Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үш тіл – үш әлем, бір мақсат – білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу

14.10.2026, 8:45 33

HALYQLINE.KZ

Қазіргі уақытта бірнеше тілді меңгеру – заман талабы. Тіл білу адамның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, оның түрлі мәдениетті түсінуіне, еркін қарым-қатынас жасауына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етеді. Осы мақсатта мектебімізде Тіл апталығы аясында оқушылардың тілдік білімін жетілдіруге бағытталған «The Time Machine» атты қызықты әрі танымдық іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты оқушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі тілдік дағдыларын қызықты әрі интерактивті тапсырмалар арқылы дамыту, сөздік қорын молайту, сөйлеу және сөйлем құрау қабілеттерін жетілдіру, сыни ойлауын дамыту және шет тілдерін үйренуге деген қызығушылығын арттыру болды.

Іс-шара барысында оқушылар ерекше форматта тіл әлеміне саяхат жасап, бірнеше қызықты кезеңнен өтті.

Алғашқы аялдама – «Ancient World» – «Ежелгі әлем» кезеңі болды. Бұл турда оқушылар ағылшын тіліндегі аралас сөздерден дұрыс сөйлем құрастырды. Мысалы, берілген сөздердің орнын дұрыс орналастырып, «The pyramid is big», «The books are on the table», «The king has a crown» сияқты сөйлемдер құрады. Бұл тапсырмалар оқушылардың ағылшын тіліндегі сөйлем құрылымын дұрыс меңгеруіне мүмкіндік берді.

Келесі кезең «Kingdom of Words» – «Сөздер патшалығы» деп аталды. Мұнда оқушылар араласқан әріптерден ағылшын тіліндегі сөздерді тапты. «TOBOR – ROBOT», «LAYP – PLAY», «CEPSA – SPACE», «OOLSCH – SCHOOL», «GUAGEANL – LANGUAGE» сияқты тапсырмалар оқушылардың сөздік қорын бекітіп, ойлау жылдамдығын арттырды.

Іс-шараның мазмұнын тереңдете түскен ерекше кезеңдердің бірі «Three Languages / Proverbs» туры болды. Бұл бөлімде оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдермен жұмыс істеді. Сурет арқылы мақалдың астарлы мағынасын анықтап, үш тілдегі баламасын табу оқушылардың тілдік қана емес, мәдени танымын да кеңейтті.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Отан – оттан да ыстық», «Тіл – халықтың жаны», «Денсаулық – зор байлық», «Еңбек түбі – береке» сияқты халық даналығының үлгілері үш тілде ұсынылды.

Оқушылар үшін ең қызықты кезеңдердің бірі – «Illustrated Puzzle» – «Суретті жұмбақ» туры болды. Әр топқа суретті жұмбақтар ұсынылып, оқушылар суретке қарап жасырылған сөзді, затты немесе ұғымды табуға тырысты. Бұл тапсырма оқушылардың байқағыштығын, логикалық ойлауын және топпен жұмыс істеу қабілетін дамытуға бағытталды.

Ал «Uncover the Picture’s Secret» – «Суреттің құпиясын аш» кезеңінде әр топ экрандағы ұяшықтардың бірін таңдап, оның артында жасырылған суретті ашты. Суреттің мағынасын анықтаған соң, оқушылар сол сурет бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлемдер құрастырды. Осылайша, бір ғана тапсырма арқылы үш тілде ойлау және сөйлеу дағдыларын қолдануға мүмкіндік алды.

Іс-шара соңында оқушылар «Әрқашан күн сөнбесін» әнін орындап, тіл апталығына арналған саяхатты көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.

Нәтижесінде мұғалім оқушыларға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, тіл үйренудің жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Бұл іс-шара оқушыларға тіл үйренудің тек ережелер мен сөздерді жаттау ғана емес, сонымен қатар  ойлау, іздену, қарым-қатынас жасау, шығармашылықпен жұмыс істеу және өз білімін тәжірибеде қолдану екенін көрсетті.

Үш тілді қатар қолдану арқылы оқушылар өз білімдерін сынап қана қоймай, бір-бірімен пікір алмасып, топтық жұмыс істеуге, өз ойын еркін жеткізуге және ортақ нәтижеге жетуге ұмтылды. Тіл – халықтың рухани қазынасы. Ана тілін құрметтеп, өзге тілдерді меңгеру – жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтетін маңызды қадам.

«The Time Machine» атты тілдік саяхат та осы мақсатты көздеді: оқушыларға тілді қызықты үйрету, білімге деген құштарлығын арттыру және үш тілдің мүмкіндігін бір арнада тоғыстыру.

Осындай мазмұнды, танымдық және шығармашылық іс-шаралар оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақта көптілді, білімді және бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.

Гүлденген  Бахитова,

№85 орта мектебі ағылшын тілі пән бірлестігінің жетекшісі.

Қармақшы  ауданы

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: