Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Qyzylorda телеарнасы жаңа маусымды Сыр жағасында ашты

22.09.2026, 9:00 77

Qyzylorda телеарнасы жаңа маусымын студияда емес, Сырдария жағасында қарсы алды. Арна ұжымы өзен жағасынан тікелей эфир ұйымдастырып, көрерменге 1 сағат 40 минуттық арнайы бағдарлама ұсынды.

Телеарна директоры Нұрбек Әмишаның айтуынша, табиғат аясында эфир жасау идеясы бірнеше жылдан бері ойда жүрген. Негізгі мақсаттың бірі – Сырдария үстіндегі күннің бату сәтін тікелей эфирге түсіріп, көрерменге Қызылорданың табиғатын өзгеше қырынан көрсету болған.

— Күн бізбен келісіп батпайды, жердің осі де өз қолында. Тек сол айналасы 10–15 минуттық Сырға ғана тән сиқырлы сәтті кадрға сыйдырып, жалпақ жұртшылыққа ұсынсақ деген мақсатқа жеттік. Күнде табаныңда тапталып жататын топырақтың қадірін білмейміз. Алайда сол құмның, сол Сырдың еш жерге ұқсамайтын тылсымы бар,— деп жазды Нұрбек Әмиша Facebook парақшасында.

Тікелей эфирдің шарықтау шегі Сырдария үстінде күн батқан мезетке тұспа-тұс келген. Бұл көрініс әнмен әрленіп, телеарна эфирі мен әлеуметтік желі арқылы көрерменге көрсетілді.

Бағдарлама тек табиғат көрінісімен шектелген жоқ. Эфирге Түркістаннан келген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғалымдары қатысып, археология және өңір тарихына байланысты жобалар жайын сөз етті. Амфитеатрға ақсақалдар, апа-әжелер, сала мамандары мен арна көрермендері жиналды.

Эфир барысында ән мен жыр айтылып, сұхбаттар жүргізілді. Арна ұжымы жаңа маусымды жергілікті тарих, мәдениет және табиғатты бір алаңға тоғыстырған форматпен бастауды көздеген.

Нұрбек Әмиша мұндай эфир форматына әріптесі Бақыт Аманжолқызының ұсынысы түрткі болғанын да атап өтті. Оның сөзінше, ортақ идея үш жыл бойы пісіп, биыл жүзеге асқан.

Жобаға облыстық халық шығармашылығын қолдау орталығы, қалалық мәдениет бөлімі, облыстық филармония, ардагерлер кеңесі, қала әкімдігі және өзге де серіктестер атсалысқан. Түркиядағы TRT корпорациясының өкілі Mehmed Zahid Çalışkan да бейнеқұттықтау жолдаған.

— Тікелей болған соң кем-кетіктері болды. Бұл – тікелей эфир. Разбор полетов жасаймыз,— деп жазды арна директоры.

Qyzylorda телеарнасының жаңа маусымы Сыр жағасындағы ашық аспан астындағы эфирмен басталып, арна тарихындағы табиғат аясында жасалған ерекше жобалардың біріне айналды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: