Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зейнет демалысына шығарып салды

02.06.2026, 15:00 52

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Жиында облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы қызметін атқарып келген Марат Құрманбаевты әріптестері құрметпен зейнет демалысына шығарып салды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы Марат Ердәулетұлының мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы жемісті еңбек жолына тоқталып, өңірдің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.

«Аймағымыздағы әскери бөлімдердің инфрақұрылымы жаңартылып, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жүйеленді. Бұл жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырудағы Марат Ердәулетұлының өзіндік қолтаңбасынерекше атап өтуіміз қажет», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Құрманбаев Марат Ердәулетұлы еңбек жолын өндіріс саласында бастап, кейін қоршаған ортаны қорғау және мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарды.

2013-2024 жылдары Қызылорда және Жамбыл облыстары бойынша экология департаментін, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарды. 2024 жылдан бері облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы қызметінде болды.

Облыстық экология департаментін басқарған кезеңде қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемақылар есебінен бюджетке жоспардан тыс 64 млрд теңгеден астам қаржы түсуіне ықпал етті. Құқық қорғау және қорғаныс саласындағы уәкілетті органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде террористік тұрғыдан осал объектілердің аумақтық тізбесі жаңартылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жаңғыртылды.

Соңғы жылдары Арал және Жалағаш аудандарындағы қорғаныс бөгеттері қалпына келтіріліп, тұрғындарды төтенше жағдай туралы дер кезінде хабардар ету мақсатында 124 елді мекенде сиреналық қосылу құрылғылары орнатылды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары тіркелген елді мекендер залалсыздандырылды.

Басқосуда Марат Ердәулетұлына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, дәстүрге сай құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ аймақ басшысы 2024 жылдан бері «ҚазГерМұнай» ЖШС бас директоры қызметін атқарған Зияш Қияқбаевқа басқа қызметке ауысуына байланысты алғыс білдіріп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

Жиында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының шешімімен «ҚазГерМұнай» ЖШС бас директоры лауазымына тағайындалған Ерсейіт Жолмырзаұлы Қайыпов таныстырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: