Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ант беріп, міндет бөлісті, Құрылтай іске кірісті

03.09.2026, 8:20 54

Ә дегеннен, Қазақстанда бір палаталы заң шығарушы орган өз жұмысын бастады. 28 тамызда Астанада өткен бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттар ант беріп, төраға мен оның орынбасарларын сайлады, тұрақты комитеттердің құрамын жасақтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрамның алдына заң сапасын көтеру, халықты толғандырған мәселелерді шешу және мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістерді жалғастыру міндетін қойды. Ал 31 тамыздағы отырыста Вице-президент пен Премьер-министрдің кандидатуралары қаралып, бекітілді. Сонымен…

23 тамыздағы сайлау қорытындысы­мен Құрылтайға 5 саяси партияның өкілдері өтті. Жаңа органның 145 депутаты Қазақстан халқына адал қызмет етуге, елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, Конституция мен заңдарды сақтауға ант қабылдады. Осы рәсімнен кейін Құрылтай басшылығын сайлау жұмысына  кірісті.

Құрылтай төрағасы лауазымына Мемлекет басшысы Айбек Дәде­байдың кандидатурасын ұсынды. Жасы­рын дауыс беру нәтижесінде депу­таттар бұл ұсынысты қолдады. Сайланған төраға өзіне жүктелген жауапкершілікке тоқталып, алдағы жұмыста әр шешімнің мақсаты айқын  болуы  керектігін  айтты.

– Жүзеге асырылып жатқан реформалардың ауқымы бізден қажырлы еңбекті талап етеді, әрбір шешімнің артында  нақты  мақсат  тұруы   тиіс, — деді  Айбек Дәдебай.

Бұдан кейін оның ұсынысымен Құрылтай төрағасының үш орын­басары сайланды. Бұл қызметтерге «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева, «Әділет» партиясының депутаттары Динара Зәкиева мен Нұрлан Бекназаров келді. Дания Еспаеваның Мәжіліс басшылығында, Нұрлан Бекназаровтың Сенатта жұмыс істеген тәжірибесі бар. Динара Зәкиева бұған дейін Мәжіліс депутаты, ке­йін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызме­тін атқарған. Алғашқы оты­рыста заң жобаларын салалар бойынша қарайтын сегіз тұрақты комитет құрылып, төрағалары  сайланды.

КомитетТөрағасы
Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстарСерік Егізбаев
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдарыҮнзила Шапақ
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздікМарат Қожаев
Өңірлік және инфрақұрылымдық дамуӘмірбек Оспанбеков
Әлеуметтік-мәдени дамуАсхат Аймағамбетов
Қаржы және бюджетОльга Перепечина
Цифрландыру, инновациялар және ғылымДархан Ахмедиев
Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетикаНаталья Годунова

Президент алғашқы сессияда Құрылтайға берілген өкілеттіктерді түсіндірді. Конституциялық сот судья­ларын, Орталық сайлау комис­сиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындау­ға депутаттардың келісімі қажет. Құрылтай Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлап, қызметінен босата алады. Сондай-ақ республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есептерді бекітеді, Үкіметке сенімсіздік білдіруге және оның жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Мұндай құзырет депутаттардың  қабылданған шешімдер үшін жауапкершілігін  де  арттырады.

Заң шығару жұмысына қатысты қойылған талап та нақты. Бұрын Мәжіліс қабылдаған заңдарды Сенат қайта қарап, құқықтық сәйкестігін тексеретін. Енді бір палаталы орган жағдайында осы жұмыстың сапасын қамтамасыз ету қажет. Мемлекет басшысы заң жобаларын сарапшылармен талқылауға, әр норманың азаматтар өміріне ықпалын мұқият бағалауға  назар  аударды.

– Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек, — деді Қасым-­Жомарт  Тоқаев.

Осы мақсатта әзірленіп жатқан «Е-Parliament» ақпараттық жүйе­сін Құрылтай жұмысына бейімдеу тап­сырылды. Заң жобаларын талдауға жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндігі де айтылды. Дегенмен, Президент технология кәсіби құқықтық сараптаманың орнын баса алмай­тынын  ескертті.

Бірінші сессияның заңнамалық жұмысына цифрлық активтерді дамыту, орта білімге жасанды интел­лектіні енгізу, Digital Qazaqstan стратегиясын іске асыру мәселелері енгізілмек. Білікті мамандар мен инвести­ция тартуға арналған «Алтын виза», көші-қон саясатын жетілдіру, «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеу жөнінде де тапсырмалар берілді. Ерекше қажет­тілігі бар балаларды қолдау мәселесіне жеке тоқталған Президент олардың білім алуына, медицина­лық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігіне жағдай жасауды, өңірлерде тиісті орталық­тар  ашуды  тапсырды.

Балалардың интернеттегі қауіп­сіздігі де күн тәртібіне шықты. Мемлекет басшысы Үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заңмен тыйым салу ұсынысын қолдады. Сонымен бірге, мұндай заң қабылданған жағдайда оның орындалу тетігін алдын ала ойлас­тыру қажет екенін айтты. Демек, алғашқы отырыста тыйым күшіне енген жоқ, оны заңнамалық тұрғыдан қарау міндеті қойыл­ды. Онлайн-­платформалар мен масс-медиа саласында азаматтардың құқықтарын қорғауға қосымша шара­лар қабылдау қажеттігі де көтерілді.

Экономикалық мәселелердің ішінде Ұлттық қор қаражатын пайдалану жайы назар аудартты. Президент ұзақ мерзімде әлеуметтік және экономикалық пайда әкелетін стратегиялық жобаларды, соның ішінде Ұлттық қор есебінен қаржылан­дыру жоспарланғанын жеткізді. Оның айтуын­ша, қаражаттың тиімділігі келе­шек ұрпаққа қалатын нәтижемен өлшенуге тиіс. Бұл тұста зама­науи инфрақұрылым қалыптастыру­ға  басымдық  берілетіні  айтылды.

Алғашқы сессиямен қатар Үкі­меттің жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін доғару рәсімі өтті. 28 тамыздағы Президент Жарлығында жаңа құрам бекітілгенге дейін Үкіметке өз міндеттерін атқара беру тапсырылды. Сондықтан бұл шешімді  атқарушы  биліктің жұмысы  тоқтады  деп  түсінуге  болмайды.

31 тамызда Құрылтай мемлекеттік басқару жүйесіндегі келесі та­ғайындауларды қарады. Президент Вице-президент лауазымына Ерлан Қаринді, Премьер-министр қызме­тіне Олжас Бектеновті ұсынды. Мемлекет басшысы Қариннің рефор­маларды іске асыруға қатысқанын және мемлекеттік басқарудағы тәжірибесін атап өтті. Вице-президентке билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, депутаттармен және Үкіметпен тығыз жұмыс істеу міндеті жүктелетінін түсіндірді. Бектеновтің кандидатурасын ұсынғанда оның Үкіметтегі жұмысын оң бағалап, басталған инфрақұры­лымдық жобаларды жал­ғастыру  қажеттігіне  тоқталды.

Дауыс беру кезінде Ерлан Қарин­нің кандидатурасын 141 депутат қол­дап, төртеуі қалыс қалды. Олжас Бектеновке 137 депутат қолдау білдіріп, жетеуі қалыс қалды. Депутаттар­дың келісімінен кейін Пре­зидент тиісті жарлықтарға қол қойып, Е.Қарин Вице-­президент, О.Бектенов Пре­мьер-­министр  болып  тағайындалды.

Өзіне көрсетілген сенімнен кейін сөз алған Ерлан Қарин конституция­лық өзгерістердің қоғамдық өмірде орнығуына мән берді. Ол реформалардың жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашқанын айтып, ендігі жұмыстың  мазмұнына  тоқталды.

– Ендігі мақсат – жаңа конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, қоғамдық санада орнықтыру, — деді Ерлан Қарин.

Үкімет басшысы алдағы жұмыс­тың өлшемі ретінде экономикалық өсім мен халық табысын атады. Ол инфляцияны төмендету, жұмыспен қамту арқылы азаматтардың табысын арттыру, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын  жалғастыру міндеттеріне тоқ­тал­ды.

– Президент мырза, жыл қоры­тын­дысы бойынша экономиканың кемінде 5 пайыз деңгейінде өсуін қам­тамасыз етеміз, — деді Олжас Бектенов.

Сол күні мемлекеттік бас­қару жүйесіндегі тағы бір тағайындау жарияланды. Президенттің Жарлығымен Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне  келді.

Алда жаңа институттарды жасақтау жұмысы жалғасады. Президент алғашқы сессияда Халық Кеңесі қыркүйектің екінші жартысында құрылатынын мәлімдеді. Заңнамалық бастама көтеру құқығы берілетін бұл орган қоғамдағы түрлі топтың ұсыныстарын мемлекеттік деңгейге жеткізуге  тиіс.

Құрылтайдың алғашқы күнде­рінде басшылық сайланып, жұмыс бағыттары белгіленді, бірқатар жо­ғары лауазымға келісім берілді. Ендігі жауапкершілік қабылданатын заңдардың сапасынан, бюджет қара­жатына жүргізілетін бақылаудан және жұрт көтерген мәселелердің шешілуінен көрінеді. Алғашқы отырыста айтылған сөздердің салмағын да  осы  жұмыс  айқындайды.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллажды  жасаған  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: