Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Шіркейлі ауылында 15 мамыр отбасы күні мерекесіне арналған “Жұбайлар жыры” атты өнерлі жұптардың отбасылық ән байқауы өтті.
Мерекелік шара аясында ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесін насихаттайтын арнайы көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұлттық дәстүрді дәріптейтін жәдігерлер және отбасылық шығармашылық жұмыстар ұсынылды.
Мерекелік шара барысында аудан әкімі жиналған қауымды Отбасы күнімен құттықтап, отбасы институтының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деп атап өтті. Бүгінде біздің алдымызда отбасы институтын дамыту міндеті тұр. Ол үшін еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеудің жаңа сапасын қалыптастыру керекпіз. Жанұяда отбасылық құндылықтар сақталуы тиіс. Осы бағытта Сыр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығында «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым», «Өнер орталығы» ашылып, ел игілігін көруде. Клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмыс жасауда. Аудан орталығында ұлттық құндылықтар дәріптелетін «Руханият» орталығы пайдалануға берілді. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы өзара сыйластықты арттырып, отбасы құндылықтарын нығайтуға және ұлт тәрбиесінің сабақтастығын сақтауға үлкен үлес қосуда,— деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Байқауға барлығы 7 өнерлі жұп қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар сахна төрінде отбасылық құндылықтарды дәріптейтін әндер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байқау қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен жұптарға Бас жүлде, І орын, ІІ орын және ІІІ орын табысталып, арнайы дипломдар мен сыйлықтармен марапатталды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!