Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлытауға бардың ба?!

07.05.2026, 8:20 34

«Халық» газетінің биылғы №15 (1332) санында «Тобыл-Торғай өңірінің туристік әлеуеті қандай?» деген тақырыпта көлемді мақала жариялаған едік. Бүгінгі жазбамызды соның жалғасы деуге әбден болады. Иә, Тобыл-Торғай өңірінің туристік әлемінен соң көршілес Ұлытау облысына ойысқан жөн. Өлкетанушы, саяхатшы, журналист Амандық Әмірхамзин бізге ең әуелі «Ұлытау өңіріне қалай жетеміз және не көреміз?» деген сұраққа жауап беріп өтті.

ЕЛІМІЗДІҢ  6  ОБЛЫСЫНАН  ҮЛКЕН  АУДАНЫ  БАР

– Қазақстанның орталығындағы Ұлытау облысы­ның Ұлытау ауданы еліміздің 6 облысының аумағынан үлкен. Осы жайттың өзінен облыс­тың көлемді екенін білуге болады. Географиялық орталық болғанына қарамастан мысалы, облыс орталығы – Жезқазған қаласына көлікпен тек 3 бағыттан жетуге болады. Бірі – Қарағанды арқылы Астана тарабы, екіншісі, Ұлытау кенті арқылы Арқалық жағы және үшіншісі – Қызылорда тарабынан. Соңғысы нашар, Арқалық жолы да онша емес. Дегенмен, Үкімет бұл жолдарға көңіл бөліп отыр. Дұрысы, Қызылорда облы­сы Ұлытау облысы шекарасына дейін жолды салып қойды, Арқалық жағынан да жөнделіп қалды.

Ал, Жезқазғанға ұшақтар тек мына қалалардан жетеді: Астана, Қарағанды, Шымкент, Алматы. Теміржол көлігімен Жарық, одан әрі Қарағанды арқылы солтүстікке не Жарықтан оңтүстікке немесе Балқашқа шығуға болады. «Арқалық жағындағы жүк тасымалы пойызын жолаушылар тасымалына айналдыру керек» деп санаймын. Айтқандай, таңертең Қызыл­орда-Павлодар бағытында жүретін поездан түстім, аталған пойыз Қызылордадан шығып, Жезқазғанға жеткен соң Қарағанды мен Астананы басып өтіп Павлодарға жетеді, — деп сөз бастады  кейіпкеріміз.

Шыны керек, Ұлытау облысының турис­тік әлеуетін дамытамыз десек, Жезқазғанды Қазақстанның басқа қалаларымен жалғайтын тіке әуе байланыстарын орнату қажет. Мәселен, батыс өңірлерден, мысалы, Ақтау шаһарынан тікелей рейс ұйымдастырса жақсы болар еді. Мысалы, Астанадан шыққан по­йыз Жезқазғанға дейін 12-13 сағат жүреді. Бұл туристер үшін қолайсыз. Мұны саяхатшының өзі айтып отыр. Бір лайфхак бар. Яғни, Ұлытау облысына жол түссе, аумағын, дұрысы негізгі локацияларын аралау үшін кем дегенде 3 күн уақыт  керек.

Амандық  Қорғанұлы  сол 3 күнде бару қажет  нысандардың  тізімін  айтып  өтті.

– Олар – Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Ұлытау, Жезді, Қарсақпай кенттері, үлгеріп жатсаңыз, Қаражал қаласы мен Атасу кентіне (Жаңарқа  ауданы)  де  барыңыз.

Табиғи нысандары – Ұлытау таулары, Ақжар таулары, Ақмешіт шыңы, Едіге шыңы. Айт­қандай, облыс аумағында емдік табиғи көздер де  баршылық  екен.

Тарихи көрікті нысандар – Жошы хан кесе­несі, Домбауыл кесенесі, Алаша хан кесенесі, Мақат саханасы, Дулығалы мешіті, Қойлыбай бақсы моласы, Кейкі батыр үңгірі, Байқоңырдағы  жартасты  суреттері.

Ортағасырлық сәулет ескерткіштері – Хан Ордасы қалашығы, Басқамыр қалашығы, Жұбан ана  кесенесі  және  тағы  да  басқалар, — деді ол.

ЖЕЗҚАЗҒАНДА  СОҢҒЫ  РЕТ ҚҰРЫЛЫС  1997  ЖЫЛЫ  ЖҮРГІЗІЛДІ

Ұлытау туралы не айтуға болады? Жалпы, Ұлытау облысы – Қазақстандағы аумағы бойынша бесінші орын алатын өңір, халқы бойынша республикадағы ең кіші аймақ деп саналады. Мысалы, 2023 жылғы дерек бойынша халқының саны 231 774 адамды құраған. Облыс үш қаладан – Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал, екі ауданнан – Ұлытау және Жаңарқа ауданынан тұрады. Халқы негізінен қалаларда қоныстанған, мысалы, Жезқазанның халқы қала маңына бағынышты аумағымен қоса алғанда 2021 жылы 91 942 адамды құраған. Ал, 1991 жылы Жезқазған қаласында 111 000 адам тұрған еді. Сол сияқты, Сәтбаев қаласы тұрғындары саны 2021 жылы 70 100 адам болды.

– Менің байқағаным өңір бай болғанмен, Қарағанды облысы құрамы кезінде инфрақұрылымға қаражат салынбағаны көрініп тұр. Мысалы, ескі құрылыс нысандары көп, жаңадан салынған құрылыстар жоққа тән. Жаңылмасам, соңғы рет Жезқазғанда құрылыс 1997 жылы жүргізілді. Құрылыс, жаңа нысандар салынып жатыр, қайта облыс болуының арқасында облыс орталығының екі артық­шылығы бар: бірінші – теміржол тұйы­ғынан құтылуы, екінші – әуе­жай­дың жұмыс істеп тұруы. Өнеркәсіппен қоса, болашақта туризм өңір дамуының басты серпініне айналады деп сенгім келеді! Облыс орталығына айналған сәттен бастап Жезқазғандағы пәтер бағасы екі есе өсті деседі, анығын білмедім. Жалпы, болашақта Жезқазған қаласын Түркістан шаһары кейпінде көремін! — деп сенім білдірді  өлкетанушы.

Ұлытау таулары Қазақстанның дәл ортасында орналасқан. Сарысу, Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері осы жерден бастау алады. Аталған өзен бойларын адамдар атам заманнан  бері  қоныстанған.

ҰЛЫТАУДЫҢ  ЕҢ  БИІК  НҮКТЕСІ – АҚМЕШІТ  ӘУЛИЕ  ТАУЫ

Ежелгі грек тарихшысы Геродот Ұлытауды «сақтардың тауы» деп атаса, Қаныш Сәтбаев өзі жазып алған аңыздарға сәйкес, «топан судан ке­йін үш жер қыртысы шыққан, оның бірі – Ұлытау  шыңдары»  дейді.

– Дәл осы Ұлытауда қазақ билеу­шілерін ақ киізге көтеріп хан сайлай­тын дәстүрі болған. Меніңше, ол дәстүр жұртымыздың оған дейінгі баба­ларынан қалған болар. Маған ол ой, әсіресе Алаша хан кесенесіне барған кезде туындады. Өйткені, аталған кешен қарапайым адамға салы­н­бағаны көрініп тұр. Монументальдық десем болар, екіншіден, терезе­лері жаудан қорғану үшін салынған секілді. Екіншіден, Алтын Орданың бастауында тұрған Жошы хан Ұлытау жерінде жерленген  ғой.

Ал, Ұлытаудың ең биік нүктесі – Ақмешіт әулие тауы деп аталады, ауызекі  тілде  Әулие  тау не Жеті әулие делінеді. Ал, негізінде бұл жерде 7 әулие жерленген қорымдар (тастар үйілген) бар. Басында мешіт болған деп те айтылады, оны байқамадым. Есесіне  алыста  үңгірді  көрдік.

Қазақтың басқа өңірлері сияқты Ұлытау өңірінде де Асан Қайғыға қатыс­ты аңыз-әпсаналар жетерлік. Кейбіреулер «Ақмешіт тауының басында IV ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы жерленген» деседі. Біз сапар барысында шың басына, яғни, Ұлытау­дың ең биік нүктесіне, Ақмешіт әулие тауына шықтық. Оның биіктігі – 1133 метр, — деді Амандық Әмірхамзин.

Осы орайда, саяхатшы келуші­лерге  кеңесін  де  айтып  өтті.

– Биікке шығу үшін ыңғайлы аяқкиім, жауын-шашыннан қорғанатын киім және 0,5 литр су мен тіске басатын шоколад жетеді. Төбеге көтерілу үшін Ұлытау кентінің шетіндегі Сапар орталығынан жаяу жүресіз, одан әрі Ұлытау қорығы аумағы басталады. Онда келушілерге тоқтап, тынығып алып, әрі жүру үшін демалыс орындықтары қойылған. Негізі ыңғайлы (треккинг) таяқ болса, құба-құп. Тауға шығу үшін аздаған дайындық керек, ауру-сырқау адамдарға қиындау, қанша дегенмен таудың аты – тау.

Тауға жетер жерлерде қайың шоқ тоғайлары бар. Қайыңның суы таза жерлерде өсетіні белгілі. Ал, менің ойыма «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деген жолдар орала берді. Заманында Ұлытауда арқар да өмір сүріпті, оның мүйізін Жезқазған қаласындағы музейден көрдік. Жалпы, Ұлытаудың өзіндік аурасы ұнады. Өзге­лер оны мистицизммен байланыс­тырады, маған, бабаларымыздың рухы тақырыбы ұнайды! — деп ойын бір  жинақтап  алды  кейіпкеріміз.

ҰЛТ  ҰЯСЫ – ҰЛЫТАУ

Негізінен, Ұлытау  мен  Торғайдың іргелес жерлерінде қаншама табиғи нысан да, әсем сәулет  ескерткіштері де жетерлік. Мысалы, Ақжардан өзге, Байқоңыр петро­глифтері, Құлмұхамед ишан мешіті, Дулығалы  ишан мешіті, Алтыншоқы, Мақат сағанасы, Дәбей Беген­ұлы мазары, Арғанаты таулары, Қорғасын руднигі, атақты Сарлық ауылы, Барақ­көл, Тамдыдағы тас суреттер, Жәкуда ишан мешіті, Кейкі батыр үңгірі, Қойлыбай әулие кесенесі. Бұл  нысанның  бәрі Ұлытау тарихына ғана емес, Торғай өңірі, жалпы алғанда, қазақ тарихына  қатысты.

«Жалпы, екі жұрттың әуелден ауылы аралас, қойы қоралас. Бала кезден басын Ұлытаудан алатын Торғай және Ұлы Жыланшық өзендерінің бойында өстік, суын іштік. Жеріміз де бірдей, табиғаты да ұқсайды, адамдарының мінездері мен тұрмыс-салты да бірдей. Жалпы алғанда, Ұлытауды ұлт ұясы десек, Торғайды – Алаштың ордасының бірі, Ахаң мен Жахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулат­ұлы) елі деп мақтанамыз.

Басты айтпақ ойым, Торғай жерінің туризмі қарқынды дамып жатыр, ал, үш жүздің басын қосқан Ұлытау – ел назарында. Бір жағынан ол билік басындағыларға да қатыс­ты деп ойлаймын. Ұлытау облысын басқаруға келген Дастан Адайұлы Рыспековті туризм саласында жұмыс істеген кәсіби маман деп білемін, өңірдің ішкі туризмі бойынша таяу уақытта бір нәтиже шығады деп үміттенемін!» деп ойын ашық жеткізді  Амандық  Қорғанұлы.

БАҒЗЫ  ЗАМАНДАҒЫ  БАСҚАМЫР  ҚАЛАШЫҒЫ

Осы орайда, сөз кезегін өлкетану­шының өзіне бердік. Амандық Әмірхамзин Ұлытау облысына саяхаты барысындағы Басқамыр қалашығы туралы  кеңінен  әңгімелеп  береді.

«Ұлытау» туристік жол көрсеткішінің деректеріне сәйкес, Басқамыр қалашығы Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік  тізіміне  енгізілген.

Ғалымдар қалашықты араб гео­графы Мұхаммед әл-Идрисидің жазба­лары арқылы біледі. 8-9-ғасыр­лардағы Қиян қаласына жатқызады. Оғыздың Қиян және Жадшан қала­лары туралы деректерде «екеуі де бекінісі өте берік шағын қалалар» делінген.

Ежелгі шаһардың қалдықтары шеңбер қалпында сақталған. Оның ортасына трапеция түріндегі цита­дель қайта қалпына келтіріліп, тұр­ғызылған. Цитадель аумағында жүр­гізілген археологиялық қазбалар нәтижесінде 7 бөлме, ошақтар мен пештер табылған. Бұрыштардың бірінде екі метрден сәл-пәл биік мұнара, ішкі солтүстік бұрышта суға арналған шұңқыр болғаны анық­талды. Таза су қамалға  арық  арқылы  жеткізілген.

Қалашықтың сыртқы сипатына назар салса, дуал деңгейінде сақталып қалған 2 қорғаныс шебін анық байқауға болады (бірі – топырақ, екіншісі – тас). Сырт­қы дуалдың  кеңдігі – орта есеппен  6 метр, биіктігі – 1,5 метр.

Ғалымдардың пайымдауынша, қала-бекіністі сумен қамтамасыз еткен су айдыны болған. Қалашық бекінісінен бөлек, Басқамырдың маңында қорым, күзет мұнарасы, үңгір-шахта сияқты бірегей нысандар  бар.

Басқамыр қорымы бекіністен оңтүстікке қарай, күзет мұнарасының қирандылары қалашықтан бір шақырым жерде, Керегетас төбесінде орналасқан. Тас пен балшықтан қаланған мұнараның бүгінгі жұрнағының  биіктігі – 3 метр.

Басқамыр қалашығы Ұлытау облысы орталығы Жезқазған қаласынан 83 шақырым қашықтықтағы Талдысай ауылынан солтүстікке қарай 300 шақырымдағы Жезді өзенінің  бойында  орналасқан.

«ҰЛЫТАУ»  МЕМЛЕКЕТТІК  ҰЛТТЫҚ  ТАБИҒИ  ПАРКІ ТУРАЛЫ  БІРЕР  СӨЗ

Амандық Қорғанұлы Ұлытаудың қорығы жайлы былай деп баяндап берді:

«Ұлытау десе, әдетте «қазақтың үш жүзінің басы қосылған жер» неме­се «Ұлытауда болдың ба, ұлар етін жедің бе?» деген тәмсіл есімізге түседі.

Дегемен, мен бұл тезистерді одан сайын тереңдеткім келеді. Бірінші, жалпы, Ұлытау өлкесі есте жоқ ескі заманнан кен орталығы болған. Ол жөнінде Әлкей Марғұлан былай дейді: «Ұлытау қола дәуірінің ірі металлу­ргия орталығы болған». Екіншіден, Алтын Орданың құрылуы һәм пайда болуы Ұлытау өңірімен байланысты. Ұлы Жошы ханның Ұлытауда жатуы бекер емес болар. Айтқандай, Алаша хан мазарын кейбіреулер Шыңғыс хан кесенесі десе, өзгелері Хақназар ханмен байланыстырады. Өз басым мұндай еңселі  кешеннің  жай  адамға салынбағанын  түсіндім.

Ұлытау жеріміздің ортасы ғана емес, табиғаты да өзгеше. Мысалы, Сарыарқамыз жазықты дала болса, Ұлытау тау-қыратты, шоқ тоғайлы келеді. Және оның флорасы мен фау­насын сақтау да маңызды. Әрине, тарихи  ескерткіштерінің жөні бір  бөлек.

Десе де, Ұлытау таулы-далалы аймағының экожүйлері мен табиғи кешендерін сақтау, сонымен бірге, өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында 2021 жылғы 7 желтоқсанда «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи  паркі  құрылған  болатын.

Өңірдің сәулет нысандары мен тарихи ескерткіштерімен қатар қорықтың флорасы мен фаунасына тоқтала  кетуді  жөн  көрдім.

Сонымен, әуелі көзге түсетіні – мыналар. Ал, тау беткейлерінің төменгі бөліктеріндегі тау шатқал­дарында қызыл қаулы дала шөпте­сіндері кездеседі. Терең шатқалдардың кей беткейінде қайың, қайыңды-көктерек ормандары, кей жерде мойыл мен долана және қалың бұталар бар, аршаны да көзіміз шалып қалды. Бірақ, арша жатаған екен. Таудың шеткі аласа бөліктерін шөлейтті жусанды-бетегелі және тобылғы мен садақбоз қау өскен далалар алып жатыр. Бұл бөлікте тек Ұлытау облысында кездесетін ерекше қорғауға алынған мынадай өсімдіктер  өседі: қылшықты мыңжапырақ, ұсақ гүлді күреңот, ұлы­таулық түймешетен, олармен қатар сирек кездесетін шегіргүл Селькирка, қазақ күреңі, жалтыршөп, қала шыршайы, қияқөлең, жоңғар талы. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қызыл қайың, сартүтік, Шренк қызғалдағы, ұлытаулық түймешетен де кездеседі. Кеңес дәуірінде Ұлытау шөптерінен дәрілік заттар даярланған деп естідік. Маған, әсіресе қатты ұнағаны қайың шоқ тоғайлары  болды.

Ұлытау қорығының фаунасына қатысты айтатын болсақ, қорықта арқар мен елік бар деседі, бірақ, арқардың Жезқазған музейінде тек мүйізін кездестірдік, соған қарағанда жойылуға айналған. Құстардан – құр мен шіл түрлері, жыртқыштардан – түлкі, қасқыр, ақкіс, аққалақ, қарсақ, күзен және т.б. жануарлар кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген фауна түрлері: қара дегелек, бүркіт, ителгі, Қазақстан арқары, қарақұйрық, қылқұйрық бұлдырық, үкі, сабаншы. Жалпы, Ұлытау қорығы фаунасы әлсіз зерттелген  деседі.

Қысқаша айтқанда, көп естігеннен бір көрген артық!».

ҰЛЫТАУ  ТӨҢІРЕГІНДЕ  МЫҢДАҒАН  ЖЫЛДАР  БҰРЫН  МӘДЕНИЕТТІҢ  ДАМУЫ  АНЫҚТАЛДЫ

Амандық Әмірхамзин бізбен әңгімесінде «Ұлытау өңіріне қатыс­ты екі тұлға туралы айтпасам болмас» деді. Әрі бұл жолы да ұзағынан сөйледі. Сондықтан, бұл сөзін де бө­ліп-жара алмадық. Сол себепті, төлеу сөзден гөрі, төл сөз дұрыс деген шешімге келдік. Ендеше, тур ұйымдастыру­шысы әрі саяхатшы бүй дейді:

«Біріншісі – Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Ол «Ұлытау өңірі – қола дәуірінің ірі металлургия ошағы болған» дейді. Оның айғағы – Арғанатыдан, Алтынқазғаннан, Жартастан, Қарашоқыдан табылған ертедегі тұрақтар. Және бір айта кетерлігі Ұлытау тарихындағы ерекшелік – Кіші Жібек жолы бойымен Орталық Азияны Сібірмен жалғас­тырған үлкен керуен жолының өтуі. Орталық Қазақстандағы жаңа зерттеулердің нәтижесінде Ұлытау төңірегінде мыңдаған жылдар бұрын мәдениеттің дамуы мен алмасуында күрделі өсу кезеңінің болғаны анықталды. Дегенмен, шынымды айтайын, Әлкей атамыз туралы жазуға тісім батпай жүр әрі ұзақ дайындық керек. Оның үстіне  оның менің туған өлкем – Торғайға қатысты да зерттеулерін әлі ой таразысынан өткізуім керек. Қысқаша айтқанда, Әлкей Хақанұлы туралы кейінірек жеке материал  жазу  ойымда  бар.

Ал, әзірге Қаныш Имантайұлы туралы айтсам. Ол кісінің мұрасымен, дұрысы оның балалық шағы өскен Баянауыл өңі­рімен таныстығым 1991 жылғы археоло­гиялық экспедиция кезінде басталған еді. Ұлы тұлға тыныстаған ауамен тыныстау, оның отырған шоқысын көру, оның жүріп өткен жолдарымен жүрудің өзі – бір ғани­бет. Алғаш рет оның Баянауылдағы музейін де көрдім. Қаншама құнды дүниелер бар, әрине, Қаныш Имантайұлы тура­лы мектеп кезінен білемін, оқыдым, бірақ, оның тұтынған заттарын қолмен ұстап көру басқаша әсерде болатыны  сөзсіз.

Тиісінше, бұған дейінгі сапарларымда Үлкен Жезқазған (қазіргі Ұлытау облысы) мен Қаныш Сәт­баев тұлғасы тығыз байланыста екенін түсіндім, тіпті өңірдің дамуын Қаныш Имантайұлысыз елестетудің өзі  мүмкін  емес!

Тұлғаларымыз туралы айтқанда, әрине, Алаш арыстары, олардың арты­на қалдырған ізі еске түседі. Сол уақыттағы Қаныш Имантайұлы ниеттес тұлғаларды қараңызшы, нағыз ұлтқа қызмет  етушілер, мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының төл әліпби жасауды қолға алуы, Әлихан Бөкей­ханұлының «География», Xалел Досмұ­хамедовтің «Медицина», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовың «Психо­логия», Әлімхан Ермековтің «Математика», Мұхтар Әуезовтің «Құрылыс материалдары», Қаныш Сәтбаевтың «Алгебра» оқулығын жазуға кірісуі көп жайттан хабар берер. Қаныш Имантайұлы аталған кітапты 1924 жылы араб қарпімен жазып, 1929 жылы латын қарпіне көшіреді. Ол жөнінде «Академиктің рухани әлемі» атты мақаласында Әлібек  Әбдіреш  ағамыз  жазды.

«Мысты өңір» газетіндегі мақала­сында аталған ағамыз: «Қаныш Имантайұлы Семейде Абай кешін ұйым­дастыруға белсене қатысуы, А.Зат­аевичке қазақтың 25 әнін өзі айтып, нотаға түсіртуі, Баянауыл бөктерінде «Еңлік-Кебекті» қо­йып, спектакльде өзінің де ойнауы, Москва­да «Ер Едіге» дастанын кітап етіп  бас­тыруы, қазақтың тұңғыш теат­ры туралы мазмұнды мақала жазуы – атақ-даңқ қуғаннан емес, халқына пайдасын тигізу ниетінен туған талпыныс еді» дейді. Расында, осы жайттардың өзі оның сан қырын аша  түседі.

Сондықтан, әуелі Жезді кентіндегі музейден, оған дейін Қарсақпайдағы музей үйінен, кейін Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музейден әбден сусындаған маған Қаныш Имантайұлы тұлғасы тереңірек таныс бола түсті. Айтқандай, Ұлытау облысында кіруге сәті түспеген екі музейді айта кетсем, бірі – Ұлытау кентіндегі «Ұлытау» тарихи-мәдени және табиғи ұлттық қорық-музейі және Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтпаев атындағы тарихи-өндірістік  музейі.

Сонымен, Қаныш тұлғасы несі­мен қызық? Қазақстан ғылымының, оның ішінде, кен саласындағы оның көшбасшылығы айналып келгенде еліміздің тұтастай бір өңірінің дамуы­ның алғышарты болды. Бірақ, оның «елім-жерім» дегенін заяға кеткізгісі келгендер де болған. Өзі басқарған ұлттық Академия басшы­лығынан алынуы, оған дейін Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов сынды ұлт жанашырларының қатарында Қаныш­қа да «ұлтшыл» деген жала жабылуы – соның  дәлелі.

Әлібек Әбдіреш ағамыз мақаласында жазғандай: «1955 жылы ақталған Қ.Сәтбаев Академияның жұмысын жандандыру жолында тыным­сыз тер төкті. Бірқатар сала­лық ғылыми-зерттеу институтын ашты. Физика-математика ғылым­дарының, әсіресе, ядролық физиканың дамуына жете мән берді, ядролық физика институтының кешенді құрылысын бастап кетті. Биология, медицина, зоология, паразитология, адам физиологиясы, микробиология, вирусология, ботаника, археология, этнография, тіл, әдебиет, өнер, экономика, құқық, философия сала­сында ғылыми-зерттеуді жетілдіру үшін ғылыми институттар ашуды ұйым­дастыруға ұйтқы болды. Ғылымды өндіріспен байланыс­тыру мақсатында  ірі өндірістік орталықтар – Өскемен, Қарағанды, Атырауда салалық ғылыми-зерттеу институтын  ашты».

ҚАНЫШ  СӘТБАЕВ:  «КЕЙІНГІ  ҰРПАҚҚА  ДА  БАЙЛЫҚ  КЕРЕК  ШЫҒАР?!»

«Әсіресе, менің көкейімде мына екі жайт қатты қалып қойыпты. Бірінші, Ашаршылық жылдары Бая­науылдан тірі қалған 15-20 баланы көлікке тиеп алып келіп, оларды құтқарып қалады. Оқытты, тоқытты, қарасты, кейін олардың арасынан талай академик шықты. Соның бірі белгілі археолог Кемал Ақышев еді. Кемал ағамыз – алғашқы Алтын адамды тапқан кісі. Қаныш болмаса, Кемал болмас еді, Кемал болмаса, тарихымыздың жауһары Алтын адам табылмас еді. Айтқандай, Қаныш Имантайұлы «Амангелдінің батыр бабалары» атты мақаласында Амангелді Үдербайұлы Имановтың ата-бабасына тоқталып, оған арнайы мақала арнаған. Тағы бір қызығы, Жездідегі музейде Амангелдінің ағасы Бектепбергеннің көрігін көрдік. Азаттықтың ақ туын көтерген Амангелдіні қолдаған жұрты қазіргі Ұлытау облысы жеріндегі Дулығалы мешітінде ақсарбас берген еді. Бұл енді, тарихтан тәбәрік дейміз.

Екіншісі, Москваның тапсырма­сымен Қазақстанның жерасты қазба байлығы картасын жасағанда Қаныш Имантайұлы 4-5 ірі кенішті жасырып қалады. «Бұл қалай?» дегендерге: «Қаржыны, теxниканы көп қажет етеді. Оларды картаға кіргізуге әлі ерте» дейді. Ал, сыртқа сыр шашпайтын достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да байлық керек шығар?!» депті.

Расында, не деген зор тұлға, тіпті болашақты да болжап тұр ғой?! Ал, біз Қаныш тұлғасын толық таныдық па?

Иә, былтыр Қаныш Имантайұлының 125 жылдық мерейтойы өткен еді, аталған іс-шара барысында оның қызмет еткен Ұлытау өңіріне аяғымыз тиіп, жақсының шарапаты қаншама жұртты асырап отырғанына куә болдық!

Сапар аясында Қаныш Имантайұлының Қарсақпай кентіндегі музей-үйіне бардық. Жалпы, Ұлытау (Жезқазған) өңіріне оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін жоғарыда айттым. Музей жақсы екен, танымды. Өзі, оның отбасының тұтынған заттары бар. Ашаршылық жылдары Баянауылдан алып келген балалар Жездіде тәрбиеленген еді», — дейді өлкетанушы.

Кейіпкеріміз бұл тақырыптың әлі де ұзақ екенін айтып қалды. Жалпы, туризм тақырыбы – қашанда өзекті. Көбіміз «туризмді дамыту керек, инфрақұрылымды өйту керек, бүйту керек» дегеннен әрі аспай жатамыз. Негізінен, Қазақстанда тамашалайтын жер өте көп. Бір түсінгеніміз, ол жердің бәріне бірдей қолайлы жағдай жасау мүмкін емес. Тиісінше, кейбір жерлер сол қолжетімсіздігімен де құнды саналатындай…

Қорыта айтқанда, саяхатшымен әңгімеміз мұнымен біткен жоқ. Жалғасы  міндетті  түрде  болады.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: