Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент саябағында Бірлік күніне арналған мерекелік шара өтті

01.05.2026, 14:10 47

Бүгін Қызылорда қаласындағы Президент саябағында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік. Достық. Береке» атты мерекелік шара өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары мен жас суретшілердің шығармашылық туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ гүлдер мен құстар фестивалі келушілерге ерекше әсер сыйлап, саябаққа жиналған көпшіліктің мерекелік көңіл-күйін арттырды.

Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов тұрғындарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел ішіндегі татулық пен келісімді нығайтудағы маңызына тоқталды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар жемісін беруде. Соның бір айғағы – Президент саябағы. Бұл орын қызылордалықтардың жиі келіп, жан сергітетін жайлы мекеніне айналды. Алдағы күндері осы аумақта жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін балалар тынығу лагері мен Ботаникалық бақ пайдалануға беріледі. Білім мен тәрбие, таным мен тағылым ұштастырылып, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік ұсынылады, – деді қала әкімі.

Нұржан Ахатовтың айтуынша, Бірлік күні – халқымыздың рухани және жасампаз құндылықтарын дәріптейтін, ынтымақ пен достықты бекемдейтін мереке.

– Ұлт даналығында «Ырыс алды – ынтымақ» деген тағылымды сөз бар. Расында, ынтымаққа ұйысқан жерде ырыс жүреді. Ырысымыз тасыса, ел еңсесін тіктейді, мемлекеттің мерейі үстем болады. Қастерлі Қазақстанымызда бірлік ұғымы әркез бірінші орында. Барлық этнос өкілдері еліміздегі игіліктерге тілекші. Бүгінде Сыр бойындағы 30-дан астам этнос өкілі өңірімізді өркендету жолында түрлі салаларда еселі еңбек етіп, аймақ дамуына атсалысып келеді. Облысымызда 11 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық құрылым табысты жұмыс жүргізуде, – деді ол.

Қала әкімі мереке қарсаңында тұрғындарға денсаулық, отбасыларына амандық тілеп, елдің бірлігі мен тәуелсіздігінің тұғыры берік болсын деген ізгі лебізін жеткізді.

Мерекелік шарада этнос өкілдері өнер көрсетіп, көрермендерге ән-жырдан шашу шашты. Сахнада орындалған патриоттық шығармалар қоғамдағы бірлік, достық пен татулық құндылықтарын дәріптеді.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен «Достық үйінің» жаңа ғимаратының іргетасы қаланған болатын.

Аймақ басшысының қолдауымен нысан биыл пайдалануға беріліп, онда V Ұлттық құрылтай өтті. Бүгінде «Достық үйі» қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын маңызды рухани-мәдени орталыққа айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: