Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсылықтың құны қанша?

08.10.2020, 10:30 1416 15

Түн тыныштығының құшағына батып, ұйықтауға бекінген еді, бірақ, кешегі отырыстағы достарының сөзі есінен шықпай қойды. «Көзімді ашсам, ұйқым қашып кетер» деп тарс жұмып алған. Бірақ, санасын түгел жаулаған күмәнді сұрақтар ойынан кетер емес. «Жақсылықтың себепкері болсам екен» дейтін жас жігіттің соңғы уақыттағы естіген сөзде­рі санасын улап тастағандай. Кешегі отырыста қайырым­дылық қорда тегін жұмыс істеп жүргенін достары түсінбей, көп мазақ қылып еді. Содан бері «шынында, осы маған қажет пе?» деген сауал мазалайды. Жүрегі қарс айырылғалы тұрған Азаматтың телефонына біреу қоңырау шалды. Астапыралла! Түнделетіп хабарласқан қайсысы? Санасын кернеп жатқан ойлардан арылармын деген сенім­мен көзін сәл ашып, телефонға қарады. Таныс нөмір. Тұңғиық ойдың тереңіне батып кеткен Азамат тым-тырыстың берекетін алған кім екенін біл­мекші болып, телефонын кө­терді. Таныс дауыс. Жылаған ер адамның дауысы. Жас балаша еңірейді. Тіпті, сөйлеуге мұр­шасы келмейді. Аң-таң болған жігіт алаңдады ма, әйтеуір орнынан тұрайын деп еді, аяқ-қолы дірілдеп, төсекке байланып қалғандай қозғала алмады. Аласапыран бір сезім өн бойын тесіп  барады…

…Осыдан бірнеше ай бұрын Азаматқа әлдебіреу хабарлас­қан болатын. Күйеуінен айырылған жесір ана үйге зәру екен. 6 баласымен жалдамалы пәтерде тұрады деген соң, барып жағдайды өз көзімен көру­ді жөн көрді. Жан азабын тартып, санасын сан сауал сансыратқанда адам баласы не істемейді дейсің. Үйді кезексіз алу үшін бәріне барады. Құлқынын «көк ақша» тескендер алаяқтық жасап, тегін үй алып қалуға дейін барады. Ал мұнда бүкіл халықтың жинаған ақшасы. Бейқам қарағаның көпшіліктің сеніміне түкіргенмен бірдей. Бірақ, Азамат оның бәрінен хабард­ар. Себебі, оның «Харекет» қайырымдылық қорында жүргеніне  жылдан  асты.

Қажетті көшеге де жетті. Қаланың шетінде орналасқан бұл көшенің соңында жұпыны үйге көзі түсті. Төбесінде шаты­ры­  жоқ, мүлдем қоршау көр­ме­ген, әбден азып-тозған үйді көріп, соған жол тартты. Жақындаған сайын айғай-шу ес­тіледі. «Тағы бір даукес қатынға жолықтым-ау» деп ішінен күбірледі де, ішке кірді. Бірақ, мұндағы жағдай мүлдем басқа екен. Кіргені сол-ақ, үйдегі киім-кешектің барлығы далада жатқанына көзі түсті. Сырттан келген қонақты көріп, екі әйел де соған қарай бұрылды. Көңіл түкпірінде бұл адамның жаман ниетпен келмегеніне сенімді. Шынында, Азамат жүзі жар­қын жігіт еді. Мән-жайды анықтай келе, үй егесі жалдау ақысын талап етіп, үйден қуып жатқанын түсінді. Балаларын құшақтап, өксіп жылаған ана сәл уақыт беруін сұрауда. «Жұпыны үйін сонша қызған­ғаны несі?» деген ойда тұрған Азамат:

– Сәлеметсіз бе, апа? Мен «Харекеттің» жігітімін ғой. Өткенде  хабарласқан  едіңіздер, – деді.

– Әй, балам, мына қаңғы­бастарға үйіңді бер де, көзін құртшы. Осымен үшінші ай бойы 1 тиын төлемей тегін жа­тыр­. Қайда түнесе де өзі білсін,- деп үй егесі айғайлай жөнелді.

Әлгі мұқтаж ана балаларын құшақтап, өксіп жылауда. Күйеуінің осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болғанынан Азамат­  хабардар еді. Анаға оңай емес екенін де түсінеді. Жағдайдың ауыр екенін бай­қаған  ол дереу:

– Апа, үйден қумай тұра тұрыңызшы. Бір күн уақыт беріңіз, мен бір амалын табамын, – деп үй егесіне жалына кетті.

Көңіл түбінде күдігі басым үй егесі көзін алартып:

– Жарайды. Бірақ ертең кешкі  5-те келемін де ештеңеге­ қарамай бәріңді қуып шығамын, – деп шығып кетті.

Үйдің ішіне кіріп, жағдаймен танысқан Азамат таңғалды. Үй дауылдан да, жауыннан да аман қалмайтын түрі бар. Дүлей ызғар есіп тұр. Қыстан аман шыға  алмайтыны  анық.

– Апа, қордан келіп тұрмын. Сізді тіркесем бе деймін. Бұйырса, үйлі боласыз, – деген бойда, мұқтаж кісі:

– Әй, балам-ай, жағдай осы. Сен тіркегенмен қажетті ақша бірден жинала қояды деймісің. Тіпті, соның жиналатынына да күмәнім бар. Өмірдің қай кезең­інде жолым болып еді менің? – деп қайта жылай түсті.

Көздері мөлдіреген бүлдір­шіндердің жанарында мұң тұр. Қатал тағдырдың тепкісіне әбден төзіп болған ана жасын сүртіп, әңгімесін қайта жал­ғас­тырды:

– Басқа амалым жоқ. Балаларымның екеуін интернатқа берейін деп отырмын. Қалған екеуін малшы ауылға жібере­мін. Екі үлкенімді қаладағы туыс­қандарымның қолына беремі­н. Осылай күнелтем енді. Басымнан сорым арылмай қойды-ау, – деді де заттарын жинай  бастады.

Жүрегінде үміт оты қалмаған Айшаны көріп, жүрегі ау­зына тығылған Азамат үйден жүгіріп шықты да, қор басшысына  хабарласты.

– Гүлмира әпке, біздің қа­ла­дағы мұқтаж анаға дереу үй керек­. Жағдайы ауыр. Бала­ларды бір-бірінен айырмайық. Ертеңге дейін ғана уақыт бар, – деп дауысы діріл қағады. Жігіт­тің бойынан уайымды сезбеу мүмкін емес еді.

– Сабыр ет, балам. Жағдай шынымен ауыр болса, қордағы бар ақшаны аударайын. Бірақ, үйге жете қояды ма екен, біл­меймін, – деді.

– Жеткіземін әпке, дайындай беріңіздер, – деп дереу саты­латын  үй іздестіре бастады. Кешке дейін қарап, интернеттен бір үйді тапты. Суреттен қа­рағанда іші кең, бағасы арзан­. Бірақ көрсеткен сомасына бір миллион теңгедей жетіспейді. Өте қомақты қаражат. Дегенмен, «осы үйді алсам, алты бала төрт бұрышын ай­нал­дыра, кеңі­нен сауық-сай­ран­ құрар еді ғой» деп дереу үй егесіне хабарласты. Тұтқаны бір  әйел адам  көтерді.

– Сәлеметсіз бе, апа? Мен қайырымдылық қорынан ха­бар­ласып тұр едім. Сіздердің үйлеріңізді алып, мұқтаж от­басыға  табыстасақ  дейміз, – дей бергені  сол  еді:

– Балам-ай, сауаптарың оң болсын. Сендерді газеттен оқы­ғанмын. Жарайсыңдар, – деп мейірімді дауыспен қолдау білдірді. Аңқылдақ келіншек екені байқалып тұр. Сыңғыр­лаған даусынан-ақ көңіліндегі бар жылулықты сезіне аласың. Жанына жайлы батқан дауысты  естіп, келіседі деген үміт­пен:

– Бірақ, ақшамыз біраз жетпей тұр. Жақсылықтың түбі – қайырлы ғой. Бағасын түсіп, үйді  сатыңыз, – деді. Сәл үнсіз­діктен  кейін:

– Кешір айналайын, үйдің бағасын түсіре алмаймын. Күйеуім зағип еді. Бізде де бала бар дегендей. Мен жалғыз жұмыс істеп отырмын, – деп жылы сөйледі. Бағасын жолығып келісуге бекінген Азамат оларды кездесуге шақырды. Мекенжай сол әлгі мұқтаждың үйі және кездесу уақыты сағат 5-те деп белгіленді. Жағдайды көрсе келісіп қалар деген үміт пе, әйтеуір сол уақытта барлы­ғы оңынан боларына сенді. Келі­сілген уақыт болып, мұқ­таждың үйіне барды. Бара салы­сымен кешегі айғай қайта басталғанын аңғарды. Үйге кірген  бойда:

– Әй, мыналарға үй берем дегенің қайда? Бұлардың Құдайға да қажеті жоқ. Бергіш болсаң бермейсің бе осы бейшараға. Енді маған жалынбаңдар. Бұл сияқты балаларын шұбыртқан әйел кімге керек? – деп  айғайға  басты.

Сол сәтте есік алдында әлгі сатылатын үйдің егесі де келіп қалған еді. Әңгімені толықтай естіген келіншек жылап жі­берді. Азамат анықтап қарап еді, күйеуі расында зағип жан екен. Бар жағдайды көріп, бағамд­ап:

– Еее, мен соқырмын ба десем,­ дүниенің кеңдігін «көк ақшаға» айырбастаған со­қыр­лар көп екен ғой. Сұраған бағаңа ал, інім. Тек осы отбасы бақытты болса болғаны, – деп жауап  қатты.

Айша анамыз болып  жат­қан жағдайды бағамдап үлгермеді. Дауысы дірілдеп:

– Балам, бұл екеуі кім? – деп сұрады. Көзіндегі үміт оты жанардай болған оның көңіліндегі күдік те кетер емес. Ғажайыпқа сенбек түгілі ол сөзді лексиконынан жоғалтқан ана не қуанарын, не жыларын білмей, аң-таң. Аузы ашылған күйінше, тұрған жерінде қатып қалды.

– Жаңа үйіңіздің егелері, апа. Құдай қаласа, өзіңіздің жеке үйіңіз болады, – дегені сол-ақ, қара жерге отыра кетті. Өмірдің бал дәмін сезінбегені қашан. Қуаныштың не екенін ұмытқандай өзі. Өн бойында жеңілдіктің лебі де сезілмейді. Әлгі дауысы жылы келіншек:

– Әпке, жаңа үйіңіз құтты болсын. Үйіңіздің ас бөлмесі менікі еді, енді сіздікі. Қимай да тұрмын, – деді күліп, – жүріңіз сізге үйді көрсетейін.

Орнынан тапжылмаған Айша жылай бастады. Иә, бұл қуаныштың көз жасы еді…

…Кезекті үйді аман-есен табыстады. Қажетті қаражат та, үй де тез арада табыла кеткеніне­ қуанып, өзінің мардымды ісіне марқайып пәтеріне қайтты. Азаматтың өзі ағасының пәтерінде тұратын. Сол түні достарымен кездескенде де ең көп айтылған тақырып осы болды. «Өзің диуанасың, кімге пір болас­ың?» деп келеке етіп, мазасын алды. Мұқтажды мұратына жеткіздім деген көңілі су сепкендей басылып, санасын сан сұрақ мазалай бастады. Осылайша, достарымен көптен күткен кездесудің берекеті кетті. Үйіне келе сала, қалың ойға шомып, жанын қоярға жер таппады. Ұмытамын деп ұйықтауға тырысады. Дегенмен, сасық ойлар санасын жегідей жеп, кеудесі инемен шаншығандай ауырып барады. Кенеттен соғылған телефон дауысы. Жылаған дауыс. Егіл-тегіл жылағ­ан еркектің мұнысын түсінбей:

– Аға, сабыр етіңіз. Не болып қалды? – деп зәресі ұшты. Қолы дірілдеген күйі Азамат әлгі ер адамды жұбатумен әлек.

– Балам, мен өткенде сендерге үй сатқан ағаң болам. Көзім соқыр  еді  ғой, есіңде  ме? – деп әңгімесін бастады. Сол мезетте таныс дауысты есіне­  түсірген  Азамат:

– Иә, аға, есімде. Жайшылық па, неге жылап тұрсыз? – деді.

– Інім, саған үлкен алғыс айтқым келеді, – деп одан сайын­  жылай  бастады. Дымды­ да  түсінбеген  Азамат:

– Аға, асықпай түсіндіріп берсеңіз, – деп  жұтына сөйледі.

– Саған үйді сатқаннан кейін өмірім күрт өзгерді. Басында сатқаныма өкінгендей болдым. Арзанға саттым деп өзімді жегідей жеп едім. Артынан жақсылықтың қайыры болар деп жылы жауып қойдым. Сол күннен кейін денсаулығым түзеліп, міне, бүгін ғажайып болды. Көзім аяқ астынан ашылып кетті. Иә, дәрігерлер де аң-таң. Өткенде қаладағы немере ағам басқа қалаға көшкелі тұрған соң, өзінің зәулім сарайдай үйін маған сыйлап кеткен. Сатса да болатын еді ғой, бірақ ол маған сыйлап кетті. Алланың құдіреті  емес пе? – деп жас балаша  жылай  берді.

Таңғажайыпқа сенсе де, мұндайға сене қоймайтын Азамат ойға шомып біраз отырып қалды. «Е-е-е, бәлкім, жақсылықтың құны осы болар» деп көзіне жас алды. Босап қалған кеудеге сенім ұялатқан бұл оқиға оған өзінің істеп жүрген еңбегі еш емес екенін аңғартты. Ендігіде достарының келеңсіз келекелеріне жауабы дайын. Ой үстінде жатқанда көкжиектен күн қызарып көтеріліп келеді екен. Көшеде қызу қозғалыс та басталды. Көліктердің гүрілі мен адамдардың ерсілі-қарсылы жүріп жатқаны сезіледі. Тағы бір таң атты. Азаматтың ендігі жоспары айқын. Ол бүгін тағы бір мұқтаж жанға көмектесуге аттанады…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: