Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ата, құшақтамаңыз!

30.05.2026, 12:35 35

 HALYQLINE.KZ

Вайпайбек көшеде келе жатқан еді, кенет интернеті өшті де қалды. Қала бойынша өшкен соң, тірлік оңа ма, ол үйіне келе жатып адасып қалды. Тіпті жүрісінен шатасып қалды. Бір жүргіншіден:

– Кешіріңіз, біздің үй қайда екен? — деп сұрады.

– Е, мен қайдан білейін?

– Адасып қалдым.

Әлгі кісі тоқтай қалып, жас жігітке таңғалып қарады.

– Қай жақтан келіп едің?

– Үйден шыққанмын ғой.

– Жоқ, бір ауылдан қыдырып келген жоқсың ба?

– Жоқ, үйден шығып, саябақта кездесетін қызыма жолығайын деп келгенмін. Саябақты да таппай қалдым.

– Сенің есің дұрыс па?

– Дұрыс.

– Осы қалада бұрыннан тұрасың ба?

– Бұрыннан. Тек интернетпен, локациямен, ТикТокпен, Инстамен жүретін едім…

– Интернетсіз өмір сүре алмайтын жастар-ай! — деген кісі басын шайқап, кетіп қалды.

Вайпайбек анасына телефон соғайын деп еді, интернетсіз ештеңе өнбеді. Сосын ол қайтадан саябаққа барғысы келді. Адасып жүріп әрең тапты. Сөйтсе, саябақ саябақ жақта екен ғой! Бірақ ол жерге жеткенше интернет жоқ болғандықтан, қатты қайғырып, арада елу жыл босқа өтіп кеткендей қартайып барды. Сақал-мұрты өсіп кеткен, көзінің нұры «көшіп» кеткен. Қалт-құлт етіп келе жатты. Тіпті бір сағаттың ішінде солай болды! Саябаққа келсе, сүйіктісі Айда күтіп отыр екен.

– Сәлем Айда! Смайликтер деген қайда? Күтіп қалдың ба? — деп құшағын жая берді. Қыз ақсақалды көріп шошып кетті.

– Ата, құшақтамаңыз!

– Айда, жаным сол!

– Ата, сүймеңіз!

– Ойбай, не, мені ұнатпай қалдың ба?

– Ой, ата, сізге не болды?

– Ата, ата дейсің. Өзіңе не болды?

Ол қызды сүймек болып, ұмытыла бергенде, қыз айғайлап жіберді:

–Көмектесіңдер! Мына ақсақал романтик емес, маньяк сияқты!

Екі полицей жетіп келіп, ақсақалдың қолын қайырып, бөлімшеге алып кетті. Ал сүйіктісі «Вайпайбек неге кешікті?» деп сол орында қалып кетті. Әлі күтіп отыр. Интернет әлі қосылмаған еді. Күте-күте өзі де кемпір болып кетті.

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: kulturologia.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: