Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орталық алаңда гала-концерт өтті

01.11.2026, 9:55 33

Шиелі ауданында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орталық алаңда «Алтын күз – 2026» мерекесі аясында гала-концерт өтті.

Берекелі күздің ырысы мен несібесін, диқан қауымның еселі еңбегін ұлықтаған мерекелік кешке аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік шара барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиналған жұртшылықты «Алтын күз – 2026» мерекесімен құттықтап, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің аудан экономикасын дамытуға қосқан үлесіне тоқталды.

Аудан басшысы өз сөзінде биылғы егін науқанының қорытындысына да тоқталып, Шиелі диқандарының маңдай терімен келген мол өнімнің аудан берекесінің айғағы екенін атап өтті.

Айта кетейік, биыл аудан бойынша 32 499 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде ауданның негізгі дақылы саналатын күріштің көлемі 11 600 гектарды құрады. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 61,5 центнерден өнім алынып, қамбаға жалпы 71 340 тонна Сыр салысы құйылды.
Жергілікті шаруалардың табанды еңбегі мен Ыбырай Жақаевтан бастау алған даңқты еңбек дәстүрінің бүгінгі жалғасы.

Сонымен қатар аудан басшысы биыл өңірдің рухани-мәдени өмірінде де тағылымы мол шаралардың өткенін жеткізді. Атап айтқанда, ақ күріштің атасы, даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаевтың 70 жас мерейтойы мен қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаеваның 80 жас мерейтойына арналған «Тұлғалар тағылымы: парасат пен пайым» атты тағылымды кеш ұйымдастырылды.

Аудан әкімі сөз соңында барша еңбек адамдарына алғысын білдіріп, диқандарға молшылық пен береке, отбасыларына амандық, еңбектеріне толайым табыс тіледі.

Мерекелік салтанатты кеш аясында ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлер арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар бірқатар азаматтарға облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің және аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік кештің тізгінін танымал қазақстандық тележүргізуші Ардақ Қасымхан қолға алды.

Кеш шымылдығын Қазақстан эстрадасының танымал өкілдері түрлендірді. Атап айтқанда, Қазақстанның халық сүйіп тыңдайтын әншілері Гүлнұр Оразымбетова, Сырым Исабаев, әнші-сазгер Әл-Фараби Бекарысұлы және жастардың сүйікті әншісіне айналған Bayansulu сахна төріне көтеріліп, әсем әндерімен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Әсерлі әуен мен әсем әнге ұласқан гала-концерт барысында алаңға жиналған жұртшылық ерекше мерекелік көңіл күйге бөленді.

Береке мен бірлікті, адал еңбек пен молшылықты дәріптеген «Алтын күз – 2026» мерекелік кеші Шиелі аспанында жарқыраған әсем отшашумен қорытындыланды.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: