Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ елі санкциялар қыспағында нені таңдайды?

03.09.2026, 8:40 52

Айталық, қызылордалық кәсіпкер шаруасын кеңейтіп, Германиядан қыруар қаржыға дәлдігі жоғары станок алдырды. Цехтың төріне қойылған жаңа құрылғымен көлікке де, ауыл шаруашылығы техникасына да қажетті бөлшек жасауға болады. Біраз уақыттан соң Ресейден сатып алушы табылып, екі жақ бағаға келіседі. Кәсіпкер станокты жөнелтуге қамданған кезде жайбарақат басталған сауданың шырқы бұзылады, банк ақшаны өткізбейді, неміс өндірушісі тауардың түпкі иесін сұрайды, тасымалдаушы жүкті алуға асықпайды, сақтандырушы да сырғақ жауап береді. Сөйтсе, мәселенің гәпі станокта екен. Ол бейбіт өндірісте пайдаланылғанымен, әскери техникаға қажетті бөлшектерді жасауға да жарайды. Сөйтіп, Қызылордадағы шағын цехтан басталған шаруа халықаралық саясаттың жібіне байланып шыға келеді. Қазақстан санкцияларға ресми қосылмағанымен, оның салқыны елдегі кәсіпкерге осылай  жетеді.

Санкцияны жұрт көбіне бір мемлекеттің екінші елге салған сауда тыйымы деп түсінеді. Алайда оның құрығы әлдеқайда ұзын. Бір компанияның шетелдегі ақшасы бұғатталса, екінші кәсіпорынға микрочип, ұшақ бөлшегі немесе өндірістік жабдық сатуға шектеу қойыла­ды. Кей банк доллармен есеп айырыса алмай қалады, мұнай таситын кемелер порт пен сақтандыру қызметінен қағылады. Мұның ішіндегі ең қатерлісі – қайталама санкция. Ол тыйымды айналып өтуге көмектескен үшінші елдің банкіне, кәсіпорнына немесе азаматына қолданылуы мүмкін. Қазақстан Батыс­тың санкция­ларына ресми қосылмаса да, отандық компания тыйым салынған тауарды Ресей­ге жеткізсе, шектеуге өзі ілігуі ықтимал. Қыс­қасы, санкция шекараға келгенде тоқтап қалмай­ды, сауда мен ақша  жүрген  іздің  бәрін  қуалайды.

Қазақстанның таразы басын тең ұстауы оңай емес. Ресеймен арада әлемдегі ең ұзын құрлық шекараларының бірі жатыр, екі ел Еуразия­лық экономикалық одаққа кіреді. Теміржол, автокөлік жолдары, құбырлар мен өндірістік байланыстар ондаған жыл бойы бір-біріне кірігіп кеткен. Ұлттық статистика бюросының 2026  жылғы қаңтар-ақпан айларындағы дерегі­не  қарасақ, Қазақстан импортының 31,4 пайы­зы Қытайдан, 31,3 пайы­зы Ресейден келген. Демек, сырттан алатын тауары­мыздың үштен екісіне жуығын екі көрші жеткізеді. Экспорттың  беталысы басқа: Италия­ның үлесі – 18,1, Қытайдікі – 15,6, Ресей­дікі – 8,2 пайыз. Ал Еуразиялық эко­номикалық одақ елдерімен саудан­ың 88,7 пайы­зы Ресейге тиесілі. Осы сандардың өзі көп нәрсені аңғартады. Көршімен экономикалық байланысты шорт үзу мүмкін емес, ал мұнай мен металды сатып алатын Еуропа нарығымен, технологиясы мен қаржысына бүкіл әлем сүйенетін Батыспен көпірді  бұзу  тағы  тиімсіз.

Батыстың Қазақстанға күдікпен қарауы да аяқ астынан туған жоқ. 2023 жылдың алғашқы тоқсанында Германияның Ресейге экспорты  47 пайызға азайып, Қазақстанға жөнелткен тауа­ры 136 пайызға артқан. Reuters келтірген осы  дерек Еуропада «бұрын Ресейге барған тауар енді көрші мемлекеттер арқылы өтіп жатқан  жоқ  па?»  деген сауалды күшейтті. Әрине, Қазақ­стан импортының өсуін түгелдей жасырын саудаға жаба салуға болмайды. Ел ішіндегі сұраныс та, өндіріс пен тасымал тәртібі де өзгер­ді. Дегенмен, қосарлы мақсат­та қолданылатын тауарлар күдікті қоюлата түсті. Мәселен, қарапайым микрочип кір жуа­тын машинаға да, әскери дронға да орнатылады. Дәлдігі жоғары станок трактордың тетігін де, қаруға қажетті бөлшекті де жасап шығарады. Оптикалық құрал, подшипник пен байланыс жабдығы да екі түрлі мақсатта пайдаланылуы  мүмкін. Сондықтан шетелдік өндіру­ші мен банк тауардың атауына қарап қана қоймай, оны соңында кім алатынын, ақшаны кім төлейтінін, қай қоймаға жеткізілетінін тәп­тіштеп  сұрайтын  болды.

Осыдан кейін Қазақстан экспорттық бақылауды күшейтті. Мемлекеттік кірістер комитеті санкциялық тізімдегі тауарлардың қозғалысын қадағалап, Ресейге жөнелтілетін өнім­нің шыққан елін электрондық құжат арқылы тексеретін тетік енгізілгенін ресми түрде хабарлады. АҚШ, Еуропалық одақ және Ұлыбритания өкілдері де Қазақстанға келіп, билік пен биз­неске санкцияны айналып өтудің салдарын түсіндірді. АҚШ Қаржы министрлігі­нің мәліметінше, келіссөздерде Ресейдің зымыран­дары мен дрондарына қажет жартылай өткізгіштер мен электрондық бөлшектерге айрықша назар аударылған. Астананың ұстанымы осы тұста анық байқалады: Қазақстан санкцияларға қосылмайды, Ресеймен саудасын жалғастырады, бірақ өз аумағын тыйымды айналып өтетін жасырын дәлізге айнал­дырмауға тырысады. Бір жағында – көршімен қалыптасқан  қалың  байланыс,   екінші жағында – халықаралық қаржы мен технологияға жол ашатын нарықтар. Екеуінің ортасында ұлттық мүддені жоғалтпай жүру барған сайын  қиындап  келеді.

Күмән енді нақты шектеулерге ұласа бастады. Еуропалық одақ 2026 жылғы 23 шілдеде Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакетін қабылдап, үшінші елдердегі делдалдар мен жеткізушілерге бақылауды күшейтті. ЕО шешімі аясында Қазақстанда тіркелген TauKZ және KBR-Technologies компаниялары қатаң экспорттық шектеу қолданылатын ұйымдар қата­ры­на кірді. Еуропалық тарап оларды Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне көмектесті неме­се санкцияны айналып өтуге қатысты деп санай­ды. Бұл – сот үкімі емес, ЕО қабылдаған әкімшілік шешім. Әйткенмен, санкциялық тізімге енген компаниямен шетелдік банктер мен жеткізушілер жұмыс істеуге жүрексінеді, төлемі кешігеді, тауар сатып алуы қиындайды. Қысым қаржы саласына да жетті. Еуропалық одақтың 2025 жылғы қазандағы 19-пакетінде Ресейдің төлем жүйелерімен байланысы бар деп көрсетілген Беларусь пен Қазақстандағы төрт банкке операциялық тыйым салынды. ЕО-ның ресми түсіндірмесі бүкіл Қазақстанға шектеу қойылғанын білдірмейді. Нысанаға нақты банктер мен компаниялар алынады. Бірақ бір банктің басындағы жағдай өзгелерді де секемшіл етіп, заңды төлемдердің өзін ұзақ тексеруге  мәжбүрлейді.

Санкцияның салқыны мұнай саласынан да сезілді. АҚШ 2025 жылғы қазанда ресейлік «Лукойлға» шектеу қойған соң компания шетел­дегі активтерін сатуға мәжбүр болды. Оның Қазақстандағы Қарашығанақ, Теңіз және Каспий құбыр консорциумында үлесі бар. 2026 жылғы қаңтарда Қазақстан осы актив­терді сатып алу мүмкіндігіне байланыс­ты АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасына ресми өтініш жолдады. Reuters жариялаған мәлімет санкцияның қаншалық­ты алысқа жететінін көрсетті: Қазақстандағы стратегиялық мұнай жобасына қатысты мәміле Вашингтонның рұқсатын қажет ететін жағдай туды. Мұнай өзіміздікі болғанымен, оны  әлемдік  нарыққа  апаратын  жолдың  біразы  өзгенің  қолында. Құбыр басқа мемлекеттің жерімен өтеді, танкер шетелдік портқа кіреді, төлем халықаралық банк арқылы жа­салады, жүк шетелдік компанияда сақтандырылады. Осы тізбектің бір буыны үзілсе, өндірілген мұнайды  сату  қиындайды.

Сондықтан балама жол Қазақстан үшін сән емес, қажеттілікке айналды. Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан мен Грузия арқылы Еуропаға шығатын Орта дәліз Ресей аумағын айналып өтеді. Әзірге оның Кас­пий порттарының өткізу мүмкіндігі, кеме саны, теміржол тарифі мен шекарадағы рәсімдерге байланысты түйткілі жетеді. Солтүстік бағытты бүгін-ертең толық алмастыруы да қиын. Дегенмен, қосалқы жолы бар елдің сөзі де нық болады. Дүниежүзілік банк 2026 жылы  Қазақ­станның теміржол және логис­тика жобасын қолдай отырып, қажетті инвес­тиция мен дұрыс басқару болса, 2030 жылға қарай Орта дәліздегі жүк көлемін үш есе арттырып, тасымал уақытын екі  есе  қысқартуға  болатынын  мәлімдеді.

Алайда Ресейді Еуропамен, Еуропаны Қытаймен алмастыру мәселені түбегейлі шешпейді. Бір есікті жауып, екіншісінің табалды­рығында тұру дербестікке жатпайды. Қазақстанға бірнеше нарық, бірнеше көлік бағыты және бірнеше қаржы арнасы қажет. Ресеймен қалыпты сауда жалғасып, Қытаймен өндірістік байланыс тереңдеуі керек. Еуро­паға мұнай мен металдан бөлек өңделген өнім шығарудың жолын іздеген жөн. Түркия, Кавказ, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия бағыттарын да назардан шығаруға болмайды. Елдің экономикалық қауіпсіздігі бір серіктесті таң­дап, қалғанынан теріс айналудан емес, бірде-­біріне шектен тыс байланбаудан басталады.

Әрине, шетелден тауар әкеліп, үстіне баға қосып, Ресейге қайта сату қысқа уақытта пайда әкелуі мүмкін. Делдал да, тасымалдаушы да, банк те өз үлесін алады. Бірақ мұндай сау­даның күні санаулы. Бірнеше кәсіпорынның күмәнді әрекеті тұтас елдің атына кір келтірсе, адал жұмыс істейтін мыңдаған компания шетелдік несие мен технологиядан қағылуы ықтимал. Қазақстан тәуекелі жоғары аймақ ретінде қабыл­данса, әр төлем ұзақ тексеріліп, сақтандыру мен тасымал қымбаттайды, инвес­торлар келісімнен тартына бастайды. Бір күндік делдалдық табыс ертеңгі ірі инвестицияның жолын кесуі ғажап емес. Сол себепті бақылау кеденмен шектелмей, тауардың шыққан жерінен соңғы сатып алушысына дейінгі жолы ашық көрінуі керек. Кәсіпкер де қай тауарды сатуға болатынын, қай мәміле қосымша тексерілетінін алдын ала білуге тиіс. Мемлекет бизнеске түсінікті ереже ұсынып, құқықтық және ақпараттық қолдау көрсетпесе, санкциялық тәуекелдің бар салмағы қарапайым кәсіпкердің  иығына  түседі.

Сонымен, Қазақстанның алдында «Ресей ме, Батыс па?» деген жалаң таңдау тұрған жоқ. Ресей – іргедегі көрші әрі ірі сауда серіктесі. Еуропа мен АҚШ – технология, инвестиция, қаржы және экспорт нарығы. Қытай – негіз­гі жеткізуші әрі шығысқа ашылған үлкен мүмкіндік. Бірін таңдап, өзгесін жоғалту ұлттық мүддеге сай келмейді. Шын таңдау басқа: Қазақ­стан күмәнді тауар өтетін сұр дәліз болып қала ма, әлде сөзіне сенуге болатын ашық сауда серіктесіне айнала ма? Мұнайын жалғыз жолға байлай ма, әлде балама бағыттарын көбей­те ме? Дайын тауар тасып күн көре ме, әлде өз өндірісін күшейте ме?

Санкциялар қыспағында Қазақстанға өзгенің ығына жығылмай, ұзақмерзімді мүддесін таңдау қажет. Оның аты – экономикалық дербестік. Дербестік ешкіммен ат құйрығын кесісу­ден басталмайды. Ол сауда жолын көбейту­ден, күмәнді айналма саудадан бойды аулақ ұстаудан, өндіріс пен технологияны дамытудан басталады. Сонда ғана Қазақстан сырт­қы шешімдердің ығына жығылатын ел емес, кез келген серіктеспен терезесі тең сөйле­сетін  мемлекет  бола  алады.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллаж: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: