Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлы  ағартушының  дара  жолы

09.11.2026, 8:30 15

HALYQLINE.KZ

Ұстаздық ету – тек ілім үйрету емес, өмірді таныту, адам қалыптастыру. Бұл қағида бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Себебі мектеп пен жоғары оқу орнының міндеті маман даярлаумен шектелмейді. Қоғамға білімді ғана емес, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор, елін құрметтейтін, заңды сыйлайтын азамат қажет. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ даласында білім мен тәрбиенің негізін қалыптастырған Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасы бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ.

Дана ұстаз туралы сөз қозғалғанда көз алдымызға ең алдымен мектеп, кітап және «Кел, балалар, оқылық!» деген таныс жолдар келеді. Ол үшін оқу жай ғана сауат ашу құралы емес, адамның ой-өрісін кеңейтетін, еңбекке баулитын, мінезін қалыптастыратын құндылық болды. Қазақ даласында ең алғаш мектептер ашып, оқулықтар жазды. Ыбырай шығармаларын оқығанда бір ерекшелік байқалады. Оқырманға жақсы адам бол деп ұзақ ақыл айтпайды. Оның орнына қарапайым оқиға, еңбек ету, дұрыс пен бұрыстың айырмасын көрсететін әрекет береді. Яғни тәрбие сөз арқылы ғана емес, мысал арқылы беріледі. Бұл тәсілдің бүгін де мәні бар. Себебі жас адамға адалдық туралы жүз рет айтуға болады, бірақ ол адалдықтың нақты өмірдегі көрінісін көргенде ғана оның мағынасын тереңірек түсінеді.

Бүгінгі қоғамда білімге қолжетімділік бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Интернет, цифрлық платформалар, онлайн курстар мен жасанды интеллект білім алудың жаңа көкжиегін ашты. Алайда мүмкіндік көбейгенімен, білімнің сапасы мен оны дұрыс пайдалану мәселесі қатар туындады. Ақпарат көп болған сайын оны саралау, жалған деректен ажырату, дереккөзге сыни көзбен қарау қабілеті маңызды бола түсті. Бұл ретте Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық ұстанымдарынан қазіргі қоғамға сабақ алуға болады. Ұлы ұстаз үшін оқу тұлғаның адами қасиеттерін қалыптастырумен тығыз байланысты еді. Демек, бүгінгі білім беру жүйесі де шәкірттің тек жинаған фактілерінің көлемімен шектелмей, сол ілімді ел игілігіне қалай жарататынына басты назар аударуы қажет. Оқу бар жерде тәрбие қатар жүруі тиіс. Қазіргі маңызды мәселелердің бірі де – осы екі ұғымның өзара байланысы. Оқушы немесе студент алған дағдыларын адалдықпен қолданбаса, оның қоғамға пайдасы шектеулі болуы мүмкін.

Білім беру жүйесінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мақсаты адал, елжанды азамат қалыптастыру ретінде белгіленген. Құндылық адамның күнделікті таңдауынан көрінбесе, оның атауы ғана қалады. Мәселен, студенттің дайын жұмысты көшірмей өзі орындауы – адалдықтың нақты көрінісі. Журналистің расталмаған мәліметті жарияламай, дереккөзін қайта тексеруі – кәсіби жауапкершілік. Оқушының өзінен кейінгі орынды жинауы немесе кезекте өзгенің құқығын сыйлауы – қоғамдық мәдениеттің белгісі. Үлкен ұғымдардың өмірдегі өлшемі осындай қарапайым әрекеттерден құралады. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Адал азамат» бағдарламасы туралы сұхбатында оның мәнін баланың күнделікті өміріне түсінікті құндылықтарды енгізумен байланыстырған. Оның айтуынша, адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, үлкенге құрмет пен кішіге қамқорлық мектептің күнделікті тіршілігінен көрінуі керек. Тәрбие – бөлек өткізілетін іс-шара емес, баланың күн сайын көріп, қайталап, біртіндеп бойына сіңіретін ортасы. Маманның тағы бір пікірі осы мәселенің екінші жағын көрсетеді. Ол «Адал азамат» тек мектеп жобасы болып қалмай, отбасы мен қоғамның ортақ ұстанымына айналғанда нәтиже беретінін айтады.

Жауапкершілік бір ғана мұғалімге жүктелмейді. Менің ойымша, баланың мектептегі мінезіне отбасыдағы қарым-қатынас, ересектердің сөзі мен ісінің сәйкестігі, қоршаған ортаның мәдениеті де әсер етеді.

«Адал азамат» өзгенің еңбегін құрметтеумен өлшенеді. Бұл мәселе журналистика мамандығында тіпті анық көрінеді. Журналистің жұмысы ақпаратпен байланысты болғандықтан, адалдықтың кәсіби мағынасы да бар. Дереккөзді дұрыс көрсету, адамның сөзін бұрмаламау, тексерілмеген мәліметті шындық ретінде таратпау – журналистің күнделікті жауапкершілігі. Мұндай әдетті мамандыққа келген соң ғана қалыптастыру қиын деп ойлаймын. Себебі бұл үдеріс мектеп табалдырығын аттаған кезінен басталып, студенттік шағында жалғасын табады. Мектепте алған білімі мен тәрбиесі оның дүниетанымының негізін қалыптастырса, жоғары оқу орнында осы ұстанымдар кәсіби бағытпен ұштасып, болашақ маманның азаматтық жауапкершілігін арттыра түседі. Кейде «Адал азамат» ұғымы тым биік талап сияқты көрінеді. Шын мәнінде, оның бастауы өте қарапайым. Қоқысты жерге тастамау, кезекте өз орныңды сақтау, уәдеңде тұру, өзгенің еңбегін иемденбеу – бұлардың әрқайсысы адамның мінезін қалыптастырады. Адамның үлкен шешімдері де осындай әдеттерден құралады. Ыбырай мұрасының бүгінгі тәрбие үшін тағы бір маңызы байқалады. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер мінезі арқылы танылады. Осы орайда, ұстаздың «Таза бұлақ» әңгімесіндегі жас жігіттің пайымдауы адам бойындағы шынайы адалдық пен рухани тазалықтың терең мәнін ашып береді. Бұлақтың суы еш тоқтаусыз ағып, өзін-өзі лайланудан сақтап, әрдайым мөлдір қалпында болуы сияқты, адам да жүрегін, ниетін кіршіксіз адал ұстауы тиіс. Әңгімедегі кейіпкер пенденің жан дүниесін бұлақтың тазалығына теңейді. Шын мәнінде, өмірдегі кез келген игі іс пен ізгі қасиет құр міндет немесе көзбояушылық емес, ешқандай арам ойсыз, шынайы ниетпен және адал жүрекпен жасалғанда ғана өз мәніне жетеді. Адамның ішкі әлемі осы бұлақтай таза болса, айналасына тигізер шапағаты да шынайы әрі баянды болмақ.

Меніңше, Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолын бүгінгі күнмен байланыстыратын негізгі көпір де осында. Ол білімнің адамды өзгертуі керек екенін көрсетті. Ал өзгерістің ең нақты белгісі – адамның ісі. Білім алған сайын жауапкершілігі артып, өзгенің құқығын сыйлап, адал еңбекті бағалай бастаған адам ғана сол білімнің нәтижесін көрсетеді. Талаптанған жан әрекетімен, жалқау адам іссіздігімен көрінеді. Бұл бізге пендені сөзіне емес, ісіне қарап бағалаудың қарапайым қағидасын ұсынады. Ыбырайдан қалған мұра осы әрекеттің негізінде біліммен бірге адамдық қасиет те тұруы керектігін еске салады.

Ағартушы қазақ даласында мектеп ашып қана қойған жоқ, ұстаздықты елдің ертеңін айқындайтын күш деңгейіне көтерді. Бүгінгі білім беру жүйесі өзгергенімен, шәкіртке бағыт беріп, оның болашағына жол ашатын ұстаздың орны өзгермеді. Туындылары – қай жаста болсақ та, бізге тура жолды нұсқайтын айнымас темірқазық. Дара тұлғаның есімі әрбір қазақ баласының жадында мәңгі сақталады. Ыбырай Алтынсарин – ұлтымыздың өшпес жарығы, ұлы ұстазы!

Назерке  БАҚЫТБЕК,

Қорқыт  ата  атындағы  ҚУ

Журналистика  мамандығының  3-курс  студенті,

Ж-24-1  оқу  тобы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: