Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаралы хабарға айналған қыз тағдыры

03.09.2026, 8:00 48

Адамзат тарихында аты аталған соғыс көп. Ал, аты аталмағандары одан да көп. Олардың бірі – әйелдің өз өмірі үшін күресі. Майданы – үйдің іші. Куәгері – қабырға. Үкімі – кейде тым  кеш  келген  сот.

Қоғамның шын бет-бейнесін оның салтанатты жиындардағы сөзі емес, әлсіздің тағдырына жасаған қарым-қатынасы айқындайды. Біз өркениет, заң үстемдігі, адам құқығы, отбасы құндылығы туралы биік мінберлерден көп айтамыз. Бірақ сол ұғымдардың шынайы салмағы қарапайым бір сұрақтың алдында таразыға түсуде. «Әйел өзін осы қоғамда қаншалықты қауіпсіз сезінеді?». Соңғы уақытта ел ішінде қыз-келіншектердің қазасына қатысты хабарлар жиілеген сайын бұл сұрақтың салмағы да артып келеді. Күйеуінің қолынан мерт болған әйел, сталкингтің құрбанына айналған қыз, тұрмыстық қысымның құрсауында қалған келіншек, жан күйзелісін жалғыз арқалаған жас тағдыр – бұлардың әрқайсысы жеке оқиға ретінде қарастырылғанымен, барлығын жалғайтын бір қаралы желі бар. Ол – адам өмірінің қадірін орны толмас қасіретке айналғаннан кейін барып бағалайтын қоғамдық енжарлық.

Өкініштісі сол, біз бұндай оқыс оқиғада дереу қылмыскерді іздейміз. Бұл заңды. Қылмыс жасаған адам жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ журналистік тұрғыдан да, азаматтық тұрғыдан да мәселені осы жерден түйіндеу жеткіліксіз. Себебі қылмыс – себептердің соңғы нәтижесі ғана. Оның ар жағында адамның мінез-құлқы, отбасы ішіндегі қарым-қатынас, тәрбие, әлеуметтік орта, құқықтық сауат, қорқыныш, тәуелділік және қоғамның үнсіз келісімі сияқты күрделі қабаттар жатады. Біз көбіне сол қабаттарды  ашуға  асықпаймыз.

Қайғылы хабар тарағанда қо­ғамдық реакция бір сәтте күшейе­тіні орынды. Әлеуметтік желіде мар­құмның суре­ті тарайды, оның тағдыры тура­лы жазбалар көбейеді, кінәлі­нің қатаң жазалануын талап еткен пікірлер қаптайды. Ашу бар. Аяушылық бар. Өкініш бар. Бірақ мұның бәрі тым кеш келіп жатады. Өйткені бақилық болған адамға деген қоғамдық жанашырлықтың ешқайсысы оның өмірін қайтара алмайды.

Осы тұста біздің қоғамда қалып­тасқан бір психологиялық дағдыға назар  аударуға  тура  келеді:

«Біз қасіреттің өзіне реакция білдіруге бейімбіз де, қасіретке жеткізген процесті дер кезінде тоқтатуға келгенде дәрменсіздік танытамыз».

Зорлықтың ең қауіпті сипаты да осында. Адамның еркіндігін шектеу, оның араласатын ортасын бақылау, телефонын тексеру, кіммен сөйле­сетінін қадағалау, қорқыту, кемсі­ту, психологиялық қысым көрсету – мұның бәрі кейде тұрмыс­тың «ұсақ-түйегі» ретінде қабыл­данады. Бірте-бірте қалыпты мен қалыпсыздың арасы көмескіленіп, қауіпті саналатын әрекетіміз күнделікті тіршіліктің үйреншікті көрінісіне айналады. Біз дәл осы жерде сүрінеміз. Қызғанышты махаббатпен шатастырамыз. Өктемдікті еркектікке балап, бақылауды қамқорлық деп қабылдаймыз. Қудалауды сезімнің табандылығы ретінде көрсетеміз. Отбасындағы зорлықты «үйдің ішкі мәселесі» деп сырт көзден жасырамыз. Сөйтіп, адамның қадір-қасие­тін таптайтын әрекеттерге біртіндеп әлеуметтік рұқсат береміз. Зорлықтың ең қауіпті алғышарты да осыда. Себебі де сол, зорлықтың тамыры кейде қалыпты деп қабылданған түсініктен тарайды.

Біз қыз баланы кішкентайынан қауіптен сақтануға үйрететініміз де осыдан болар. Кеш қараңғыда жүрмеуді, бейтаныс адамға сенбеуді, теле­фонмен  байланыста  болуды, өзіне абай болуды айтамыз. Мұның бәрі керек, әрине. Десе де, осы тәрбиенің екінші жағы барын ұмытпағанымыз абзал. Біз қауіпсіздік жауапкершілігін тым жиі әйелдің өзіне жүктейміз. Яғни мәселе «қауіп төндірмеу» емес, «қауіптен сақтану» деңгейінде қалып қояды. Әсілінде, қауіпсіз қоғам дегеніміз әйелдің өзін барынша қорғап жүруі емес. Қауіпсіз қоғам – адамның өзгенің өміріне, еркіндігіне, таңдауына қол сұғуды ойына да алмауы қалыпты саналатын  қоғам. Міне, мәселенің бір ұшы тәрбиеге  келіп  тіреледі.

Біз ұл баланың бойына ер-азаматқа тән қайсарлық, намыс, жауапкершілік секілді қасиеттерді сіңіруге тырысамыз. Бірақ сол намыстың біреуді қорлауға, бақылауға немесе күш көрсетуге ешқандай қатысы жоқ екенін қаншалықты түсіндіреміз? Еркектік дегеннің өзгені билеу емес, өз ашуын билей алу екенін қаншалықты үйретеміз? «Ер адам – үйдің басшысы» деген ұғым үстемдіктің синониміне айналуда. Ал отбасыдағы билік бір адамның екіншісін иелену құқығын білдірмейді. Оның үстіне, әйелдің зорлықтан шығуына кедергі келтіретін әлеуметтік фак­торлар да аз емес. Баспананың мәселесі, экономикалық тәуелділік, бала үшін алаңдау, туыстардың қысымы, «ел не дейді?» деген қоғамдық стереотип, отбасын сақтау­ды әйелдің мойнына артып қоятын түсінік – мұның бәрі жәбірле­нушінің таңдау кеңістігін тарылтатыны анық әрі өкінішті…

БІР  ҚЫЗДЫҢ  ӨЛІМІ – КЕЗЕКТІ ҚЫЛМЫСТЫҢ  НӨМІРІ  ЕМЕС!

Негізгі өзегіне оралайық… Жыл сайын, тіпті 1 жылдың ішінде бірнеше нәзікжан­ды­ның қанды оқиғасына куә болып жатырмыз. Тұрмысқа шықпасаң, да өлтіруге әзір, ал шықсаң, өлімші халге апаруға әзір. Өкінішті, әрине. Айт­пасқа болмайды, соңғы қаралы хабар­лар желісінде жеткізіп отырмыз.

Мәселенің ауқымын соңғы сот істерінен де аңғаруға болады. Мәселен, 2026 жылдың ақпанында атырау­лық отбасындағы жанжал соңы тағы бір әйелдің өліміне ұласты. Ер адам 12 жастағы қызының көз алдын­да әйеліне 11 жерден пышақ жарақатын салып, салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған. Сотта ер адам қылмысын қызғаныштан жасағанын айтып, кінәсін толық мо­йындаған. Прокурор оны 17 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Үкім  әзірге  заңды  күшіне  енген  жоқ.

Қостанай облысының Жітіқара қаласында әйелін өлтіруге оқталған ер адам араша түскен кәмелетке толмаған өгей ұлын пышақтап өлтірген. Сотталушы екі қылмыс бо­йынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Соны­мен қатар, Қостанайда тағы бір қызғаныштың соңы орны толмас қасіретке ұласты. 2026 жылғы наурызда ер адам бұрынғы әйелімен жанжалдасып, оны өлтіру мақсатында аңшылық карабинмен әйелінің басы мен кеуде тұсына екі рет дәлдеп оқ атқан. Әйел алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған. Қылмыстан кейін полицияға өзі барып, кінәсін мойындаған. Іс сотта қаралып, тамыз айында оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2026 жылғы 16 наурызда Атырау қаласында ерлі-зайыпты арасында  жанжал  шығып, мас күйіндегі 62 жастағы ер адам 58 жастағы әйелін пышақтап өлтірген. Байқасаңыз, қылмыстың  көбі наурыз-сәуір ай­ларында  болған.

Тағы бір қанды қылмыс. Ұлытау облысында ішімдікке салынған күйе­уі әйелін 20 жерден пышақтап өлтірген, кейін өзіне де қол салмақ­шы  болған.

Нұрай Серікбайдың қазасы да баршаға мәлім. Сталкердің қолынан қаланың қақ ортасында қаза тапты. Ауру дермісің. Тіпті азғындықтың айғағы бұл. Нұрайдың оқиғасы бүгін­де нүктесіне жетіп, қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айыры­лды.

Одан бөлек, сәуір айында әйелін қызғаныштан  бейсбол таяғымен бірнеше рет соққылап өлтірген азамат жақында 12 жылға сотталды. Сұмдығы сол, күні кеше ғана еліміздің оңтүстігі Түркістан облысында егде жастағы  әйелінің жаназасынан ке­йін үйіне келген ұлы мен келінін пышақтап өлтірген қартқа қатысты қылмыстық  іс  жүріп  жатыр.

Атырау  облысындағы кезекті қанды   оқиға   42   жастағы  әйелдің   37  жастағы азаматтық некеде­гі  ерінің қолынан  қаза табуы. Сұм­дығы, 28 жерден пышақталған, сорақысы, қылмыс 3 жастағы қызының көзінше болған, бүлдіршін қанға боялған мәйіт – анасының  жанында  1  тәулік  ұйықтаған.

Қызылордадағы қыз өлімі де қаралы тізімнен қалыспай тұр. Ағымдағы жылдың 3 маусым күні Шиелі ауданында 16 жастағы бойжеткеннің денесі канал бойынан табылған. Күдікті ұсталып, қылмыс­тық  іс  жүріп  жатыр.

Ал, соңғы оқиғаларға оралсақ, тәттіге бола тәрк етілген жас ғұмыр. Баласына алынған барни бәлішін жедің деп өлімші етіп ұрғылап өлтір­ді деген   ақпарат  бойынша қазір де қылмыстық іс қозғалуда. Өкініштісі, 19 жастағы Мадинаның өліміне қатыс­ты түрлі қауесет тарап, кінәлі тарап жағдайды бұрмалап жатқан көрінеді. Ақпараттық ағынға сүйенсек, Мади­наның аяқ-қол, мойын, арқа дене бөліктері қатты соғылған, басының желке тұсы тігілген, ал өзі арқанға асулы тұр. Демек, айыпталушы тарап қылмысты жасырып, өзіне қол жұмсады деген жалған-растығы белгі­сіз пікірді алға тартып отыр. Алдағы уақытта сот процесі қозғалып, айыпты  жазасын  алады  деген  үмітте  ел.

Ал, Алматы облысындағы Ұзын­ағаш ауылында тағы қыз өлімі тіркелді. 21 жастағы Диана ауылындағы ерлер дәретханасынан өлі күйінде табыл­ды. Полиция департаменінің дерегі  бойынша Қыл­мыстық  ко­декс­­тің 105-бабымен («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») тергеу жүріп жатыр. Алайда, марқұмның туыс­тары суи­цид  нұсқасына күмән келтіреді. Туыстарының айтуынша, Диана қайтыс болған күні анасымен бірге уақыт өткізіп, кейін ағасының үйіне бармақ болған. Бірақ түнде жақындарының  қоңырауларына  жауап бермей қойған. Жақындары қыздың денесінен көгерген және соққы іздері байқалғанын, сондай-ақ 100 мың теңгесі мен алтын алқасы жоғалғанын айтады. Кейбір жеке заттарын отбасы кейін жырадан тапқан. Марқұмның құрбылары Диана­ның өзін аңдыған ер адам туралы жазған хаттарын әлеуметтік желіде жариялады. Туыстары оқиғаға дейін дәретхана маңында екі көлік пен төрт жігіт болғанын айтқан. Поли­ция қазір қыздың өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр. Тергеу  жалғасуда.

Ал, аймақтағы жасөспірімнің жағдаятын естіген де боларсыз­дар. Кеше ғана Астана қаласында жұмыс істеп, отбасыма көмек беремін деген 18 жастағы Назымның қазасына қатысты қылмыстық іс жүргізілуде. Дерект­ерге сүйенсек, Астана қаласында түнгі уақыт шамасында подъез­ден жалаңаяқ жүгі­ріп шыққан Назым терезеден өзін тастап жібер­ген. Сол күні жанында Аяулым есімді құрбысы болған. Назымның жақындарының айтуынша, өз-өзін өлтіруге баратындай қыз еместігі, бұл істе бір күмән барын жеткізуде. Қазіргі  уақытта  іс тергеліп  жатыр.

Бұл – бір жыл ішінде болған, біз естіген, көрген ақпараттар. Ал, біз білмеген, естімеген  қаралы  хабарлар  қаншама…

Қыз-келіншектің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде рейтингтік мінберде 70-орынға түстік. Бір қызығы, Денсаулық сақтау министірінің ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдық есебінше, елімізде ана өлімі  43  пайызға   азайған  деседі…

ФЕМИЦИД  және  ҚОҒАМНЫҢ  КЕШІККЕН  РЕАКЦИЯСЫ

Фемицид ұғымы Қазақстанның қоғамдық  дискурсында соңғы уақытта жиірек айтыла бастады. Оның мәні әйелді жай ғана әйел болғаны үшін өлтірумен шектел­мейді. Әйел­дің өз таңдауын жа­сауына жол бермеу, оның «жоқ» деген жауабын қабылдамау, қарым-қатынасты тоқтатқаны үшін қудалау, бақылау, иелік етуге ұмтылу, еркіндігін шектеу секілді әрекеттердің соңы өлімге ұласса, мұнда гендерлік сипаттағы зорлық мәселесі туындайды. БҰҰ да фемицидті әйелдерге қарсы зорлықтың ең шекті көріністерінің бірі ретінде  қарастырады.

Әлемдік статистика мәселенің ауқымын  аңғартады. БҰҰ дерегінше, 2024  жылы   әлемде  шамамен  83 300 әйел мен қыз қасақана өлтірілген. Соның 50 мыңы, яғни шамамен 60 пайызы, серігі немесе отбасы мүшесінің қолынан қаза тап­қан. Бұл – тәулігіне орта есеппен 137 әйел мен қыздың өмірі қиылады деген сөз. Цифрдың өзі ауыр. Бірақ одан да ауыр нәрсе – оның артында көп жағдайда алдын ала байқалуы мүмкін белгілердің жатуы. Осы тұста фемицидті жеке қылмыс құрамы ретінде заңнамаға енгізу жөніндегі пікірталас басталады. Осы турасында заңгер, фембелсенді Айгерім Құсайын­қызымен  тілдескен  едік.

– Бір топ заңгер мұндай жеке баптың қажеттілігіне күмән келтіреді. Олардың уәжі түсінікті: адам өлтіру қылмысы қолданыстағы заңнамада онсыз да бар, ал қылмыстың гендерлік мотивін ауырлататын мән-жай ретінде бағалауға болады. Жаңа бап енгізу, керісінше, қылмыстың мотивін дәлелдеуді күрделендіріп, іс жүзінде символдық сипаттағы нормаға айналып кетуі ықтимал. Екінші тараптың уәжі де салмақты. Егер әйелдің өлімі гендерлік сипаттағы зорлық ретінде жеке есепке алынбаса, оның артындағы контекст жалпы адам өлтіру статистикасының ішінде жоғалып кетуі мүмкін. Өйткені әйел­дің өліміне дейінгі қудалау, бұрынғы зорлық, бақылау, қорқыту, қарым-қаты­насты  үзгені  үшін  қысым көрсету секілді белгілер жеке тіркеліп, талданбаса, қылмыстың гендерлік табиғатын анықтау қиын. Демек,  мәселе  баптың атауында ғана емес. Мәселе – әйелдің өліміне дейін не болғанын құқық қорғау жүйесі көре ала  ма? Бұл сұрақтың салмағы осында. Өйткені қылмыстық іс көбіне өлім фактісінен  басталады. Ал фемицидтің  алдын алу өлімнен әлдеқайда бұрын басталуы керек. Әйелдің бірнеше ай бойы  қудалануы, қорқытуға ұшырауы,  бұрынғы  серігінің бақылауында болуы, қарым-қатынасты тоқтатқаны үшін қысым көруі бұлардың әрқайсысы жеке-жеке қарағанда әртүрлі  құқықтық  сипаттағы  әрекет  болуы мүмкін. Бірақ олардың барлығы бір адамның екіншісіне билік жүргізуге ұмтылысын көрсететін біртұтас мінез-құлық үлгісіне айналған кезде, оны елемеу қауіпті. Сондықтан фемицид туралы пікірталасты тек «жаңа бап керек пе, жоқ па?» деген тар шеңберге қамап қою жеткіліксіз. Бәлкім, одан да маңызды сұрақ бар шығар: «біз әйелді өлтірген адамды ғана емес, әйелді өлімге дейін жеткізген зорлықтың бүкіл тізбегін көре аламыз ба?», — дейді А.Құсайын­қызы.

Расымен, әлемнің бірқатар елі бұл мәселеге заңнамалық деңгейде жауап беруге тырысып келеді. Латын Америкасының жиырма мемлекеті фемицидті немесе әйелді гендерлік себеппен  өлтіруді қыл­мыстық заңнамада  жеке норма ретінде бекіт­кен. Италия да 2025 жылы әйелді жеккөрушілік, кемсіту, бақылау, иелік ету немесе оның қарым-қатынас­тан бас тартуына байланысты өлтіруді арнайы қылмыс ретінде қарастыратын норманы қабылдады. Әрине, басқа елдің заңын сол күйінде Қазақстанға көшіру шешім емес. Қазақстанның құқықтық жүйесі мен қоғамдық жағдайы – өз алдына бөлек  мәселе.

Дегенмен, бір әйелді өлтіру – бір адамның өмірін қию. Бірақ  оның өлімін өзгелерге  көрсету – саясат…

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: