Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық шаруаларға 2026 жылы қанша млрд текше метр су берілгені белгілі болды

23.09.2026, 12:30 33

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев пен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Әлібекова өңірдегі вегетация кезеңінің қорытындылары туралы баяндады.

Суару маусымына дайындық аясында филиал мамандары жалпы ұзындығы 71,5 шақырым болатын 15 каналды механикалық тәсілмен тазалады. Жұмыс барысында 774,2 мың текше метр топырақ шығарылды. Сонымен қатар инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 33,3 шақырым болатын үш магистральдық және шаруашылықаралық канал тазаланды.

Сондай-ақ төрт гидротехникалық құрылыс жөндеуден өтті. Су шаруашылығы нысандарын жөндеу және тазалау жұмыстары вегетация кезеңі аяқталғаннан кейін де жалғасады. Суару кезеңінде филиал өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жалпы 121,2 мың гектар егістік алқапты суаруға арналған 1053 шарт жасасты. Оның 69 мың гектары күріш алқаптарына тиесілі. Барлық келісім Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа биллинг жүйесі арқылы рәсімделді.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысының егістік алқаптарын суару қажеттілігі үшін Сырдария өзенінен алынған су көлемі 3,29 млрд текше метрді құрайды. Шаруалармен жасалған барлық келісім толық көлемде орындалды. «Судың қара нарығына» қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасын іске асыру аясында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары тұрақты түрде бақылау іс-шараларын жүргізді. Тексеру барысында 135 гектар жерді суару үшін суды заңсыз алуды жүзеге асырған 25 сорғы қондырғысы анықталды. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 5,6 млн теңге болатын айыппұл салынды.

«Биыл Сырдария өзеніндегі су көлемінің мол болуына байланысты Қызылорда облысында суару суының тапшылығы байқалған жоқ. Нәтижесінде каналдар арқылы су беру туралы шарт жасасқан әрбір тұтынушы жоспарланған су көлемін толық алды. Қазіргі таңда шаруалар егін жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: