Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал қаласының 95 жылдығы атап өтіледі

22.09.2022, 9:00 790

HALYQLINE.KZ

Аудан әкімі С.Сермағамбетовтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Онда Арал қаласының 95 жылдығын мерекелеу туралы қаралды.

Жиында төрағалық еткен Серік Сағитжанұлы Арал қаласының мерейтойын атап өту жоспарға сәйкес жоғарғы деңгейде өту қажеттігін айтты.

Күн тәртібі бойынша баяндама жасаған аудан әікімінің орынбасары Еркін Әбішев мерекелік шараларды жүзеге асырудың желілік кестесін таныстырды.

«Мерейтой аясында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Арал қаласының 95 жылдығына орайластырылған облыстық жазба ақындар мүшәйрасы, Әбілхан Махановтың 100 жылдығына орай «Аралым – айдын шалқарым» атты республикалық ақындар айтысы, Нұртуған Кенжеғұлұлының 135 жылдығына орай «Мырзастан шыққан шайырлар» атты облыстық термешілер байқауы және барлық кітапханаларда кітап көрмелері өткізіледі.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен «Шұбат Party», «Бауырсақ Party», «Құрт Fest», «Ірімшік Fest» және қауын-қарбыз көрмесін ұйымдастырады. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мереке қарсаңында ат бәйгесін, оның ішінде тай жарысы, құнан бәйге, тоқ бәйге, аламан бәйгесін және қазақ күресінен республикалық жарысты өткізеді»,- деді Еркін Жұмаханұлы.

Осы мерейтой «Балықшылар слеті» мен «Повольже тұрғындарына 14 вагон балық жөнелткен бабалардың қайырымдылығына 100 жылдық» іс-шарасымен сабақтасады. Сондықтан да, барлық іс-шараны жоспарға сай жоғарғы деңгейде өткізу қажет.

– Атакәсібіміз балық өнімдерінен әзірленетін тағамдар сайысы да іс-шараның үлкен бір бөлігіне айналу керек. Бұл мерейтой аясында тазалыққа да баса мән беріп, үздік аула, үздік көше іс-шаралары да белгіленген межеде өткізілсін. Мерекелік іс-шара шеңберінде аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, атаулы күн қарсаңында пайдалануға берілетін білім беру, әлеуметтік нысандарды уақытылы аяқтауды тапсырамын ,- деді аудан әкімі Серік Сағитжанұлы.

Айта кетейік, Арал қаласының 95 жылдығына арналған негізгі іс-шаралар қазан айының 7-сінен басталып 23-іне дейін жалғасып, гала концертпен қорытындыланады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: