Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерейтойымен құттықтады

09.09.2026, 15:25 57

HALYQLINE.KZ

Бүгін шаһар басшысы Нұржан Ахатов «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», еңбек ардагері, Тасбөгет кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Молдашұлын қабылдап, 80 жас мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

«Сыр бойы еңбегімен елге сыйлы, ел басқару ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған абзал азаматтар мен ардақты тұлғаларға кенде емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарған ел ағалары мен ақ жаулықты аналарымыздың ерен еңбегі, мемлекетімізге қалтқысыз еткен адал қызметтері – біздерге қашанда үлгі-өнеге. Бүгін міне, қаламыздың өркендеуіне елеулі үлесін қосып, халықтың игілігі жолында абыройлы қызмет атқарған ардақты ағамыз Рамазан Молдашұлы мерейлі 80 жасқа толуда. Құрметті Рамазан Молдашұлы, Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!», — деді Нұржан Сәбитұлы.

Мерейтой иесіне Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты – «Құрмет грамотасы» табысталып, дәстүрге сай сый-құрмет көрсетілді. Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев және зиялы қауым өкілдері ізгі тілектерін білдірді.

Рамазан Молдашұлы Қызылорда агроөнеркәсіп инженерлері институтын бітіріп, құрылыс-инженері мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын «ҚызылордаСельстрой» тресіне қарасты №1609 ЖМК-да, «Бірінші май» учаскесінде тас қалаушы, шебер, прораб, учаске бастығы, кәсіпорын директоры, ауылдық кеңес депутаты қызметтерін абыроймен атқарған. 1996-2010 жылдар аралығында Тасбөгет кентінің әкімі қызметін атқарып, зейнет демалысына шыққан.

Тасбөгет кентін басқарған жылдары Рамазан Молдашұлының бастамасымен 53 шақырым ауызсу және 30 шақырым кәріз желілері тартылып, кент толығымен газдандырылды. Сонымен қатар, 2 кәріз сорғы станциясы күрделі жөндеуден өткізілді. Білім саласына да ерекше көңіл бөлініп, оның басшылығы кезеңінде №257 орта мектептің құрылысы жүзеге асырылды.

Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбеген ол 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Тасбөгет кенті ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді. Бүгінде ардақты ардагер ауылдың бірлігі мен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне белсене араласып, елдің сый-құрметіне бөленіп отыр.

Жұбайы Әлия Аманова – ардагер-ұстаз. Отбасында екі ұл, үш қызды тәрбиелеп өсіріп, немере-шөберелердің қызығына кенеліп отырған әулет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: