Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалім болу оп-оңай, ұстаздық деген – ерек іс

27.07.2023, 10:40 374

«Алтын шыққан жерді белден қазатындардың» қатарынанбыз. Қазғанда да кейде алды-артымызға, бас-көзге қарамайтынымыз тағы бар. «Мұғалімдердің  жалақысы көбейіп жатыр» дегенге  жұрт жаппай осы салаға  шабаданын  жинап  жүгіруде. Халық  та  қайбір  жетіскеннен  жүр дейсің? Ақшасы  бар  жерге жармасып қалуға тырысады. Бірақ, білім беру ісі екінің бірінің тізгіндеп кететін саласы емес. Ұстаздық ету – ұлт алдындағы жауапты қызмет. Ақша бар екен деп ойға да, қырға да аса беру – жақсылықтың  нышаны  емес.

Ғылым және жоғары білім министр­лігі мемлекеттік грант конкурсына талапкер­лерден 30 мыңнан астам өтініш келіп түскенін  мәлімдеді. Талапкерлердің  таң­дауы ішінде ең сұранысқа ие бағыты ретінде «Педагогикалық ғылымдар» болып отыр, оған 8 мыңға жуық оқуға түсуші құжат  тапсырған. Екінші орында орналасқан «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына» 6 мыңнан астам өтініш қабылданды. Одан кейінгі түлектер ең көп таңдаған бағытқа «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты кірді. Бас-аяғы 5 мыңға жуық адам IT саласына түсуді жоспарлап  отыр.

Енді ойлай беріңіз.  8000 студент мұға­лімдік бағыттағы мамандықты оқып шығады. Жыл сайын дәл осындай қарқынмен түлектер шығатын болса, мектепте маман жетіспеушілігі жойылатын сияқты. Осыдан екі жыл бұрын Асхат Аймағамбетов министр болып тұрған тұсында педагогикалық мамандықтарды оқытатын университеттердің қатарын сиреткен. Көп оқу орны лицензияларынан айырылды. Бұрын 86 университет педагогикалық мамандықтарды оқытқан болса, соның 50-і ғана қалған. Саннан сапа маңызды. Екінің бірі мұғалімдікке оқытатын болса, екінің бірі мұғалім  болмай  қайтеді?

Өткен жолы пәлен жыл мұғалімдік қыз­метте болып, зейнеткерлікке шыққан бір кісінің әңгімесін құлағым шалып қалды. Айтуынша, соңғы жылдары мектеп қабыр­ғасында  мұғалім  болып  жүргендердің  қата­ры  артқан.

– Ұстаздар қауымының қатары артқаны дұрыс. Бірақ, сәл сапаға да мән берілу керек. Ұлт болашағының тәрбиесі – екінің бірі алып кететін ойыншық емес. Оған алдымен адамның ынтасы, екінші білімі, үшінші күш-қайраты мен жігері керек. Бізде қалай? Бізде «бұл жерде ақша көп» деген ой алдыңғы қатарға  шығып  кеткен, – дейді Б.Қасымова.

Тіпті олардың арасында мектеп қабыр­ғасында екі әріптің басын қоса алмаған күйі мектеп бітіргендер де бар дейді. Осыдан  кейін  мектеп  базасындағы  білім  беру­дің  деңгейін  бағамдай  беріңіз.

Биыл ғана мұғалім мамандығын таңда­ған түлекпен тілдестік. Оның пікірі мынадай:

– Мұғалім болуды қатты армандаған жоқпын. Ата-анамның ықпалы болды. Оның үстіне қазір жұмысқа орналасу, жұмыс табу өте қиын. Сол себепті осы педагогика сала­сын таңдадым.  Төрт жылдық оқуымды аяқтағаннан кейін осы салада жұмыс істеймін бе, әлде басқа салаға қарай ауысамын ба білмеймін. Бірақ, мұғалімдікті осы заманның талабы деп  ойлаймын, – дейді  Е.Самалбек.

Естеріңізде болса, былтыр 1 қаң­тарда Президент тапсырмасы бо­йынша балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледждердің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі педагогтерінің жалақысы тағы 25%-ға ұлғайтылған болатын. Биыл да біршама пайызға көтерілгелі отыр. Жалақысы жылдан-жылға өсіп бара жатқан салаға тек үздіктер келеді деген экс-вице-министр Шолпан Каринованың  мынадай  сөзі  бар еді.

– Біз мұғалімдердің жалақысын көтеру­дің сөзсіз оң әсерін көріп отырмыз. Біздің кәсібімізге – педагог кәсібіне қазіргі таңда үздіктер келеді. Педагогикалық мамандыққа түсетіндердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсті және  «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есеге көбейді. Мұғалімдердің еңбек­ақысын арттыру – ел болашағына үлкен инвестиция. Биылғы жылдың қаңтар айы­нан бастап Президент Қ.Тоқаев тапсыр­ғандай, барлық педагогтер жоғарыланған жалақы алатын болады. Соны­мен қатар, жалақымен бірге мұғалімдер алатын қосымша төлемдер де артады. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-нан 50%-на дейін), магистр дәрежесі үшін, ағылшын тілінде пәндерді жүргізгені, дәптерлер тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлік үшін төленетін үстемеақылар, – деді  ол.

ТҮЙІН. Педагогикалық қызмет – аманат. Оған бейжай қарап, бос мақтан қуып кету жақсы емес. Өйткені оның астарында үйдегі ата-ананың аманаты, сенімі, ұлттың болашағы, таным-тәрбиесі жатыр. Осыншама салмақты көтере алған адам ғана ұлы жолда сүрінбейді. Бір сөзбен айтқанда, мұғалім болу оп-оңай, ұстаздық  деген  –  ерек  іс.

Керім  КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: