Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақын атына көше берілді

29.10.2022, 18:51 391

Биыл есімі елімізге белгілі ақын, Қазақстан және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Жетіскен Мәкеналының дүниеге келгеніне 70 жыл толып отыр. Сыр өңірінің рухани-мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік дара қолтаңбасы қалған тұлғаның мерейтойына орай Жетіскен Мәкеналының атына көше беріліп, ақынның есімі ұлықталды. Көшенің ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, қоғам қайраткері, Арал, Қазалы және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, туыстарының атынан Рахман Жұмағамбетовтер құттықтау сөз сөйлеп, ардақты азаматтың болмыс-бітімі туралы естеліктер айтып берді.Ардақты азаматты ұлықтауға арналған шара Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Нұрлы ғұмыр» атты әдеби-сазды кешке ұласты.Тағылымды шарада Жетіскен Мәкеналының бала шағынан бастап еңбек жолынан ерекше қойылымдар қойылды.Аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп орындаса, өнерпаздар Жетіскен Мәкеналының сөздеріне жазылған әндерін әуелете шырқады.Әдеби-сазды кеште аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов құттықтау сөз сөйледі.

– Жетіскен Мәкеналыны ел-жұрт бүкіл саналы ғұмырын халықтың мәдениет пен әдебиет саласына арнаған, қарапайымдылығымен және әділдігімен танылған айтулы да бетке ұстар ірі азамат ретінде жақсы біледі. Ол Қазалының маңдайына біткен ардақты ақын, жақсы адам, аяулы дос, ұлағатты ұстаз, адал жар, ғажап әке, халық азаматы бола алды.

Қазақта «Ақын болу – өз еркің, азамат болу – міндетің» деген сөз бар. Жетіскен Мәкеналы осы сөзді жете түсінген ақын. Жүзінен жылы леп есіп тұратын Жетіскен ағаның адамдық ізгі қасиет, ұлттық рух, азаматтық болмыс терең бейнеленген шығармашылығы оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланып, көпшіліктің сүйікті ақыны болды. Жетіскен Мәкеналы ауданның мәдениет саласын да басқарды. Мәдениет үшін ең қиын жылдар – сындарлы кезең Жетіскен ағаның басшылығымен өтті. Бұл қызметте іскер басшы, табанды тұлға болып қана қоймай, қарбаласы мол жұмыстың ұйымдастырушысы ретінде танылды. Түптеп келгенде, Жетіскен Мәкеналы мәдениет саласының ең жанашыр тұлғасы бола білді. Саладағы еселі еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағын иеленді. Жетіскен Мәкеналы, сондай-ақ өлке тарихын зерттеуде де көп еңбек етті. Оның туған жерге деген перзенттік ықыласынан туған ақжарма жырлары ақын шабытының байрағы іспеттес. Ел мен жер тарихы жайлы «Ортаймаған қазаны – Қасиетті Қазалы», «Асандар көтерілісі», «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы», «Ғани тағылымы» жинақтарын құрастырды. «Нұрбай би», «Ел мен Ер» прозалық кітаптары мен «ХХІ ғасырға аманат», «Тағдырмен тілдесу» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарды.

Халқымызда «артыңда жақсы із қалсын, кейінгі ұрпақ, жұрағатың айта жүрер іс қалсын» деген қанатты сөз бар. Расында, Жетіскен Мәкеналының артынан өлмес мұра қалды. Әдебиет пен қасиетті сөз қалды. Сондықтан кең пейілді, үлкен жүректі адами абзал қасиеттерді ешбір шашау шығармай, өмірлік серік еткен Жетіскен Мәкеналының азаматтық тұлғасы халықтың жүрегінде сақталатынына кәміл сенемін, – деген Дәурен Оңғарбайұлы ақынның жары Марияш Мардановаға аудан әкімінің «Құттықтау хатын» табыстап, иығына қазақы камзол кигізді.

Көпшілікке арналған әдеби-сазды кеш ауданның гимніне айналған «Қазалы вальсі» әнімен аяқталды. Рухани іс-шара басталмас бұрын аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері Жетіскен Мәкеналының 70 жылдығына орай кітап көрмесін ұйымдастырып, қаламгердің кітаптарын елге таныстырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: