Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл тұрғындарымен кездесу өтті

16.05.2026, 0:36 33

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес Сырдария ауданы әкімі Берік Әбдіғаппарұлының кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі Бесарық, Қоғалыкөл және Шіркейлі ауылдарында жалғасты.

Кездесуге мәслихат депутаттары, дербес бөлім және сала басшылары қатысты.

Жиын барысында аудан басшысы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен тұрақты кері байланыс орнату – басты міндеттердің бірі. Әрбір елді мекеннің өзекті мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуы тиіс. Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері әрдайым назарда болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бүгінде аудан көлемінде елді мекендердің инженерлік-инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Қоғалыкөл ауылын газдандыру жұмыстарын бастауға 320 млн теңге, ал Шіркейлі ауылын газдандыру жұмыстарын бастауға 400 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз етуге, ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға және өңірдің инфрақұрылымдық дамуына оң әсерін тигізетін болады.

Сонымен қатар, аудан басшысы аталған елді мекен тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Көтерілген мәселелерге байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: