Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық оқушылар тың жоба әзірледі

23.10.2026, 9:30 25

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Айшабибі Ерланқызы мен Ғайнижамал Берікқызы жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін QOLDAU AI веб-платформасын жасап шығарды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа жүйе қазақтың ым тіліндегі қимылдарды нақты уақыт режимінде танып, оларды мәтінге және дыбыстық хабарламаға айналдырады. Жобаның алғашқы сынағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған Қызылордадағы №6 арнайы мектеп-интернатында өтті.

Жоба авторларының айтуынша, платформаны пайдалану үшін интернетке қосылған компьютер мен веб-камера болса жеткілікті. Қосымша бағдарлама орнатудың қажеті жоқ. Жүйе ым-ишараны танып, оны өзге адамдарға түсінікті мәтін немесе дыбыс түрінде жеткізеді. Бұл есту қабілеті бұзылған адамдардың қоғаммен еркін байланыс орнатуына көмектесуге бағытталған.

Сынақ кезінде мектеп-интернат тәрбиеленушілері платформаны қолданып көріп, өз пікірлерін білдірді. Педагогтер жобаның практикалық маңызын атап өтіп, жүйе танитын ым-ишаралар санын көбейтуді ұсынды. Олардың пікірінше, платформа балалардың жазбаша сөйлеу дағдыларын жетілдіруге де септігін тигізуі мүмкін.

Ым-ишара тілі маманы Зухра Қалжанова да жобаның әлеуетін жоғары бағалады. Оның сөзінше, платформаны жетілдіріп, кейбір қимылдарды дәлірек тануды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар оқыту материалдары мен бейнесабақтар санын арттыру маңызды.

Қазіргі уақытта QOLDAU AI жобасын дамыту жұмыстары физика пәнінің мұғалімі Айнұр Құрақбаева мен Қызылорда қаласындағы NIS директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Мадина Рашитованың жетекшілігімен жалғасып жатыр.

Жоба авторлары пайдаланушылардан түскен ұсыныстарды ескеріп, платформаның мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Фото: nis.edu.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: