Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы ШЫҰ саммитінде бірқатар бастама ұсынды

01.09.2026, 17:30 41

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп, Қырғызстан мен Өзбекстан халықтарын тәуелсіздіктің 35 жылдығымен құттықтады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ширек ғасыр ішінде ШЫҰ «Шанхай бестігінен» Еуразияның ауқымды бөлігін қамтитын және адамзаттың жартысына жуығын біріктіретін халықаралық ұйымға айналғанын атап өтті.

— Бірігуден гөрі жікке бөліну, ынтымақтастық ниетінен гөрі геосаяси бақталастық басым түсіп, мүдделер теңгерімін іздеудің орнына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қоғамдастығын құру, — деді Мемлекет басшысы. 

Президент ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтуге шақырды. Ол Еуразиядағы стратегиялық тұрақтылық пен сенім шараларына арналған министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізуді ұсынды. Онда әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселелері қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ терроризм, экстремизм, сепаратизм, трансұлттық қылмыс, есірткі және заңсыз қару айналымы мен киберқауіптерге қарсы бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты. 

Тауар айналымы 1 трлн долларға таяды

Мемлекет басшысы ШЫҰ елдерінің өзара тауар айналымы бір триллион долларға жуықтағанын атап өтті. Алайда ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғанын айтты.

— Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігі қалыптасқанын қалайды. Кедергілері мейлінше аз, цифрлық процедуралар мен көлік-логистикалық байланыстары дамыған орта құрып, уағдаластықтардан нақты бастамаларға көшу керек деп санаймыз, — деді Президент. 

Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев индустриялық консорциумдар тетігін пилоттық жоба ретінде енгізуді және қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының негізінде ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын құруды ұсынды.

Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру бастамасын да қолдайтынын жеткізді. Президент ортақ шешім болған жағдайда жаңа қаржы институтының штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. 

Бірыңғай цифрлық транзит платформасын құру ұсынылды

Президент Еуразияның заманауи көлік-логистикалық жүйесін қалыптастыруды жеделдетуге шақырды. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын Транскаспий халықаралық көлік бағытымен, Солтүстік – Оңтүстік дәлізімен және Орталық пен Оңтүстік Азиядағы перспективалы сауда жолдарымен байланыстыруға мүдделі.

— ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негізінде жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүктедегі алушыға дейін кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

ШЫҰ аясында ЖИ орталықтарының желісі құрылуы мүмкін

Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына да тоқталды. Оның пікірінше, ШЫҰ елдері енді тек тәжірибе алмасып қоймай, технологияларды бірлесіп әзірлеуге көшуі қажет.

— Ұйымға мүше елдердің жетекші университеттерінің, ғылыми мекемелерінің және технологиялық компанияларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз, — деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ны реформалау мәселесінің де өзектілігін жоғалтпағанын айтып, бұл бағыттағы жұмысты ұйымға мүше елдердің сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды.

— Қазақстан ШЫҰ аясындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге барынша күш салуға дайын. Өзара сенім мен ықпалдастықтың арқасында біз бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға кәміл сенемін, — деді Мемлекет басшысы. 

Жиында Қырғызстан, Беларусь, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Иран президенттері, сондай-ақ Үндістан мен Пәкістан премьер-министрлері сөз сөйледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: