Қазақстан қоғамы қарқынды өзгерістер кезеңінде тұр. Елдегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени және құқықтық салалар жаңаруда, бірақ сонымен бірге көпқырлы әлеуметтік мәселелер де тереңдей түсуде. Әсіресе, қоғамның ең осал топтары – балалар мен әйелдер тағдыры күн тәртібінен түспей отыр. Олардың кейбірі өмірлік қиындықтардың салдарынан отбасының қамқорлығынан айырылып, «тірі жетім» атанса, енді біреулері отбасындағы зорлық-зомбылық құрбанына айналады немесе мүгедектік, бедеулік мәселесімен күресуде.
Бұл мақалада біз қазақ қоғамындағы бірнеше ауыр тағдырға назар аударамыз. Әр бөлім – адам өміріндегі қайғы мен күрестің көрінісі, қоғамның әлі шешімін таппаған әлеуметтік проблемасы.
ТАҒДЫРҒА ЖАЗЫЛҒАН ЖЕТІМДІК ПЕ, ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА?
Қазақстандағы балалар тағдырының ең ауыр мәселелерінің бірі – ата-анасынан айырылып, тірі жетім атанған балалардың санының артуы. Бұл жағдай тек биологиялық жетімдерге ғана қатысты емес, сондай-ақ эмоционалды және әлеуметтік қолдаусыз қалған балаларды да қамтиды. Соңғы жылдары ажырасу жағдайлары күрт артты, ал бұл өз кезегінде балалардың толыққанды отбасы ортасын жоғалтуына әкеліп соқтырады. Әкесіз немесе шешесіз өскен бала үшін өмірдің қиындықтары айтарлықтай арта түседі. Мәселен, психологиялық жарақат, әлеуметтік оқшаулану және құқықтық қорғансыздық.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ажырасумен аяқталады, ал олардың көбінде бала бар. Бұл балалардың басым бөлігі екі жақтың біреуінен толық қамқорлық көрмей қалады. Әсіресе, әкесіз қалған балалар материалдық және психологиялық тұрғыдан әлсіз болып, мектепте және қоғамда әлеуметтік бейімделуде қиындыққа тап болады. Олар өзін жиі төмен бағалап, мінез-құлық мәселелеріне ұшырайды. Сонымен қатар, бұл балалардың мектептегі жетістіктері төмендеп, болашақта қоғамға толыққанды бейімделуі қиындайды. Ал, заң тұрғысынан қарағанда, «жетім» атауы тек ата-анасынан айырылған балаларға беріледі. Алайда қазіргі қоғамда «тірі жетім» деп ата-анасының қамқорлығын толық ала алмайтын немесе жауапсыздықтан жапа шегетін балаларды да санау қажет. Көптеген бала ата-анасының жанында болса да, олардың назарынан тыс қалып, психологиялық және әлеуметтік қолдаудан айырылып жатады. Бұл – қоғамның назарынан тыс қалған тағы бір ауыр проблема.
Қазақстанда жетім балаларға арналған арнайы мекемелер мен бағдарламалар бар, десе де олардың саны жеткіліксіз әрі жағдайлары әрдайым көңіл көншітпейді. Мысалы, жетімдер үйлеріндегі баланың тұлға ретінде дамуына қажетті қолдау мен білім беру сапасы төмен. Сонымен бірге, ондай мекемелерден шыққан балалар қоғамға қайта оралғанда, оларды қолдау жүйесінің жоқтығы олардың өмір сүру сапасын едәуір төмендетеді.
Ал, мемлекет жетім балаларды әлеуметтік қорғау бағытында белгілі бір шараларды қабылдауда, алайда олардың тиімділігі әртүрлі. Құжаттық тіркеу мен әлеуметтік көмек рәсімдеріндегі бюрократия, қаржылық қолдаудың шектеулілігі, сондай-ақ тәрбиеленушілердің қажетті психологиялық көмек ала алмауы басты проблемалар болып қала береді. Бұл кемшіліктер балалардың өмірінің ең осал кезеңінде дұрыс қолдау алуға кедергі келтіреді. Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарламалардың көбі тек материалдық көмекпен шектеледі, ал баланың жан-жақты дамуына бағытталған кешенді шаралар жеткіліксіз. Қоғамдағы «жетім» ұғымының тек биологиялық мағынада түсінілуі тірі жетімдерді назардан тыс қалдырады. Яғни, баланың толыққанды өмір сүруіне қажетті ата-ана махаббаты мен қамқорлығынсыз өсуі оның өміріне елеулі нұқсан келтіреді. Осыған байланысты, әлеуметтік қолдау тек заң тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік тұрғыдан да кеңейтілуі тиіс.
Жетімдік – тек тағдырдың жазуы емес, көбіне адамдық жауапкершіліктің болмауының нәтижесі. Әр бала өмірде толыққанды қамқорлық пен махаббатқа лайық. Қазақстан қоғамы тірі жетімдер мәселесін жан-жақты түсініп, олардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтсе, болашақ ұрпақтың өмірі айтарлықтай жақсарар еді. Бұл міндет жеке отбасы ғана емес, тұтас мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігіне саяды.
ҚАНҒА СІҢГЕН ҚАҒИДА МА, ҚОҒАМ ҰСЫНҒАН ҚАСІРЕТ ПЕ?
Отбасылық зорлық-зомбылық – қоғамның көлеңкеде қалған, бірақ миллиондаған адамның тағдырын талқандайтын өткір әлеуметтік мәселе. Көптеген әйел мен бала күн сайын физикалық, психологиялық, экономикалық және жыныстық қысым көріп, тірідей тұншығуда. Бұл – отбасылық ортада басталып, бүкіл қоғамға жайылып кеткен көрініс. Қоғамда «ер адамның қолы – ауыр, әйелін сабаса да, баласын сабаса да – өзінің ішкі мәселесі» дегендей түсінік әлі де өмір сүріп келеді. Мұндай ұстанымдар ғасырлар бойы қалыптасқан, алайда бүгінгі өркениетті қоғам үшін бұл – кешірілмейтін қатыгездік. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің басым бөлігі бұл туралы жақ ашпайды. Себеп – ұят, қорқыныш және қоғам тарапынан түсініспеушілік. Кейбірі «балалар үшін шыдаймын», «үйден кеткеннен кейін қайда барамын?» деген оймен күйеуінің қорлығына көндіксе, енді бірі өзінің кінәсі бардай күй кешіп, үнсіздікті таңдайды. Бұл – зорлық көрген жанды екінші рет құрбан ететін әлеуметтік қысым.
Психологтардың айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары посттравматикалық күйзеліс, депрессия, үрей, өзін-өзі төмен бағалау сияқты ұзақмерзімді психологиялық қиындықтарға ұшырайды. Ал балалардың көзінше жасалған зорлық оларды мәңгілік жаралайды. Олар өсе келе сол көріністі қайталауы да мүмкін, бұл «зорлықтың мұрагерлігі» деп аталады.
Кейбір ауылдық жерлерде әйелдерге «шыда», «еркек болған соң ашулы болады», «отбасын сақтау – әйелдің міндеті» деп кеңес береді. Бұл – зорлықты қалыпты құбылысқа айналдырудың айқын мысалы. Қоғамда қалыптасқан стереотиптер салдарынан зардап шеккендер көмекке жүгінудің орнына, үнсіз азап шегуге мәжбүр. Сонымен қатар, кейбір ер адамдар зорлықты билік пен тәртіп орнату тәсілі ретінде қабылдайды. Мұндай жағдайда құқықтық жауапкершілік туралы түсінік төмен, ал жазасыздық әдетке айналып кеткен. Мұның соңы өлімге дейін апаратын трагедияларға ұласады.
Елімізде отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Алайда олардың саны аз, орналасуы шалғай, ал қолдау ауқымы шектеулі. Бірнеше күн паналатудан ары аса алмайтын бұл орындар жан-тәні жараланған жандарға өмірлік көмек көрсете алмайды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі де жиі сынға ұшырайды. Тұрмыстық зорлыққа шағымданған әйелге «күйеуіңмен татулас», «қайтсе де отбасыңды сақта» деген кеңес айтылып, істі жылы жауып қою деректері көп кездеседі. Бұл мемлекеттік құрылымдардың да әлі күнге дейін бұл мәселені толыққанды мойындап, жүйелі шешім қабылдай алмай отырғанын көрсетеді.
2024 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанда әрбір үшінші әйел күйеуінің немесе жақын туысының тарапынан қандай да бір формада зорлық көрген. Бұл – тек тіркелген дерек. Ал көлеңкеде қалғандары ресми сандардан әлдеқайда көп. Қазіргі заңнамада «тұрмыстық зорлық-зомбылық» түсінігі бар болғанымен, оны қылмыс ретінде тануға енді ғана бетбұрыс алды. Бишімбаевтың былығы қоғамның көзін ашқандай болды. Осы әлеуметтік тоқтауы жоқ түйткілдің нүктесін Нүкенова қойғаны баршаға мәлім.
Ал психологтың пайымдауынша, бұл – ұрпаққа берілген көлеңкедегі көзге көрінбейтін дерт.
– Зорлық көрген балалардың болашағы тұманданады. Олар бала кезінде зәбірді қалыпты қарым-қатынас моделі ретінде қабылдайды. Ер бала – агрессорға, қыз бала – құрбанға айналып кетуі мүмкін. Бұл – болашақ отбасы институтына салынған мина. Әрбір екінші жағдайдың қайталануы – осының нақты дәлелі. Сондай-ақ, балалардың психикасы нәзік, олар үшін ата-анасының дауыс көтеруі де үлкен соққы болуы мүмкін. Ал физикалық не сексуалдық зорлық – өмір бойы өшпейтін жара. Мұндай балалардың арасында өз-өзіне қол жұмсауға бейімдері немесе әлеуметтік қатынастардан оқшауланатындары да жиі кездеседі, – дейді психолог маман Назира Еркін.
Қорыта келе, отбасылық зорлық-зомбылық тағдыр емес, оған төзу таңдау емес. Бұл – мәдениет, құқықтық жүйе және адамгершілік арасындағы ортақ күрес. Қоғам үнсіз қалса, бұл дерт тереңдей түседі. Әйел мен баланың қауіпсіздігі – мемлекеттің, қоғамның және әр азаматтың тікелей міндеті. Жазасыздықты тоқтатып, құқықтық нормаларды күшейту – тек заңды емес, рухани да жаңғырудың негізі болуы тиіс.
ЖАСӨСПІРІМ ЖАНАЙҚАЙЫНЫҢ СОҢЫ…
Отбасындағы зорлық-зомбылық – тек бүгінгі күннің күйреткіші ғана емес, ертеңгі қайғылы оқиғалардың негізін қалайтын фактор. Үйінде жылу көрмеген, қоғамнан түсіністік таппаған бала өмірдің мәнін жоғалтып, үмітсіздікпен оңаша қалады. Бұл – суицидке апарар жолдың бастауы. Елімізде өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші әсіресе жасөспірімдер арасында алаңдатарлық деңгейге жетті. Жасөспірім – өмірге жаңа қадам басқан, өзін іздеп жүрген нәзік психологиялық кезеңдегі тұлға. Бұл жаста бала сыртқы бағалауға өте тәуелді: ата-анасының, мұғалімнің, достарының сөзі оның өзіндік «менін» қалыптастырады. Дәл осы кезеңде елеусіз қалған, үнемі сын естіген немесе отбасында зорлық көрген жасөспірім өз өмірінің құндылығына күмәнмен қарай бастайды. Осы ретте, суицидтің салдарын, оның психологиялық симптомдарын зерттеп, саралап көрдік. Психологтардың айтуынша, суицидке итермелейтін негізгі себептердің қатарында: эмоционалды жалғыздық, ата-анамен байланыстың болмауы не бұзылуы, мектептегі буллинг, әлеуметтік желідегі қысым, өзін жеткілікті сезінбеу. Бірақ осының бәрін жалпылай сипаттай салу жеткіліксіз. Бұл – тірі жанның тілімен айқайлап шықпаған, бірақ іштен сыздаған қайғы. Әсіресе, отбасында махаббат пен қолдау таппаған, «баласың, нең бар?» деген сөзбен үнсіздікке қамалған жас жандар осы жолды таңдайтыны өкінішті.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2024 жылғы дерегіне сүйенсек, жыл сайын 200-ден астам жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенеді, соның ішінде 100-ге жуығы ажал құшады. Өкініштісі, олардың көбі бұрын ешқандай психологиялық көмекке жүгінбеген, мектеп тарапынан ескерілмеген. Ал қалаларда психолог бар болғанымен, олардың жүктемесі көп, көбіне формальды түрде жұмыс істейді. Ауылдарда тіпті кәсіби көмек көрсету жүйесі атымен жоқтың қасы.
Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі әлімжеттік те суицидтің салдары саналады. Қазіргі уақытта TikTok, Instagram, Telegram желілеріндегі анонимді қауымдастықтар арқылы «депрессия – сән», «өлім – ерлік» деп насихатталатын контент көбейіп кетті. Қарапайым ғана өмірлік қиындықты үлкен трагедияға балап, одан шығудың бір жолы – суицид деп көрсету жасөспірім психикасына ауыр соққы екені анық. Бұл – виртуалды манипуляция. Көп жағдайда балалар мұны ата-анасымен бөліспейді, себебі оларды түсінбейтініне сенімді. Ал ата-аналар «балам телефон шұқылап отыр, тыныш қой» деп, ең қауіпті үнсіздікке көз жұмады. Осы ретте туындайтын ең басты сұрақ – «көмек қайда?».
Бүгінде елімізде «111» балалар сенім телефоны, өңірлік психологиялық көмек орталықтары бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жасөспірім өзін қауіпсіз және сенімді ортада сезінбесе, қандай да бір көмек сұрауға батылы жетпейді. Мектеп психологтарының кәсіби деңгейін көтеріп, оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізу – кезек күттірмейтін мәселе.
Сондай-ақ, мектептерде балалардың психоэмоционалдық жай-күйін айқындайтын тәуелсіз скринингтік жүйелер қажет. Мұғалімдер мен ата-аналарға арнайы семинарлар өткізіп, бала психикасының нәзіктігі туралы білім беру маңызды. Бір ғана жылы сөз, түсіністікпен тыңдайтын ересек адамның болуы кейбір жас үшін өмір мен өлім арасындағы теңгерімді өзгертуі мүмкін. Суицидтің алдын алу – тек психолог пен мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.
ТАСТАНДЫ ТАҒДЫРЛАР: НӘРЕСТЕ НЕГЕ ЖАТ ЖҰРТТА ӨСІП ЖАТЫР?
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы – қоғамның үнсіз қасіреті десек, енді өмірге келіп үлгермей-ақ тағдырдан теперіш көрген сәбилердің тағдыры – ұлттық болмыстың дағдарысы. Жат жұрттың құшағында өскен қазақ баласының бейнесі – тек әлеуметтік трагедия емес, бұл – ұлттық ұят.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері 20 мыңнан астам бала шетелдік азаматтарға асырауға берілген. Бастапқыда бұл баланың жақсы өмір сүруі үшін жасалған амал секілді көрінуі мүмкін. Алайда осы көрсеткіштің артында қанша ананың көз жасы, қанша баланың тамырынан үзіліп кеткен ұлттық болмысы жатыр?
Бұл балалардың дені АҚШ, Франция, Германия, Италия, Канада сынды елдерге кеткен. Шетелге асырауға беру көбінесе 1 жасқа дейінгі сәбилерге қатысты. Неге? Себебі бұл жаста бала өз ұлтын, тілін, дінін тануға үлгермеген, яғни «таза парақ». Олар өзге тілде сөйлеп, дінін қабылдап, өз қанынан, өзге қоғамда өсіп келеді. Ең сорақысы, өздерінің қазақ екенін де білмеуі мүмкін.
БАЛАДАН БЕЗІНГЕН БЕЗБҮЙРЕК ҚОҒАМ
Нәрестеден бас тарту көбіне әлеуметтік әлсіздікпен, қоғамдық қысыммен және отбасылық қолдаудың жоқтығымен байланысты. Көптеген ана сәбиін жалғыз, күйеусіз босанады. Жүктілік кезінде қолдау болмағандықтан, бала өмірге келмей жатып, «жоспардан тыс жүкке» айналады. Жас ананың жанайқайын тыңдайтын, сүйеу болатын жүйе жоқтың қасы. Перинаталдық орталықтарда нәрестеден бас тартатын аналардың бір бөлігі – кәмелет жасына толмағандар. Олар көбіне жыныстық зорлықтың құрбаны болған. Мұндайда кінә ананың емес, оны қорғай алмаған қоғамның мойнында. Ал қоғам ше? «Некесіз бала – ұят» деп, қол ұшын бермек түгілі, тас ататындар көп. Мұндайда жалғыз қалған жас ана үшін баладан бас тарту жанын аман сақтаудың жалғыз жолы болып көрінуі мүмкін.
Қазақстанда шетелге бала асырауға беруді реттейтін заңдар бар. Бірақ сол заңдардың ашықтығы мен әділеттілігі – үлкен сұрақ. 2010 жылдан кейін халықаралық асырап алуларға уақытша тыйым салынғанымен, бұл үрдіс кейін қайта жанданды. Қазіргі таңда асырап алу туралы мәліметтердің көпшілігі жабық жүргізіледі.
Тағы бір мәселе, баладан бас тартқан аналармен профилактикалық жұмыс жүргізілмейді. Ешкім олардың бұл қадамға не үшін барғанын терең түсінуге тырыспайды. Егер әр анамен психолог, әлеуметтік қызметкер, отбасы медиаторы жүйелі жұмыс істесе, бұл трагедиялардың жартысын болдырмауға болар еді.
Бала – ұлттың аманаты. Ол ана құрсағынан ғана емес, ұлттың жүрегінен жаралады. Ал біздің ұрпағымыз өзге елдің құшағында өсіп жатса, ұлттық кодымыздың өзі үзіліп қалмай ма? Жаһандану дәуірінде ел шекарасын емес, рухани тамырымызды сақтау – басты міндет.
Бүгін жат жұрттың азаматына айналған бір қазақ баласы ертең ұлтына жат болып өсуі мүмкін. Өзінің тарихынан, тілінен, туған жерінен ажыраған ұрпақ болашақта елге жаны ашымайтын сана қалыптастыруы әбден мүмкін. Бұл – жай ғана адами трагедия емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
АНА БОЛУ – АРМАНЫ, АЛ ТАҒДЫРЫ – БОС ҚҰРСАҚ
Бір ананың көз жасы жаңа туған нәрестеден бас тартуға себеп болса, екінші әйел дәл сол сәтте «бір рет бала иіскесем» деп Құдайдан тілек тілеп отыр. Бір жағында – тастанды сәбилер, екінші жағында – бос құрсақпен жылдарды өткізіп, аналық сезімді тек елестете ғана алатын нәзік жандар. Бұл – қоғамдағы парадокстың бірі әрі өте күрделі әлеуметтік-психологиялық мәселе.
Қазақстанда ресми мәліметтер бойынша әрбір алтыншы отбасы бедеулік проблемасына тап болған. Оның ішінде әйел бедеулігі – шамамен 45-50%, еркек бедеулігі – 20-25%, қалғаны анықталмаған себептерге тиесілі. Бұл – тек статистика ғана емес, шынайы адамның тағдыры, отбасылар арасындағы үнсіз қайғы. Аурухана табалдырығын тоздырған, ем-домнан көз ашпаған әйелдер үшін ең үлкен үміт – ЭКО (экстракорпоралды ұрықтандыру) процедурасы. Дегенмен, қарапайым отбасының қалтасы бұл үрдіске үміт артуы екіталай. Бір процедураның бағасы бірнеше жүз мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Осы түйткілді шешу мақсатында мемлекет 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» ұлттық бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында жыл сайын 7 мыңға дейін ЭКО квотасы бөлінеді. Бұл – әрине өте қуанышты бастама. Дегенмен, елдегі сұраныс бұдан әлдеқайда жоғары. Яғни, үміткер көп, мүмкіндік аз. Көптеген ана бағдарламаға ілінбей қалса, кейбіреулері квота алса да, сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмайды. Облыстық деңгейде заманауи репродуктивтік орталықтар жетіспейді, әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдер үшін бұл мүмкіндік тіпті қол жетпес арманға айналғаны өкінішті.
Бедеулік – тек медициналық емес, әлеуметтік және психологиялық ауыртпалық. Бала көтере алмаған әйелді қоғамда жиі кінәлі санайды. «Неге әлі балаларың жоқ?», «Барып емделіп келмейсің бе?» дегендей тұрпайы сұрақтар қоғамда қалыпты жағдайға айналған. Ата-ене, ағайын-туыс, тіпті кейде өмірлік серігінің де қолдау көрсете алмауы әйелдің ішкі күйзелісін тереңдете түседі. Бұған күйеуге екінші әйел әперу мәселесі, ажырасуға дейін баратын қысым қосылады. Мұндай жағдайда әйел тек бала емес, өзін жоғалтады.
МҮГЕДЕК БАЛА немесе ҚОҒАМНЫҢ ТАБУСЫЗ ТАҚЫРЫБЫ
Мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірі – қоғамда ең аз айтылатын, бірақ ең ауыр мәселелердің бірі. Бұл балаларды қабылдауда әлі де болсын қоғамда қорқыныш, жатсыну, аяушылық немесе мүлде назардан тыс қалдыру басым. Инклюзивті орта құру туралы заңдар бар болғанымен, іс жүзінде мектептер мен балабақшаларда мұндай балаларға жағдай толық жасалмаған. Қоғамдық көлік, инфрақұрылым, білім беру мен медицина саласындағы қолдаулар қағаз жүзінде ғана қалып жатады.
Ең қиыны – ата-аналарға артылар жүктің тым ауыр болуы. Олар баласын емдетуге, оқытуға, әлеуметтендіруге бар күшін салады, бірақ жан-жақты қолдаудан айырылған. Бұл – тек медициналық емес, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық түйткілдермен күрес.
Қоғамның мүгедектікке деген көзқарасы өзгермейінше, бұл балалар мен олардың отбасылары екінші қатарда қала бермек. Ал, шын мәнінде, мүгедек бала – мейірім мен жанашырлықты қажет ететін толыққанды адам. Оны көлеңкеде қалдырмай, өмірге араластыру – қоғамның ең маңызды борышы.
ҚОРЫТЫНДЫ:
ТАҒДЫРҒА САЛҒАН САЛҒЫРТТЫҚ – ҰРПАҚҚА СОҒАР СОҚҚЫ
Қазақ қоғамындағы тірі жетімдер, тастанды сәбилер, отбасылық зорлық-зомбылық, бала саудасы сынды тақырыптар – жай ғана әлеуметтік проблемалар емес, бұл – ұлттың тамырына түскен ауыр жара. Біз бұл тақырыптардан аттап өте алмадық. Бүгінгі қоғамда бала да, ана да қорғансыз күй кешіп отыр. Ер-азаматтың жауапсыздығы, жүйенің олқылығы, қоғамның немқұрайдылығы – бәрі бірігіп, қайғыға айналған тағдырларды көбейтуде. Ал біз үнсіздікпен сол қайғыны көркейтіп отырғанымыз өтірік емес.
Ендеше, бұл – жеке адамның емес, ұлттың трагедиясы. Бұл – тексерілмеген сан мен ескерусіз қалған тағдырлар жайлы емес, бұл – біз қандай қоғам құрып жатқанымыз туралы сұрақ. Біздің әрбір үнсіздігіміз – бір өмірдің үмітінен айырылуына себеп. Әрбір әрекетсіздігіміз – бір тағдырдың тозғынға айналуына жол. Ұлт болашағы ұрпақтың тағдырымен өлшенеді. Ал сол ұрпақтың әрбірінің тағдыры – бүгінгі біздің таңдауларымыздың нәтижесі.
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!