Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы Аризона геномика институтының директоры Рож Вингпен кездесті

16.05.2026, 14:00 21

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Аризона (АҚШ) геномика институтының директоры, профессор Род Вингпен кездесті. Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Басқарма төрағасы — ректор Ербол Искаков қатысты.
Басқосуда аграрлық геномиканы дамыту және күріш шаруашылығына заманауи геномдық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
«Қазір облыста ауыл шаруашылығы құрылымдарын жоғары репродукциялы күріш тұқымымен қамтамасыз ететін, аттестатталған 5 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді.
Аймақта егілетін күріш дақылының 2,7 пайызы ғана – отандық, қалған 97,3 пайызы – шетелдік сорттар.
Күріш селекциясын дамыту, Ресей, Қытай, Иран, Өзбекстан, Вьетнам, Түркиядан жаңа сорттарды жерсіндіру бағытында сынақ тәжірибелері жүргізілді.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының «Сыр сұлуы», «Айсара» сорттары мемлекеттік сорт сынағынан өтуде. Тұқым шаруашылығын дамытуға мемлекет жыл сайын субсидия береді.
Бүгінде құрғақшылық пен топырақ тұздылығына бейімделген дақылдардың, вегетациялық мерзімі қысқа сорттардың егіс көлемін ұлғайту баста назарда.
Жұмыс сапарыңызға сәттілік тілеймін. Күріш селекциясын дамыту жолындағы еңбегіңіз әрдайым нәтижелі болсын», – деді Мұрат Ергешбаев.
Профессор былтырдан бері Kozybayev University жанындағы Агрокомпетенция орталығымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта тараптар Қызылорда облысындағы күріш шаруашылығына геномдық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастықты дамытуда.
Сапар барысында профессор Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетіне барып, оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетімен және заманауи зертханалар жұмысымен танысады. Бұдан бөлек, «Абзал и К» ЖШС күріш өңдеу зауытына, Нағи Ілиясов ауылына және «Мағжан и К» серіктестігінің егіс алқаптарына барады.
​Айта кету керек, өңірде 270 мың гектар суармалы жер бар. Оның 179 мың гектарға жуығы – алты массивте орналасқан, инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егіс алқаптары.
Жыл сайын вегетациялық кезеңге 3,2-3,6 млрд текше метр көлемінде суармалы су лимиті бекітіледі. Осы лимитке сәйкес 185-190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
Сыр өңірінің негізгі дақылы саналатын күріш жыл сайын 85-90 мың гектар алқапқа себіліп келген. Алайда кейінгі жылдары суармалы су тапшылығына байланысты күріш егісінің көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарлануда. Өңірде республикадағы жалпы күріш көлемінің 90 пайызы өндіріліп, өнімнің 35-40 пайызы экспортқа шығарылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: