Бір қасапшы ет бұзып отырып, абайсызда көзіне сүйектің кішкентай жаңқасын түсіріп алады. Көзі ашып, жанына батып мазасы кетеді. Ол кезде бүгінгідей аурухана да, дәрігер де көп емес заман екен. Амалсыз ауылдағы шаштаразға барады.
Шаштараз көзін қарап шығып:
– Е, мұның емі жеңіл ғой. Күнде келіп тұрсаң болды, тазалап, дәрі жағып береміз, — дейді де, көзін таңып жібереді.
Ертеңінде қасапшы ризашылығын білдіріп, бір жапырақ ет пен бауыр ала келеді. Шаштараз күн сайын көзін сүртіп, дәрі жағып береді. Бірақ көзіндегі сүйекті алуға асығар емес. Осылай күндер өте береді.
Бір күні қасапшы келсе, шаштараз жоқ, орнында жас баласы отыр екен.
– Аға, келіңіз. Не мазалап жүр? — дейді бала.
Қасапшы:
– Әкеңнің кәсібін үйреніп жүрсің бе? — деп сұрайды.
– Иә, аздап қолғабыс болып жүрмін, — дейді бала.
Сонда қасапшы:
– Көзімдегі сүйек әлі кетпеді. Жанымды алып бітті, қарап жіберсеңші, — дейді.
Бала көзін бір қарап алып:
– Ой, мұны неге жүре берген? Қазір-ақ аламын, — дейді де, әлгі сүйекті лезде алып тастап, көзін әбден тазартып береді.
Кешке әкесі келіп:
– Бүгін не істедің? — деп сұрайды.
Баласы бәрін айтып береді. Сонда әкесі қабағын түйіп:
– Әй, балам-ай… Сен асығыстық жасаған екенсің, — дейді.
Баласы аң-таң болып:
– Неге? Мен кісіні қиналыстан құтқардым ғой, — дейді.
Сонда әкесі:
– Сен түсінбедің. Ол кісі күнде бізге ет пен бауыр әкеліп тұратын. Енді көзі жазылды, енді келмейді. Өз несібемізді өзіміз кесіп тастадық, — депті.
Түйіні: Бұл өмірде әр мәселені «шешіп жүрген» адамның бәрі сенің жаныңды ойлайды деп сене берме. Кейбіреулер сенің қиналып жүргеніңнен пайда көріп отырады. Өйткені олардың нәпақасы – сенің шешілмеген мәселеңде…
Әлеуметтік желіден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!