Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды

08.05.2026, 10:30 187

Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.

Бұған дейін бұл қызметті атқарған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысын 2022 жылдың сәуір айынан бастап басқарды.

Мұрат Ергешбаев – Сыр жұртшылығына жақсы таныс тұлға. Ол 1966 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Мамандығы бойынша экономист. Еңбек жолының алғашқы кезеңінен бастап қаржы, банк, жергілікті басқару және мемлекеттік қызмет салаларында тәжірибе жинаған. 

Ашық деректерге сүйенсек, Мұрат Нәлқожаұлы әр жылдары Сырдария ауданында экономист, өнеркәсіптік бірлестікте бөлім басшысы, банк жүйесінде жауапты қызметтер атқарған. Сондай-ақ Қызылорда облысы әкімі орынбасарының кеңесшісі, Халық банкінің Қызылорда облыстық филиалының директоры болып жұмыс істеген.

Мұрат Ергешбаевтың мемлекеттік басқарудағы жолы Қызылорда өңірімен тікелей байланысты. Ол 2008-2010 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болды. Кейін Қызылорда облыстық қаржы басқармасын басқарды. 2011-2013 жылдары Қармақшы ауданының, 2013-2014 жылдары Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарды. 2017 жылы Қазалы ауданының әкімі болып тағайындалды. Ал 2021 жылы Сырдария ауданы әкімі қызметіне ротациялық тәртіппен келді. 

Соңғы жылдары Мұрат Ергешбаев республикалық деңгейдегі саяси қызметте болды. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты ретінде заң шығару жұмысына араласты.

Ал бүгіннен бастап, Мұрат Нәлқожаұлы Қызылорда облысы әкімінің қызметін атқарады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: