Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТАМҰҚ һәм СОҢҒЫ СӘУЛЕ (болған оқиға ізімен…)

10.06.2021, 11:00 515

Қос бірдей егіз құлыны сал ауруына шалдығып, талай дәрігердің, талай әулие-әнбие­нің есігін күзеткен Айбарша кезекті емнен тауы шағылып келген тұсы еді. «Қысы-жазы үй көрмей тентіреп жүрісің мынау, етегіңе жармасқан балаларыңды көтеріп алып, үй көрмейсің ғой, тегі… Айттым саған, балам, қаланың селтеңдеген ақсаусағын емес, әлгі көрші ауылдағы қол-аяғы балғадай Бәтиманы ал деп. Жүрісің мынау енді, қойныңдағы қатыныңды қаңғытып, я етегінен түскен баласының дені сау емес. Бұралаңдап жатқаны тек» – деп енесі зәрлі сөзімен жағасынан алды…

Ананың құрсағына қос сәби біткенде қос әулеттің қалай қуанғаны әлі есінде. Шекесі торсықтай екі ұлды өмірге әкелгенде ауыл-аймақты түгел шақырып аста-төк той жасағаны да кеше сияқты еді. Енесі жалғыз ұлымнан алтын асықтай қос атұстар туып бердің деп, ас-суын алдына дайындап, қырық күн қалжалатып күткені бар-тын. Бірақ, ол қуаныш көпке созылмады. Айдын мен Арман алты айлық уақытқа келгенде анасы балалардың бойынан өзгеріс байқай бастаған. Қалыпты бала дамуынан әлдеқайда кеш, тым жылауық, аяқ-қолы тартылып, шалқақтай беретін. Анасы болса қай жері ауыратынын білмей дал. Баяғының кемпірі ескіліктің сарқыншағына салынып дәрігерге де жібермей «ештеңе етпейді, бәріміздікі осылай өскен. Дәрігері несі, қойдың майымен  сыла, ешкінің сүтін бер. Ертең-ақ тәуір болады» – деп дәрігер атаулыға маңайлатпайды. Балалар өсіп, жастан асқанға дейін  Айбарша  ұйқыны  ұмытты, қос ұлды  кезек-кезек көтеріп жүріп, өзі де әбден қалжырады. Бірақ егіздің жағдайы сол күйі нашарламаса, беті бері қарай қоймады. Арман мен Айдын бір жастан асқанда бойын тіктеп отыра алмады, еңбектемеді, жан-жағына жанарлары да түспеді. Осы кезге дейін үндемей шыдаған Айбарша қос ұлын көтеріп алып дәрігер жағалауды бастаған. Міне, содан бері барған еліне сүйкімсіз, қаңғыбас келін атанған еді.

Дәрігерлер балаларға ана құрсағында ауа жетіспеушілігінің болғанын айтады. Енді бірі босану уақытында қысылып, кіндікке оралды десе, кейбірі туғаннан кейін балаларда сарғыштық болған, емдемей уақытының өтіп кеткенін алға тартады. Қос ұлға да сал ауруының ең ауыр түрін қойып, үмітіңді үз дейді. Қайда барса да, ұлдарының енді аяққа тұрмайтынын, ақыл-есі төмен, өмір бойы төсек тартып жататынын айтады. Негізі, науқас бала әкеге берілетін сынақ деседі. Қазақта «әкенің жақсысы  жездедей-ақ» деген сөз де бар. Айбар­шаның  күйеуі  бастапқыда  қос ұлын құшақ­тап дәрігерге бірге барып, әйеліне қолдау білдірген сыңай  танытатын. Бірақ алғашқы жылдары-ақ «барсаң өзің бар, енді мені сүйреме» деп кесіп айтқан еді. Таңдайы­на тығылған ащы өксігін білдіргісі келмей, теріс айналған ол еріне сенім артуды да қойған. Соңғы кезде күйеуінің суыт жүрісін байқап жүр. Түнделетіп кеш келіп, тіпті үйге сирек  қонатын  болған. Айбарша сөйлей  бастаса жұдыр­ығын  ала жүгі­ріп, көк ала қойдай  сабайды. Қайтсін, айлап үйінде жоқ, әйел­дік міндетін  атқармағаны бар, ерінің үйден  безгеніне де өзін кінәлайды. Анасы да әркез қарсы қойып, қаңғыбас қатын­ды төркініне апарып таста деп миын жейді емес пе!? Егізден кейін қанша емделіп, қанша қалаға­нымен қайғы  жамылған отбасының сәби сүйе алмай одан әрі  берекесі  қашқан.

Таң құланиектеніп атқаннан Айбаршаға бір тыным жоқ. Балалармен жүгіріп ойнайтын жаста  екі  ұлы бірдей тар төсекке  таңылып  жатыр. Қолдарымен бір зат ұстамақ түгілі орны­нан қозғалтулары мұң. Аяқтары сірескен күйі бір жазылмайды. Дәретін де ұстамайды. Тыныс алу да қос ұлға аса қиындықпен келеді. Төбесінен ұшқан құстың қанатынан тоңып, ауруханаға да жиі түседі. Сал ауруына шалдыққан балалардың әдетте тісі кеш дамиды, шайнау, жұту рефлекстері өте нашар болады. Арман мен Айдында да солай. Анасы күнделікті сорпа қайнатып оны езіп, ауыздарына құяды. Көздері өте нашар көреді, қитарлық­тары да бар, бірақ өмірді көруге құштар. Жанына келген адамға тесіле қарап, риясыз жымиғанында жанарыңдағы жасты тығып теріс бұрыласың. Байқасаңыз, әлемнің барлық дертін бір балаға берген секілді?! Осындайда өмір неткен әділетсіз дерсің… Сіз бен біздің арқалаған күнәміз бар шығар. Бірақ, беймәлім құдіреттің бейкүнә сәбилерді неге сонша қинағанына таңғалмасқа шараң жоқ… Оларды ерекше деп атауының өзі де содан болар. Мұндай балалар өмірге құштар, арамдық, қулық-сұмдықтан ада, өте пәк емес пе? Десе де, тар құрсағыңды кеңітіп, тас емшегіңді жібітіп, өмірге алып келген балаңның туа сала науқас екенін білгеннен асқан азап бар ма? Айбарша – сондай мықты аналардың бірі. «Құдай салды, біз көндік» деп, басқа  салған  тағдырына  налымастан, сырқат ұлдарын сүйреп жүргеніне, міне, 10 жылдан асты. Соңғы кезде сау  бала­сын «мына  бала  мені  шаршатты,  жылай береді, тым бұзық» деген әйелдердің ашулы кейпін жиі көріп жүрмін. Сондайда, адам баласы тегінде барын бағаламайтын, қолындағысын қадірлемейтін ең опасыз жаратылыс деген ойға келесің.

Арман мен Айдынды мектеп жасына дейін әупірімдеп емдеген Айбаршаның бүгінде ол қауқары қалмаған. Кеш ауа белі қақсап, балтыры сырқырайды. Қос құлынын екі бүйіріне тыққан күйі таң атқанша дөңбекшіп бәйек болады. Құдайдың берген сынағын арқалаған шарасыз ананың кәрі енесі мен ішкілікке салын­ған күйеуі де мазасын әбден алып бітті. Әр түн Айбарша үшін «ғасырдан да ұзақ», бірақ ол жақсыдан үміт үзген емес. Ел асып, шетел дәрігерлеріне де егізін апарып көрді, нәтиже жоқ. Соңғы кезде ұлдар былдырлап сөйлеп жүр. Бұрынғыдай дәретін де жіберіп қоймай­ды екен. Бірақ сырқатының салдарынан бойлары тез өсіп, сүйегі ауырлаған қос ұлын қайта-қайта көтеру де жалғыз анаға қиындай түскен сыңайлы. Ішіндегі ауыр мұңын  жүзіндегі әдемі күлкісімен жасырғысы келсе де, жанары тайып, жабырқаған көзінен бәрін  байқауға  болады.

Менің де ерекше балам бар. Туғанда қос алақаныма мысықтың марғауындай сыйып кеткен ұлым бүгінде жігіт боп қалды. Оны да сал ауруымен емдеп жүргеніме біраз болды. Жақында облыс орталығында орналасқан Талсуат оңалту орталығына кезекті ем алуға барған едім. Мұнда жүріп түрлі тағдырмен танысасың, өзің секілді бір ауыз жылы сөзге мұқтаж аналарды көресің, бәрінің көксегені бір – арбаға таңылған баласының аяққа тұруы. Айбаршамен де осы орталықта таныстым, қос ұлын жоспарлы емге алып келген екен. Талай тауқыметті тартқаны ағарған шашы мен солғын тартқан жүзінен анық сезіледі. Десе де, Айбаршаның тұла бойында ерге бергісіз қайсарлық пен жігердің жасырылғанын байқадым. Алып жүректі анадан балаға деген шексіз махаббат пен риясыз көңілді көрдім. «Әр қиындықты мүмкіндікке айналдыр. Қараңғы тамұқтан кейін міндетті түрде соңғы үміт, соңғы сәуленің қайта көрінетінін ұмытпа» – дейді ол. Жүрген жерінде шуағын шашып, өз қиындығымен өзгенің өмірін лайламай, балалары үшін жанталасқан анаға басымды идім.

ТҮЙІН. Соңғы кезде елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар саны бірнеше есеге артты. Қызылорда қаласының өзінде 2000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл – ел үшін ауыр қасірет. Үкімет тарапынан аталмыш отба­сыларға қаржылай жәрдемақылар мен әлеуметтік қорғау қызметтері қарастырылған. Медициналық жоспарлы ем, санаторийлер мен курорттарға жолдамалар да беріліп тұрады. Инклюзивті білім беру жүйесі де оңтайлы шешімін тауып отыр. Десе де ұрпақ тағдырына алаңдасақ, түрлі синдроммен, сал ауруына шалдығу, түрлі неврологиялық аурулар жаңа туған сәбилер арасында күрт көбею себебінің түп-тамы­рын осы бастан анықтауымыз қажет. Ұрпақ  тағдырына  бейжай  қарамайық!

Құралай  ЖАҚСЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: