Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таңдауым  –  тілші  болу

11.06.2026, 15:00 67

HALYQLINE.KZ

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп ұлы ақын Абай айтқандай, сөздің қоғам өміріндегі орны ерекше. Адамзат тарихында сөз арқылы халықтың санасы оянып, ұлттың рухы көтеріліп, маңызды өзгерістер жүзеге асқан. Сондықтан мен өз болашағымды журналистика саласымен байланыстыруды жөн көрдім. Мен үшін журналистика – жай ғана мамандық емес, ақиқатқа қызмет етудің, қоғамға пайда тигізудің және халықтың үнін жеткізудің жолы.

Бала кезімнен қоғамдық өмірде болып жатқан жаңалықтарға қызығушылық танытып өстім. Теледидардағы жаңалықтар бағдарламаларын көріп, газет-журналдардағы мақалаларды оқыған сайын журналистердің еңбегіне деген құрметім арта түсті. Олар оқиғаны баяндап қана қоймай, халықтың мәселесін көтеріп, елдің дамуына ықпал етеді. Осы қасиеттер мені журналистикаға жақындатты.

Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі журналистиканың мәнін толық ашып береді. Шынында да, журналист – қоғам мен халықтың арасындағы алтын көпір. Ол адамдарға маңызды ақпарат жеткізіп қана қоймай, олардың ой-пікірін қалыптастыруға әсер етеді. Сондықтан журналистің ең басты қасиеті шындыққа адалдық деп есептеймін.

Белгілі журналист әрі жазушы Шерхан Мұртаза өз шығармашылығы арқылы әділдіктің, батылдықтың және азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетті. Оның өмір жолы мен еңбегі маған үлкен мотивация береді. Мен де болашақта қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, халықтың сеніміне ие болатын журналист болғым келеді.

Журналистика мамандығының тағы бір ерекшелігі – оның шығармашылыққа толы болуы. Әрбір сұхбат, репортаж немесе мақала жаңа ізденісті талап етеді. Маған адамдармен сөйлесу, олардың өмір тәжірибесін тыңдау және қызықты оқиғаларды зерттеу ұнайды. Осы арқылы мен өз білімімді жетілдіріп қана қоймай, қоғамға пайдалы ақпарат ұсына аламын деп сенемін.

Қазіргі цифрлық дәуірде ақпараттың рөлі бұрынғыдан да күшейді. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде түрлі ақпарат таралады. Осындай жағдайда кәсіби журналистің міндеті – шынайы деректі анықтап, оны халыққа дәл әрі түсінікті жеткізу. Бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мен осы жауапкершілікті сезіне отырып, өз білімім мен қабілетімді осы салада дамытуға дайынмын.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық даналығы әділдіктің маңызын көрсетеді. Мен болашақ журналист ретінде әрқашан әділдік пен шындықты басты құндылықтарымның бірі ретінде ұстанғым келеді. Себебі журналистің сөзі қоғамға әсер етеді, ал қоғам сенімі –б ең үлкен жауапкершілік.

Мен журналист мамандығын таңдадым, өйткені бұл мамандық менің қызығушылықтарым мен мақсаттарыма толық сәйкес келеді. Болашақта университетте сапалы білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтап, қазақ журналистикасының дамуына өз үлесімді қосуды армандаймын. Өз еңбегім арқылы қоғамға алып келіп, халықтың сеніміне ие болатын журналист атану – менің басты мақсатым, жүрек қалауым. Бұл мамандық маған шындықты қорғауға, қоғамға қызмет етуге және елімнің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Сондықтан мен журналист мамандығын үлкен жауапкершілікпен және зор сеніммен таңдадым.

Әділет Олжасұлы СМАҒҰЛ

С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің оқушысы.

Қызылорда  қаласы

Фото: ulysmedia.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: