Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет берген пәтер кімнің игілігіне қызмет етуі тиіс немесе кімнің қалтасын қампайтып жүр?

20.08.2026, 9:00 30

Тұрғын  үй  мәселесі – қоғамдағы ең өткір  әлеуметтік түйіндердің бірі. Кезекте тұрған азамат үшін баспаналы болу – жылдар бойы күткен тұрақтылықтың бастауы. Сондықтан әлеуметтік мақсатта берілген әр пәтердің тағдыры қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс.

Жуырда әлеуметтік желіде Қызылордадағы жалдамалы тұрғын үйлердің пайдаланылуына қатысты мәселе көтерілді. Жазба авторы сол жағалаудан әкімдік арқылы жалдамалы үй алған кейбір отбасының кейін пәтерді өздері пайдаланбай, ай сайын  100-150 мың теңгеге басқа адамдарға жалға беріп отырғанын жазған. Оның айтуынша, мұндай жағдайдың бар-жоғын тұрақты тексеретін бақылау тетігі жеткіліксіз.

Бұл ақпараттың әрбір дерегін жеке-жеке тексеру қажеттігі рас. Алайда, көтерілген мәселенің өзі маңызды сауалды  күн  тәртібіне  шығарды. «Мемлекет тұрғын үйге мұқтаж азаматқа баспана бергеннен кейін оның сол мақсатта  пайдаланылып  жатқанын қалай  бақылайды?».

Осы көтерілген мәселе аясында жауапты басшылықпен байланыса отыра мән-жайдың  жай-жапсарын  зерделедік. Мемлекет  берген  пәтер  кімнің  қалтасын  қампайтып  жүр?

Тұрғын үй мәселесінің күрделілігі оның сұранысы мен ұсынысының арасындағы алшақтықтан  көрінетіні  белгілі.

Деректерге сүйенсек, 2025 жылғы 24 ма­мыр­дан бастап Қазақстанда тұрғын үйге мұқ­таж азаматтарды есепке қою, кезекті жүргізу және тұрғын үй бөлу жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бұл функциялар «Отбасы банкке» беріліп, азамат­тарды есепке қою «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» арқылы электронды форматқа көшті. Жүйе өтініш берушілердің мәліметтерін мемлекеттік ақпараттық жүйелер­мен автоматты түрде салыс­тырады. Яғни бүгінгі жүйенің басты ұстаным­дарының бірі – тұрғын үйді бөлу үдерісін цифрландыру, деректерді автоматты тексеру және  ашықтықты  арттыру.

Бірақ мұнда бір маңызды айырмашылық барын байқаған боларсыз? Үйді кім алуға құқылы екенін тексеру – бір мәселе, ал үйді алғаннан кейін оның қалай пайдаланылып жатқанын бақылау – мүлде басқа мәселе. Дәл осы аралықтағы бақылау тетігі қоғам үшін маңызды.

Егер әлеуметтік мақсаттағы жалдамалы пәтерді алған азамат оны өзі пайдаланбай, басқа адамға нарықт­ық бағамен жалға берсе, мұнда келісімшарт талабымен қоса, мемлекеттік тұрғын үй саясатының мәні де қозғалмақ. Қолданыстағы заңнамада жергілікті атқарушы орган жалдап берген тұрғынжайды жалға алушының қосымша жалға алушыларды немесе уақытша тұрғындарды қоныстандыруына жол берілмейтіні  көрсетілген.

Демек, әлеуметтік желідегі жазбада айтылған ақпарат рас болған жағдайда, мәселе қарапайым «пәтерін біреуге беріп қойған» деңгейінде қалмайды. Ол тұрғын үйді  мақсатсыз  пайдалану  мәселесімен  қаралады.

Егер  мемлекеттен  әлеуметтік  мақсатта алынған пәтер кейін нарықтық бағамен үшінші тұлғаларға жалға берілсе, бұл жерде парадокс пайда болды дей беріңіз. Мемлекет бір азаматтың баспана мәселесін жеңілдету үшін ресурс бөледі. Ал сол ресурс арқылы азаматтың өзі қосымша табыс табуы мүмкін. Былай қарағанда, бұл жеке адамның тапқырлығы секілді көрінуі ықтимал. Бірақ әлеуметтік саясат тұрғысынан бұл – мүлде басқа мәселе. Өйткені мемлекет коммерциялық жалға берушіні қолдау үшін емес, баспанаға мұқтаж азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін пәтер береді. Осы екі мақсаттың арасы ажыратылмаса, әлеуметтік тұрғын үйдің өзі көлеңкелі жалдау нарығының элементіне айналмасына кім кепіл? Мұндай жағдайда ең көп ұтылатын тарап – кезекте  тұрған  азамат.

Әлеуметтік желідегі жария болған жанайқай да осыдан туса керек. Расын айту керек, түрлі әлеуметтік осал  топтағы  азамат,  әлеуметтік  жағдайы  төмен отба­сы мен көпбалалы не жалғызбасты жанұяның мүшеле­рі  осы  мемлекеттің қолдауына зәру. Бірі айт­са, бірі айтпас, бұл мәселе аймағымызда енді ғана қозғалып  келеді.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәлі­метіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері «Отба­сы банк» арқылы 691 азаматқа жалдамалы пәтер бөлініп, олармен тұрғынжайды  жалдау шарттары рәсімделген. Сонымен қатар, жыл басынан бері банк арқылы 374 ипотекалық пәтер бойынша сатып алу-сату шарты рәсімделіп, азаматтарға несие берілген. Ал 2026 жылғы 1 шілдеге  дейін  арендалық  үйлерден 172 млн 4  мың  теңге  арендалық  төлем  түскен.

Ал, енді негізгі мәселенің маңызына қарай ойы­сайық. Жоғарыда әлеуметтік желідегі әлекке түскен ақпарат бойынша арнайы қалалық тұрғын үй инспек­циясы­мен байланысып, жалған не растығын білу мақсатын­да сауал жолдадық. Өкініштісі сол, жеке дерек пен құпиялылық дербестігін ұстана отыра, жеке ақпаратты жария ету заңсыз екенін алға тартты. Мақұл дедік. Десе де, «жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайды».  Әрі халық айтса, қалт  айтпайтыны  да  рас…

Тұрғын үй инспекциясы бас мамандарының мәлі­метінше, тұрғын үй келісімшартын бұзған азаматтар мемлекеттік көмекпен берілген тегін тұрғынжайды жекешелендіру жұмыстарына қатыса алмайды. Демек, айтпағы, үй мемлекеттің тарапына қайта өтеді. Ал, «аймақта нақты қай шағынаудан бойынша берілген мемлекеттік тұрғын үйдің қайсыбірінде заңға қайшы іс қозғалды? Қанша азамат келісімшартты бұзды?» деген сауалдарымыз жауапсыз қалды. Ал әлеуметтік желіде айтылған Сол жағалаудағы мемлекеттен берілген тұрғынжайдың біршамасы жекешелендіру жұмыс­тарынан  өткен дейді-мыс.

– 2023-2025 жылдар аралығында қала әкімдігімен тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтарға 1918 пәтер бөлінсе, 2026 жылы «Отбасы банк» АҚ-мен бөлінген 691 азаматпен жалдау шарты рәсімделді. 2024 жылдың 24 қарашасында ҚР «Тұрғын үй қатынастары тура­лы» Заңының 13-бабына өзгерістер енгізіліп, осыған дейін мемлекеттiк тұрғын үй қорынан жекешелендіру құқығынсыз берілген тұрғынжайларды жекешелендiруге құқық берілді. Осыған байланысты Қызылорда қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға бұған дейін жалдамалы тұрғын үй ретінде берілген көптеген пәтер жекешелендіріліп, олар жалға алушылардың жекеменшігіне өтті. Қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтің бір түрі – ол «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру» мемлекеттік көрсетілетін қыз­мет. Аталған қызмет түрі «E-QAZYNA» порталынында ЭЦҚ қол қою арқылы электронды форматта жүзеге асырылады. Мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан берілген тұрғынжайлар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі №673 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлер­ді жекешелендiру қағидалары» аясында жекешелендіріледі. Бұрын жалдамалы тұрғын үй ретінде берілген пәтерлердің көпшілігі жекешелендірілген. Жекешелендірілгеннен кейін тұрғын үй азамат­тың жекемен­шігіне өтетіндіктен, ол мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй мәртебесін жоғалтады. Осыған байланысты мұндай пәтерлер бойынша мемлекеттік жалдау шарты негізінде бақылау жүргізілмейді, — дейді қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы  Абзал  Рысбекұлы.

 Ал мемлекеттік тұрғын үй қорында жалдамалы тұрғын үй ретінде қалған пәтерлер бойынша олардың нысаналы пайдаланылуына және жалдау шарты талаптарының сақталуына тиісті бақылау жүргізіледі. Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бойынша жалдау шартының талаптарын бұзу фактісі расталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға және шарт талаптарына сәйкес  тиісті  шаралар  қабылданады.

Сонымен қатар, кейбір азамат бойынша пәтерді басқа азаматтарға жалға бергені туралы арыз-шағымдар түсіп, тұрғын үй бөлімі инспекторларымен түгендеу жұмыстары жүргізіліп, азаматтарға түсіндірме профилактилық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Қорытындылай келе, 2025 жылдан бастап тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес бұрын жалдамалы тұрғын үй ретінде берілген пәтерлердің басым бөлігі заңнамада белгіленген тәртіппен жекешелендіріліп, азаматтардың жекеменшігіне өтті. «Осыған байланыс­ты аталған тұрғын үйлер қазіргі уақытта мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй қорына жатпайды. Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй қорында қалған пәтерлердің нысаналы пайдаланылуы мен жалдау шарттарының сақталуы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес бақылануда»  дейді  бөлім  басшысы.

Мәселенің түйіні – мемлекет пәтер берді ме, бермеді ме дегенде емес, берілген баспананың бастапқы әлеуметтік мақсаты сақталды ма дегенде. Заңнаманың өзгеруімен бұрынғы жалдамалы үйлердің едәуір бөлігі жекешелендіріліп, мемлекеттік қордан шыққаны түсінікті. Алайда бұл жағдай тұрғын үй саясатының бақылау мәселесін күн тәртібінен алып тастамайды. Керісінше, мемлекеттік жалдамалы қорда қалған әр пәтердің тағдырына бақылау бұрынғыдан да нақты болуы тиіс. Себебі кезекте тұрған азаматтардың саны азайған жоқ, ал әлеуметтік тұрғын үй – біреудің жеке табыс көзіне айналуы үшін емес, мұқтаждың баспана мәселесін шешу үшін берілетін мемлекеттік ресурс. Сондықтан қоғамға «бақылау жүргізіледі» деген жалпы жауаптан гөрі, «қанша шағым түсті, қаншасы расталды, қанша жалдау шарты бұзылды және қандай шара қолданылды?» деген нақты цифрлар қажет. Өйт­кені баспана мәселесінде ашықтық болмаса, күмән көбейеді. Ал мемлекет берген үйдің кілті мұқтаждың қолында  болуы  тиіс, пайдакүнемнің қалтасында емес.

Наз  ҚАЛАМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: