Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстық семинар-тренинг өтті

30.05.2026, 11:25 27

Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында «Медиа және коммуникация: ақпаратқа жедел ден қою әдістері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараның мақсаты – ақпараттық саясатты жетілдіру, өңірдің ақпараттық бейнесін қалыптастыру, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы мемлекеттік саясатты халыққа насихаттау, мемлекеттік органдардың қоғаммен байланыс орнатудағы тиімділігін арттыру және дағдарыстық жағдайларда жедел ақпараттық әрекет ету тетіктерін талқылау.

Семинар-тренингке облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша, Өңірлік коммуникациялар қызметі және ақпараттық талдау орталығының директоры Гүлнұр Бүркітбаева, медиа саласының мамандары, облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары мен баспасөз хатшылары, қалалық, аудандық қоғамдық даму бөлімдерінің басшылары мен әкімдердің баспасөз хатшылары қатысты.

Жиын барысында ақпарат кеңістігіндегі өзекті тақырыптар көтеріліп, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.

Семинарда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы
Руслан Мұхамедәліұлы мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі міндеттері мен басым бағыттары жөнінде сөз қозғады.

Сонымен қатар, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша коммуникация саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғаммен байланыстағы рөлі, мемлекеттік органдардың медиамен байланысы туралы пайдалы ақпараттармен бөлісті.

Өңірлік коммуникациялар қызметі және ақпараттық талдау орталығының директоры Гүлнұр Бүркітбаева өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысы, брифинг ұйымдастыру ережелері, әлеуметтік желілермен жұмыс жасау және ақпараттық ден қою тетіктері жайында ақпарат берді.

Бұдан бөлек, жас блогер және PR-менеджер Мадина Болатханова контент-жоспар құру, әлеуметтік желіде аудитория қалыптастыру және тиімді стратегия әзірлеу бағытындағы тәжірибесін ортаға салды.

Жиын соңында қатысушылар медиа саласындағы заманауи тәсілдер мен тиімді коммуникация бағытында өзара пікір алмасып, тәжірибелік кездесудің ақпарат саласы мамандары үшін маңызды алаң болғанын атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: