Қазіргі жастардың мүмкіндігі мол. Оқыған, ізденген жас өз таңдауын өзі жасай алады. Ал өткенге, нақтырақ айтсам, 1993 жылғы жастардың өміріне көз жүгіртсек, бәрі мүлде басқаша болғанын аңғарамыз. Он алты жастағы, әлі оқуын аяқтамаған, өмірден не қалайтынын толық түсініп үлгермеген бойжеткенді тұрмысқа бермекші болады. Бұл шешімді қыздың әкесінің апасы мен болашақ күйеу жігіттің туыстары ақылдасып қабылдаған. Ал екі жастың өз пікірі, өз таңдауы ше? Олар болашақ тағдырын өздері шешуге тиіс емес пе еді? Мұндай сұрақтар ол кезде үлкендерді көп алаңдата қоймаған сияқты. Бәлкім, бұл да әр заманның өз түсінігі шығар.
Екі жақтың үлкендері келісіп, құдалық жайы шешіледі. Құда-құдағилар танысады. Бірақ тағдырын бір арнаға тоғыстырмақ болған екі жас бір-бірін әлі көрмеген де еді. Солай бола тұра, оларды таныстырудың орнына, жігіт жақтың туыстары он алты жастағы бойжеткенді алып қашып, өз шаңырағына түсіреді. Сол сәтте ол болашақ күйеуінің кім екенін де білмеген. Бөтен ортаға үрке қарап, жан-жағына жасқана көз тастап отырған кезінде есіктен үсті-басы шаң, бет-аузы қан, көшенің балаларымен төбелесіп келген жиырма жастағы жігіт кіріп келіп: «Менің алатын әйелім осы ма?» деп сұраған екен.
Мұндай көрініс бойжеткеннің жүрегіне қорқыныш ұялатқаны анық. Бірақ ол жерден кетіп қалуды да ойламаған. Өйткені анасы оған: «Қайтып келген қыз жаман. Мені елге қарабет қылма. Босағаны аттадың ба, сол жерден өлігің шықсын» деген екен. Бұл кез келген қыз балаға ауыр тиетін сөз екені анық.
Осылайша олар 1993 жылдың 8 наурызында отау құрады. Беташар жасалып, той өтеді. Алайда шаңыраққа түскен бойжеткеннің өзі әлі балаң еді. Үй шаруасын толық меңгеріп үлгермеген, жастықтың ойын-күлкісінен әлі де алыстай қоймаған шағы болатын. Далада асыр салып ойнап, еркін жүргісі келетін сол аңғал мінезі үшін күйеуінен талай рет зәбір де көрген.
Содан кейінгі өмірі ауыр еңбекпен өтті. Үш көше әрідегі құдықтан су тасиды, үйдің бар шаруасын атқарады, отын жарады, от жағады. Күнделікті тіршіліктің бар салмағы жас келіннің иығына түседі. Көршілердің өзі сол үйге келіп моншасына түсіп, берген 50 теңгесін енесінің қолына ұстатады екен. Бірақ сол шаңырақтағы бар қиындықты көтерген – өзі. Солай ол жастық шағын тұрмыстың тауқыметімен өткізіп, оқуға да түсе алмай қалады. Өз қатарындағы қыздардың жоғары оқу орнына түсіп, армандарына қарай қадам басқанын көріп, қызыға қараудан басқа амалы болмайды. Ал төркініне қайтып кетуге анасының сөзі жібермейді.
Жастық шағын өз еркінен бұрын отбасының қамына арнаған сол жан – менің анам. Иә, ол кезде бәріне қарсы шығып, кетіп қалғанда, бәлкім, оның тағдыры мүлде басқа болар ма еді?! Бірақ дәл сол төзім, сол сабыр, сол күрес бүгін бізді өмірге әкелді. Мен де, бауырларым да – анамның бар қиындыққа мойымай қарсы тұрған өмірінің жалғасы сияқтымыз.
Анам отбасын сақтап қалу үшін өз жастығын, өз арманын, өз еркіндігін құрбан етті. Біздің болашағымыз үшін қара жұмыстан да, тұрмыстың ауыртпалығынан да қашпады. Бүгінде сол қиындықтың бәрін жеңіп шыққан анам балаларының ортасында отыр. Ал әкем уақыт өте келе өз қателігін түсінді. Тұңғыш қызы, яғни әпкемді басқа шаңыраққа ұзатқан кезде анамнан кешірім сұрапты. Өз қызын өзге үйге беру қандай ауыр екенін дәл сол сәтте жүрегімен сезінгенін айтқан екен. Бұрынғы жасаған әрекеттеріне өкініп, анамнан кешірім сұрауының өзінде үлкен сабақ жатыр.
Расында, қыз бала тағдыры өте нәзік. Халық арасында «Мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да қателеспеу керек» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Бір күні анам маған өз өмірінен туған үлкен өсиетін айтты. «Білесің бе, мен өзім қалаған жерге бара алмадым, көргім келген жерлерді көрмедім, тіпті жегім келген тамақты да жей алмадым. Жастық шағымда орындалмай қалған армандарымды сен орындашы. Ерте тұрмысқа шығуға асықпа. Қала арала, ел арала, оқуыңды аяқта. Мықты журналист бол. Мықты маман болғанда қанша жанға үміт сыйлап, қайтадан өзің армандаған «Бармысың, бауырым?» бағдарламасын ашып, өз мақсатыңа жет. Жастығыңды босқа өткізіп алма. Тағдырды адам көрмей қоймайды, бірақ әр қадамыңды ойланып бас. Өмір – сенікі. Оны сүретін де өзің» деді.
Анамның осы сөздері жүрегіме ерекше үміт сыйлады. Өз жастық шағын балаларына арнаған ана алдында қанша алғыс айтсам да аз. Оның тағдыры маған өмірдің әрдайым таңдау мен жауапкершіліктен тұратынын ұқтырды. Ал мен бүгінгі жас ретінде мұндай тағдырды бастан кешсем, «ел не дейді?» деп үнсіз қалмас едім. Бұл жерде мен анамның өмір жолын жоққа шығарып отырған жоқпын. Керісінше, оның төзіміне, сабырына, аналық жүрегіне тағзым етемін. Бірақ қазіргі заманда мұндай қатынас көп жағдайда қысым мен зорлықтың көрінісі ретінде қабылданады. Сондықтан әр қыз баланың өз өміріне, өз бақытына жауапкершілікпен қарауы маңызды деп ойлаймын.
Мен жастық шағымды ауыр естелікпен емес, жарқын күндермен еске алғым келеді. Күліп өткен, үйреніп өскен, арманыма ұмтылған кезең ретінде есте сақтағым келеді. Сол үшін де бүгіннен бастап өз өміріме өзім иелік еткім келеді. Себебі жастық шақ – адамға бір-ақ рет берілетін ең қымбат уақыт.
Қымбат ДОСЖАН,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!