Бүгін Қазалы ауданында егінге орақ салу науқаны басталды. Дарқан дала төсіндегі қызу еңбекті алғаш болып Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» шаруа қожалығының шаруалары бастады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
«Агро-Өркен» шаруа қожалығының егіс алқабында өткен орақ салу рәсіміне аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, аудандағы зиялы қауым өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Егінге орақ салу рәсімі басталмас бұрын Алмасбек Әбілқасымұлы дала еңбеккерлерін егінге орақ түсуімен құттықтап, Президентіміздің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті.
— Бүгін Өздеріңізбен бірге егінге алғашқы орақ салу рәсіміне арналған аудандық «Дала күні-2026» іс-шарасына жиналудамыз. Бұл – тынымсыз еңбектің жемісін көріп, ел ырысын еселеуге бағытталған жауапты кезеңнің бастауы. Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі саласы. Халықтың әл-ауқатын, табысын арттыруда, бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті құруда саланың маңызы өте зор. Ауданымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген күріш – жалпы біздің өңіріміздің негізгі дақылдарының бірі саналады. Биыл аудан бойынша 12 мың 475 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, оның ішінде күріштің көлемі 2447 гектарды құрады. Өткен жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысының, үкімет мүшелерінің бастамасымен Сырдария өзенінің жоғарғы ағысындағы мемлекеттермен дер кезінде келіссөздер жүргізіп, үлкен қолдаулар жасалды. Бүгінде ирригация жүйелерін жетілдіру, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану және егісті әртараптандыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру тапсырмасына сәйкес биыл ауданымызда күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3189 гектарға қысқартылды. Биыл аймағымызды төрт жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен су тапшылығының алдын алу мақсатында аудан көлемінде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. 2026 жылы аудандағы сол жағалау алабының 1-ГД, 2-ГД, К-3-2 коллекторлар жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен жұмысын бастауға 801,8 млн теңге (жоба құны 2 млрд 589,5 млн теңге) және «Нартай» каналына механикалық тазалау жұмыстарына 179,2 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан 2026 жылға «Климаттық орнықты су ресурстарын дамыту 2-кезеңі» жобасы аясында каналдарды бетондау жұмыстарына 7 каналдың құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылды. Қазіргі уақытта жобаларды қаржыландыру күтілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыру бағытында әрі қарай да жұмыстар жалғасатын болады. Егіншісі мәрт, жері жомарт аудан диқандары ортақ абырой, ел мерейі ісінде қашанда ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп келеді. Ала жаздай еткен еңбектеріңіз ақталып, қамба астыққа толсын, қырмандарыңыз таси бергей! Баршаңыздың еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Алдағы «Алтын дән» мерекесінде зор табыстармен кездесейік, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Дала төсінде өткен жиында ала жаздай маңдайы күнге, табаны құмға күйген мәртебелі еңбек адамдары марапат төрінен көрінді. Мұнан соң Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Құрмет», «Парасат» І және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов, Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Құрметті теміржолшы Оразғали Бекбанов сөз сөйлеп, ақ батасын беріп, егін орағының лентасы салтанатты түрде қиылды. Мұнан соң «дала кемесі» атанған комбайндар өз жұмыстарын бастап кетті.
Күрішке орақ салу рәсімі жылдағы дәстүрге сай аудан әкімінің төрағалығымен «Дала күні» семинар-кеңесіне жалғасты. Жиында аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов күріш жинауға дайындық туралы баяндап берсе, егінді суармалы сумен қамтамасыз ету, су ақысы төлемдерінің барысы және су жолдарына жасалатын жөндеу жұмыстарына байланысты «Қазалысушар» өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Жанбай Садық айтып берді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы жаздың шіліңгір ыстығына қарамастан нәтижелі жұмыс істеген диқандардың еңбегіне тоқталды. Сонымен қатар алдағы міндет ел ризығын шашпай-төкпей, жауын-шашынға ұрындырмай егінді жинап алу керектігін жеткізді. Осыған сәйкес егілген егінді ысырапсыз мерзімінде жинап алу үшін аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов және ауыл әкімдері мен шаруашылық басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, аудандық полиция бөліміне ауыл әкімдері мен ветеринария қызметкерлері тығыз жұмыс істеп, егістікке түсіп, қараусыз, бағусыз жүрген малдардың иелеріне тиісті шара қабылдауды тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!