы көгалдандыру мәселесінде бірінші кезекте Қызылорда өңіріне суару жүйесін жасау керек. Суаруды жасамай, көшетті егіп, кейін суарам деп жүргенде қурап қалуы мүмкін. Біріншіден, талдың астында су құятын ұя болуы керек. Газон тамырына су баратын 5-10 см сіңетін тамшылатып суару жүйесі жарайтын болса, талға тамырына 50-70 см су бару тек ұяға құйғаннан болады. Екіншіден, арша (можжевельник), басқа да талдардың астын балақтаса бойы өседі, әйтпесе кішкентайынан көлденең жайылады, бойы өсуге күші жетпейді. Қызылорда – Алматы, Астана, Шымкент секілді емес, шөлейт, ыстық аумақ, сондықтан газон суарумен талды да суара алмайсың. Сондай-ақ ол суға да ысырап, яғни бұндай жерде газонға тамшылатып, ал талға ұясына су құятын екі жүйе болуы қажет. Қазір қала аумағында скважина ұрылып жатыр. Бірақ негізінде дария суы бар жерлерге скважинаның суларынан гөрі дарияның табиғи суымен суғарылғаны дұрыс болады. Мәселен, «Сыр ана» монументі жанына егілген ағаш көшеттерін суғаруға Сырдария суын әкелуге болады. Бұл жөнінде өз ұсынысымды да айттым. Сондай-ақ, суы тапшылау жерлерге терек, Сыр талын егеміз. Бірақ қалада бой алып кетуі үшін жерсінген ағаштар егілгені дұрыс. Мысалы, қарағаш, жейде, ясин, тораңғыл секілді шыдамды ағаштар біздің өңірге тез жерсінеді. Үшіншіден, бізде егілген талдарды күтіп-баптау мәселесі бар. Қала төңірегінде 50-100 жылдық талдар сирек. Орман талдары бір-бірімен жарысып, қабаттасып өседі. Ал біздің облыс орталығында талдарды жыл бойы суару керек. Қала аумағында су «Шіркейлі» каналынан беріледі. Биыл су жылдағыдан ерте келіп, қуанып отырмыз. Бұл көшеттердің күш алып өсуіне оң септігін тигізбек, – дейді қоғам белсендісі бізбен әңгімесінде.
Айтуынша, көгалдандыру жұмысын арнайы мамандандырылған мекеме жасауы керек. Себебі, ол жұмыстың кемшін тұсын, жетістігін жетік біледі. Талдарды улаудың да өз уақыты бар. Жапырағы көктемей, құрттары тірілмей тұрғанда ерте көктемде улаған дұрыс. Ал кейбір талдарды керсінше жапырағы шыққасын барып құрттаудың алдын алып улау қажет. Дегенмен, басты мақсат – уақытылы суарылуы. Тағы бір маңызды мәселе – еккен кезде жерін құнарландыру. Тереңдігін метрге жуық қазып, диаметрін 70 сантиметр қопсытып барып көшет отырғызу керек.
– Менің тағы бір ұсынысым, тал көшеттерін сырттан әкелеміз. Онымен бірге аурулар келеді. Осы жағын да ескеру керек. Сондықтан қаланың өзінен арнайы тал көшеттерін егетін орын жасау керек. Бұл – өте маңызды. Міндетті түрде топырағымен отырғызу керек. Сол кезде көшет толық жерсінеді. Қызылорданы Алматы, Тараз секілді жайқалтып қоюға болады. Ол үшін жүйелі жұмыс істеу қажет. Шаң-тозаң тоқтап, күн райы жақсы болса, салқын самал болса, халықтың да денсаулығы жақсарады, – дейді Болат Нұрқожаев.
CӨЗ СОҢЫ
Иә, қазақ халқында көркейген, көгерген істің қайсысы болсын жақсыға балаған. Ал шаһар келбетінің көркейіп, көгалданғаны көзге қуаныш, көңілге медеу сыйлайды.
«Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» дегендей, бір мекеменің жасаған жұмысынан бір облыс халқы түгел сая тапса, міне жетістік – осы.
Ендеше «Бір тал кессең, он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген даналық сөздің астарында аласармас ақиқат жатқан сыңайлы. Тақырып аясындағы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!