Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар жұмыссыз, жүйе жүгенсіз

30.04.2026, 7:20 55

Жыл  сайын  жұмысшы  аренасының қоржыны  қанша  кадрмен  толығып  жатыр? Тіпті мектепті «алтын белгімен», университетті немесе колледжді «қызыл дипломмен» аяқтап шыққандар бар. Бірақ бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді. Олардың нарыққа ілесуі тым қиын әрекетке айналды. Ал оқуын аяқтағанның көбі басқа саладан «нан іздеп» кететіні тағы бар. Жұмыс жоқ дей алмаймыз, жүйе жүгенсіз секілді. Ресми есептерге қарасаңыз, жағдай аса ауыр емес сияқты көрінеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы 15-34 жас арасында жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайыз болған. 2024 жылы да осы көрсеткіш 3,1 пайыз, 2023 жылы 3,5 пайыз болған. Бір қарағанда, жастар жұмыссыздығы азайып келе жатқандай әсер қалдырады. Бірақ осының қасында тағы бір статистика менмұндалап тұр. 2025 жылдың соңында жұмыспен де, оқумен де, кәсіби даярлықпен де айналыспайтын NEET жастарының үлесі 5,8 пайыз болған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 6,5 пайыз еді. Демек, мәселені тек «жұмыссыздық пайызы» арқылы өлшеу шындықты толық бермейді. Көп жас күнкөріс үшін бірдеңе істеп жүргенімен, өзіне лайық тұрақты кәсіби жолын әлі таба алған  жоқ. Неге? Шағын  ізденіс  жасап  көрейік…

Бұл қайшылық біраз сауалдың бетін ашады. Егер ресми жұмыссыздық соншалық төмен болса, неге жастар арасында тұрақты жұмыс таба алмау туралы шағым сонша көп? Жауаптың бір ұшы «жұмыс бар ма, жоқ па?» деген сұрақта емес, «қандай жұмыс бар?» деген жерде жатыр. Өткен жылы Қазақстанда 1,3 миллионнан астам бос жұмыс орны жарияланған. Ең үлкен сұраныс денсаулық сақтау, білім беру және көлік салаларына түскен. Бірақ Астана Times агенттігі келтірген дерекке қарағанда, жұмыс іздеушілердің ең жиі таңдаған бағыттары басқа, олардың қатарында бухгалтер, жүргізуші, балабақша тәрбиешісі, заңгер мамандықтары бар. Яғни нарықтағы  сұраныс  пен  жастардың  дайындығы, таңдауы және күткені бір-біріне дөп келе бермейді. Осы жерден диплом мен еңбек нарығы арасындағы алшақ­тық  анық  көрінеді.

Қазақстандағы басты түйіннің бірі де – осы. ЖОО мен колледждер маман дайындайды, бірақ еңбек нары­ғы сол маманның бәрін бірдей күтіп отырған жоқ. Электронды еңбек биржасының 2023-2030 жылдарға арналған ортамерзімді кадр сұранысы болжамында елге ең көп қажет болатын жалдамалы қызметкерлер білім беру, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында екені көрсетілген. Білім беру саласының өзіне 380 мың адам қажет болады деген болжам бар. Саудаға 206,9 мың, ауыл шаруашылығына 175,2 мың адам керек деп есептелген. Бұл – өте маңызды сигнал. Себебі жастардың көбі сәнді, кеңсе типіндегі, мәртебелі көрінетін мамандықтарға ұмтылады, ал нарық көбіне мүлде басқа бағыттарда  адам  сұрап  отыр.

Демек, мәселе тек жұмыс орнының жетіспеуінде емес, еңбек нарығының құрылымында да жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жылдары жұмысшы мамандықтары мен техникалық кадр тапшылығы туралы қайта-қайта айтуы да тегін емес. Мемлекет колледждерге грантты көбейтіп, дуалды оқыту­ды кеңейтіп, кәсіпорын тапсырысымен даярлау­ды күшейтіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы дерегіне қарағанда, дуалды жүйеге 11 мыңнан астам кәсіпорын, 138 мың студент тартылған. 43 мыңға жуық студент кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқып жатыр. Министрлік 2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен дуалды оқуды аяқтаған 30 мыңнан астам түлектің 71 пайызы жұмысқа орналасқанын хабар­лады. Бұл жақсы нәтиже сияқты көрінеді. Бірақ осы жақсы нәтиженің өзі нені аңғартады? Жас маман оқу кезінде нақты өндіріс орнымен байланысса, жұмыс табу мүмкіндігі өседі. Ал байланыс жоқ жерде дипломның  өзі  автоматты  түрде  жұмысқа  апармайды.

Қағаз жүзінде жастарды жұмысқа тартатын бағдарламалар бар. Өткен жылы мансап орталықтары арқылы субсидияланатын жұмыс орындарына 137 мың адам жіберілген, соның 12,6 мыңы – жастар практикасына, 3,5 мыңы «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысқан. 2026 жылы «Жастар практикасы» аясында 25 мың жасты қамту жоспарланғаны да айтылды. Бірақ бұл бағдарламалар жас маманға алғашқы мүмкіндік бергенімен, оның бәрі бірдей тұрақты жұмысқа айналып кетпейді. Мәселенің өзегі сонда, уақытша жоба мен өмір бойғы кәсіби орнығу – екеуі  екі  бөлек  дүние.

Жастардың тұрақты жұмыс таба алмауының тағы бір себебі – тәжірибе тұзағы. Көп жұмыс беруші жас маманнан бірден дайын кадр болуды күтеді. Бірақ жаңа бітірген түлекте қайдан тәжірибе болсын? Солай еңбек нарығында кереғарлық қалыптасады, жұмысқа кіру үшін тәжірибе керек, тәжірибе жинау үшін жұмыс керек. Мұны халықаралық сарапшылар да атап көрсетіп отыр. Дүниежүзілік банктің 2026 жылы жарияланған Қазақстан жөніндегі «Jobs and Prosperity» есебінде елдегі шектеуші факторлардың қатарында дағдылар сәйкес еместігі, NEET жастарының салыстырмалы жоғары деңгейі және алғашқы рет жұмыс іздеп жүрген жастардың «еңбекке қажет дағдылар мен желілердің» жетіспеуі аталған. Есеп авторлары мәселені тек біліммен емес, желі, байланыс, жұмысқа өтудің тетіктері арқылы да түсіндіреді. Яғни жас маманға кейде дипломнан бұрын орта, таныстық, менторлық, тәжірибе керек  болып  тұр.

Бұл пікірді Дүниежүзілік банктің Қазақстанға арнал­ған тағы бір көлемді еңбегі күшейтеді. 2024 жылы шыққан «More, Better and Inclusive Jobs in Kazakhstan» құжатында «vertical and horizontal skills mismatches» сапа­лы жұмыс орындарын құруға да, сол жұмысқа қол жеткізуге де кедергі келтіретіні жазылған. Құжатта дағды мен сұраныс арасындағы алшақтықты азайту үшін еңбек нарығы туралы ақпарат жүйесі тиімді жұмыс істеуі керек екені, ол жұмысшының қабілетін сұраныспен сәйкестендіріп қана қоймай, болашақ маман­дарға қай дағды керек болатынын алдын ала көрсетуі тиіс екені айтылады. Қазақстандағы қазіргі әлсіз жердің бірі де осы, мектептен бастап балаға «қай сала өседі, қай сала тарылып барады, қай дағды ертең ақша әкеледі?» деген  кәсіби бағдар  аз  беріледі. Ал мемлекеттік мектепте мұндай қызмет мүлде болмайды. Қанаты енді қатайып келе жатқан жасөспірім болашағын бірден айқындап алады дегенге кім сенеді? Заманға қарай, жаңа мамандарды  мектепке  тарту  қажет.

Еңбек нарығындағы тағы бір үлкен мәселе – сапалы жұмыс  пен жай жұмыстың арасы. Ресми түрде жұмыс­пен қамтылды дегеннің бәрі тұрақты әрі лайықты жалақы­сы бар қызмет деген сөз емес. Ұлттық статис­тика бюросы 2025 жылы барлық жұмыспен қамтылған халықтың 23 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екенін көрсетті. Дүниежүзілік банк бұл жөнінде бұдан да «өзін-өзі жұмыспен қамтудың едәуір бөлігі осал әрі сапасы төмен жұмыспен байланысты, ал бейресмилік еңбек стратегиясындағы ең маңызды проблемалардың бірі болып қала береді» дейді. Басқаша айтқанда, ресми статистикада адам «жұмыспен қамтылған» болып көрінуі мүмкін, бірақ оның табысы тұрақсыз, әлеуметтік кепілдігі әлсіз, мансаптық өсуі жоқ болуы ықтимал. Осындай жағдайда жастар «жұмыс таптым» дегенімен, «орнықтым»  деп  айта  алмайды.

Жалақы мәселесі де жастардың тұрақсыздығын күшей­теді. Қазақстанда орташа жалақы туралы айтыл­ғанда сұмдық сандар жүреді, бірақ еңбек нарығына жаңа кірген жасқа ұсынылатын нақты айлық көбіне әлде­қайда төмен. Астана Times агенттігі 2025 жылғы дерекке сүйеніп, үміткерлердің күткен жалақысы 199 мыңнан 308 мың теңгенің аралығында болғанын жазды. Ал жұмыстың тұрақтылығы, жалдамалы пәтер, жолақысы, күнделікті тіршілік шығыны қосылғанда бұл ақша үлкен қалада ұзаққа жетпейді. Сондықтан жастар кейде бір жұмыста тұрақтамай, табысы сәл жоғары жерге көшіп, одан да көңілі толмаса қайта ауысып жүреді. Мұны бірден «жауапсыз­дық» деп кесіп айту оңай, бірақ мәселенің экономикалық  жағын  көрмей  болмайды.

Жұмыс берушілердің өзі де жаңа буынмен жұмыс істеу оңай  еместігін  ашық  айта  бастады. hh.kz 2025 жылы Қазақстандағы 150-ден астам жұмыс берушіге сауалнама жүргізіп, мынадай қорытынды жариялаған. Респонденттердің  73  пайызы зумерлер «өз орнын» іздеп, жұмысты жиі ауыстырады деген, 51 пайызы стреске төзімділігі төмен деген, 41 пайызы икемділік пен баланс тұрақ­тылықтан да маңызды деп санайтынын көрсеткен. Сол зерттеуде жұмыс берушілер зумер­лермен тиімді жұмыс істеуге «нақты нұсқаулық», «тәлімгерлік», «ашық әрі сыйлас­тыққа құрылған қарым-қатынас» қажет екенін де атап өткен. Бұл дерек жастардың бәрін кінәлау үшін емес, еңбек қатынастарының өз табиғаты өзгеріп жатқанын түсіну үшін маңыз­ды. Бүгінгі жас буын тек айлық үшін емес, жұмыс ортасы, икемділік, мағына, мойындау үшін де жұмыс таңдайды. Ал дәстүрлі жұмыс берушілердің бәрі бірдей мұндай мәдениетке дайын  емес.

Сонда кінә кімнен? Университеттен бе, жұмыс берушіден бе, мемлекеттің саясатынан ба, әлде жастардың өзінен бе? Шындық сол, мәселе бір ғана тараптан туындап тұрған жоқ. Университеттердің бір бөлігі әлі де еңбек нарығына емес, диплом беруге көбірек жұмыс істейді. Жұмыс берушілердің бір бөлігі жастарды үйретуге емес, дайын кадр алуға ғана бейіл. Мемлекет бағдарламалар ұсынады, бірақ олардың бәрі ұзақмерзімді орнығуға кепіл бола алмайды. Ал жастардың бір бөлігі нарықтағы сұранысқа емес, сыртқы беделге қарап мамандық таңдайды. Осы төрт фактор бір жерге тоғысқанда, жастар диплом алып шыққанымен,  тұрақты  жұмысқа  тез  іліге  алмайды.

Мұның үстіне өңірлік теңсіздік те бар. Қазақ­станда  сапалы жұмыс орындары география бойын­ша біркелкі бөлінбеген. Дүниежүзілік банктің бұрынғы да, кейінгі де зерттеулері елде spatial mismatch, яғни адамдар мен жұмыс орындарының сәйкес келмеуі барын көрсетіп келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бір өңірде жас көп, бірақ сапалы жұмыс аз, екінші өңірде жұмыс бар, бірақ оған жету үшін  көшу, пәтер, әлеуметтік бейімделу керек. Ауылдан шыққан жас үшін бұл тек кәсіби емес, тұрмыстық кедергі де. Сондықтан «жұмыс бар ғой» деу – кейде  Астана  мен  Алматының көзімен сөйлеу ғана. Өңірдегі жас үшін тұрақты жұмыс табу мүлде басқа күреске  айналып  барады.

Қазір еңбек нарығының өзі де өзгеріп жатқанын байқаймыз. Цифрландыру, жасанды интеллект, авто­маттандыру, икемді жұмыспен қамту үлгілері бұрын тұрақты саналатын кей мамандықты әлсіретіп, жаңа дағ­ды­ларға сұраныс­ты күшейтті. Enbek платфор­масындағы жаңа кәсіптер атласы бойын­ша сарапшы Олжас  Анафин өткен жылғы пікірінде Қазақ­станның еңбек нарығы «цифрландыру, жасыл экономикаға көшу және демографиялық қысым» жағ­дайында түбегейлі өзгеріп жатқанын айтқан. Яғни, бүгінгі жас тек мамандық иесі болып қана қоймай, үнемі қайта үйренетін, бейімделетін, бірнеше дағдыны қатар меңгеретін адамға айналуы керек. Ал біздің білім беру жүйесі мен кәсіби бағдар беру институттары соған қаншалық дайын? «Әй, қайдамның»  кері  осында  басталады…

Аз-кем шешім ұсынып көрейік. Мәселені шешу үшін ең әуелі жастар жұмыссыздығына тек пайыз арқылы қарауды тоқтату керек. Негізгі өлшем «қанша жас жұмыс тапты?» емес, «қанша жас мамандығына сай, әлеуметтік кепілдігі бар, өсу перспективасы бар, жалақы­сы  өмір сүруге жететін жұмыс тапты?» деген сұрақ болуы тиіс. Екіншіден, мектептен бастап кәсіптік бағдар беру формалды тест емес, нақты нарықпен байланысқан жүйеге айналуы керек. Үшіншіден, ЖОО мен колледждің көрсеткіші тек диплом саны емес, түлектің 1-2 жылдан кейінгі орнығу сапасымен өлшенуі қажет. Төртіншіден, жұмыс берушілерге жас маманды үйрету шығыны емес, инвестиция екенін түсіндіретін ынталандыру тетіктері керек. Бесіншіден, өңірдегі жастарға сапалы жұмысқа жету үшін көшу, тәжірибе, тағылымдама, жалдамалы баспана, алғашқы  айлыққа  дейінгі  тірек  құралдары  қажет.

Бір байқағанымыз, диплом бір бөлек, нарық басқа жақта. Екеуінің іздегені де, тапқаны да екі түрлі. Бір жақ тәжірибесіз жасқа мүмкіндік күтеді, екінші жақ тәжірибелі жас маман сұрайды. Осы мәселе шешілмейінше, айтқанымыз – айтқан. Айтушылар көп, енді  әрекет  ететіндер  артса  дейміз.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллажды  жасаған  автор.


— Жастардың жұмыс орнын жиі ауыс­тыратынын білесіз, оған қандай дүние әсер етіп жатыр? hh.kz қызметіне жүгінетін жастарға тағы қандай зерттеу жүргізіп көр­діңіздер, нәтиже  қандай  болды?

— Енді осы орайда жастардың жиі жұмыс ауыстыруы туралы айтсақ. Қазіргі уақытта 1997 мен 2012 жылдар аралығында туған жастардың дәуірі жүріп жатыр. Олар қазір еңбек нарығы­на еніп, түрлі салада жұмыс істеп келеді. Біз оларды зумерлер  деп  атаймыз.

Жастардың  жиі жұмыс ауыстыруы қазіргі заман тала­бына да байланысты. Мысалы, пандемиядан ке­йін қашықтан, гибридті форматта немесе кеңседе жұмыс істеу сияқты бірнеше еңбек форматы қалыптасты. Соған байланысты жастар көбіне өзіне ыңғайлы жұмыс форматын таңдайды. Жиі жұмыс ауыстыру мәселесіне келсек, біз жұмыс берушілерге «қазіргі жастар, яғни зумерлер не себепті жиі жұмыс ауыстырады?» деген сұрақ қойдық. Жұмыс берушілердің шамамен 50 пайызы мұны олардың менталитетімен байланыстырады. Яғни қазіргі жастар тек жалақыны ғана көздемейді. Олар үшін компания­ның принциптері де маңызды. HR бренд деген ұғым бар. Компанияның сол бренді, ішкі құндылықтары жастардың талабына, көзқарасына сай келуі керек.

Сондай-ақ коммуникация мәселесі де бар. Бұрынғы, кеңес дәуірінен қалған коммуникация қазіргі жастарға келе бермейді. Өйткені қазіргі уақытта work-life balance, яғни жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігі, адамның жеке шекарасы, жеке өмірі деген мәселелер көбірек танылып жатыр. Ішкі мәдениет те маңызды. Жұмыс орнында «мен бастықпын, сен қызметкерсің» дегендей емес, бір деңгейде сөйлесу мәдениеті қалыптасып  келеді.

Сондықтан кейбір жас жұмыс орнындағы кикілжіңдерден кейін кетіп жатады немесе өз принциптеріне сай келмеген соң басқа сала­ға ауысады. Басқа бағыттарды қарайды, оқиды  деген  секілді  өзгерістер  бар.

Мысалы, зумерлердің алдындағы      буын – миллениалдар. Олар 1981 мен 1996 жылдар аралығында туған адамдар. Бұл буын басқа кезеңнен өтті. Олардың жұмысқа көзқарасы бөлек болды. Ал зумерлер өздерінің жеке шекарасын қорғайды. Олар артық жұмыс істегісі келмейді, ауыр эмоционалдық жүктемені көтере  бермейді.  Осындай  ерекшеліктер  бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: