Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ерлан Қарин – Қазақстан вице-президенті

31.08.2026, 11:05 85

Құрылтай депутаттары Ерлан Қариннің Қазақстан Республикасының вице-президенті лауазымына кандидатурасын қолдады. Оның кандидатурасына 141 депутат дауыс берді.

Бұған дейін Ерлан Қариннің кандидатурасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай қарауына ұсынған еді. Жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президентті Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен берген келісімінен кейін Президент қызметке тағайындайды. 

Ерлан Қарин мемлекеттік басқару мен қоғамдық-саяси салада ұзақ жыл еңбек еткен. Ол 1976 жылы Түркістан облысының Сайрам ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы №33 мектепте тарих және география пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейін Қазақстан даму институтында, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінде қызмет атқарып, Премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі болған. 

2008 жылы Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарды, кейін «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы қызметін атқарды. 2014 жылы Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, 2017 жылы «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. 

2019–2020 жылдары Президент кеңесшісі, кейін Мемлекет басшысының көмекшісі болды. 2022 жылғы қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, сол жылдың маусымында Мемлекеттік кеңесші қызметіне кірісті. 2026 жылғы 30 маусымда Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. 

Ерлан Қарин саяси ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары «Құрмет», І және ІІ дәрежелі «Барыс», ІІ дәрежелі «Достық», «Отан» ордендерімен марапатталған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: