Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Конституция – тұрақтылық кепілі

27.08.2022, 11:35 176

HALYQLINE.KZ

Нартай Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрында 30 тамыз – Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп жатыр. Сахна салтанатты безендіріліп, іс-шара ҚР Мемлекеттік Туын алып шығумен басталып, ҚР Гимні орындалды.

– Конституция – қағаз жүзіндегі құжат емес, ол – елдің, халықтың, әрбір азаматтың өмір сүру ережесі, мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, халықаралық кеңістікте ұдайы өркендеуін қамтамасыз ететін негіз.

1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заң халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен саяси тұрақтылықтың кепілі болғаны белгілі.

Тәуелсіздік жылдарында құқықтық жүйенің тиімділігінің арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда әлеуетті табыстарға қол жеткізіп, іргелі мемлекеттер қатарына қосылды. Ел Конституциясы Қазақстанның табыстылығы мен одан әрі өркендеуінің нышанына айналды, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Іс-шара барысында мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы мен Ұлттық хирургия орталығының директоры Болатбек Бимендіұлына «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы табысталды.

Жандарбек Мәлібекұлы – Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында өзіндік үлесін қосып, Мемлекеттік нышанның бірі Елтаңбаның авторы ретінде танылған бірегей сәулетші. Еуразия ұлттық университетінің профессоры, еліне қалтқысыз қызметі үшін «Құрмет» және «І дәрежелі Барыс» орденінің иегері атанды. Жандарбек Мәлібекұлы биыл 80 жаста.

Баймаханов Болатбек Бимендіұлы – «Денсаулық ісінің үздігі», «Алтын дәрігер» төсбелгілерінің иегері, «Құрмет» орденімен наградталған білікті дәрігер, ғалым, медицина ғылымының докторы, профессор, жоғары санатты хирург, қоғам қайраткері, 200-ге жуық ғылыми-тәжірибелік мақаланың авторы. А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығының директоры. Ол биыл 60 жасқа толып отыр.

Айта кетейік, Елтаңба авторы облыс әкіміне ЕЛТАҢБА бейнесіндегі арнайы сый жасады.

Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: