Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Барлығы асыға күтетін ерекше мереке

08.03.2021, 9:30 423

Аяулы аналар, қадірлі қыз-келіншектер

Бар тіршілік иесі қытымыр қыстың қаһарынан босайтын жайдары мезгілде келетін 8 наурыз – біздің жүрегімізге ананың аялы алақанындай нұр сыйлайтын, жылы жүрегіндей мейірім төгетін, барлығымыз асыға күтетін ерекше мереке.

Адамзат баласы үшін ең қадірлі Анаға деген құрмет – біздің ұлттық болмысымызға сіңген асыл қасиеттердің бірі.

Ғаламға ғұмыр сыйлап, тіршілік нәрін беретін Ана мен табиғатты түлетіп, жаратылыс атаулыны жандандыратын көктем егіз ұғым секілді.

Әрбір қоғамның дамуы қоғамның әйелге деген көзқарасының деңгейімен бағаланады. Ал, асыл ана, аяулы қыздарды құрметтеудің бай дәстүрі біздің халқымыздың тарихында көп кездеседі.

Қайсарлық пен батырлықтың символы – Тұмар, Зарина ханшайымдар, ақыл мен даналықтың үлгісі – Бегім, Зере, Ұлжан аналарымыз, сұлулық пен ибаның үлгісі – Қыз Жібек, Баян сұлулар, ерлермен бірдей ел қорғаған ерліктің үлгісі – Әлия, Мәншүк, Хиуаздар, ерен еңбектің үлгісі – Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаевалар біздің ұлттық құндылықтарымызға айналды.
Қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігін өмірде – нәзік, қызметте – жауапты, жұмыста жігерлі, істе – ілкімді әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес.
Сыр елі әйелдерінің басым көпшілігі халыққа етене жақын білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет секілді салаларда жұмыс істейді. Яғни, қоғамның бүгінгі саулығы мен көңіл-күйі де, оның келешегі мен рухани келбеті де арулардың қолында.

Биыл біз ең қымбат қазынамыз – тәу етер тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз.

Ұлт ұлағатының жас ұрпаққа жетіп, салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымыздың қаймағы бұзылмай сақталуының өзінде аналарымыздың аялы алақанының ізі жатыр екен. Олай болса, Тәуелсіз еліміздің тұғырының нық, шаңырағының берік, халқының берекелі болуында Сіздердің әрбіріңіздің үлестеріңіз мол.

Әрбірімізге әдемілік пен нәзіктікті, әсемдік пен сұлулықты сыйлайтын бұл мейрам өміріміздің сән-салтанатына айнала берсін!

Баршаңызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, баянды бақыт, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын, Сырдың аяулы арулары!

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қызылорда облысының әкімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: