Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитов Сунақата ауылдық округіндегі «Әмір» шаруа қожалығының егіс алқабында болып, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытындағы жұмыстарын көрді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Шаруа қожалығы биыл 40 гектар жерге күріш еккен. Сонымен қатар егісті әртараптандыру мақсатында күріш алқабының 14 гектарына қауын мен қарбыз орналастырылып, тамшылатып суару технологиясын қолдануда .
Қожалық төрағасы Ахтан Пиренов су үнемдеу технологиясының тиімділігін, бұл әдістің су шығынын азайтып, тыңайтқыш пен ылғалдың өсімдік тамырына тікелей жетуін қамтамасыз ететінін айтты. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып, еңбек өнімділігі жоғарылайды.

Аудан басшысы мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізген шаруашылықтарға қолдау көрсетілетінін, жұмсалған шығынның 80 пайызына дейін инвестициялық субсидия қарастырылғандығын айтып өтті.
Сондай-ақ, мұндай жобалардың маңызы зор екендігін айтып, шаруашылықтың оң тәжірибесін кеңінен насихаттауды тапсырып, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы бастамаларды жан-жақты қолдау қажеттігін жауапты орынбасары мен бөлім басшысына жүктеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!