Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайыршы күйеу

14.10.2021, 9:30 456

Жұмысқа бара жатқанда немесе қайта үйге оралар жолда үнемі бір кісіні көретінмін. Жол жиегінде күндіз-түні алақан жайып, өткен-кеткендерден қайыр сұрап отырады. Үй-күйі жоқ, дала босқыны екені көрініп тұр. Сақалы өсіп, шашы тұтасып, әбден ұйпа-тұйпасы шыққан. Үстіндегі ала кеудешесінің алдыңғы қалталары жыртылып, астары көрініп тұр. Садақа салуға арналған қағаз картонды ыдысын желмен ұшып кетпесін деп, тас­пен бастырып қойған. Оны жолымнан кездестіріп жүргеніме жылдан аса уақыт болды. Ара-тұра тиын тастап тұрдым. Кейде үйден нан алып шығып, арнайы сол міскінге беріп  кететінмін.

Бүгін күндегі әдетіммен жұмысқа бара жатқанмын. Күнде қол жайып отыратын қайыршы орнында болған жоқ. Көптен көрмеген танысымды іздегендей жан-жағыма қарап, жақын аумақты көзбен шолып шықтым. Кө­рінбеді. Бір кезде сонадайда жолдың арғы  бетінен бері қарай бүрсең қағып келе жатыр екен. Жаяу жүргіншілерге арналған жолмен емес, төте­сінен кесіп өтіп келе жатты. Бір кезде жүйткіп келе жат­қан көлік әлгі қайыршыны қағып кетіп, көз алдымда анадай жерге домалап ұшып түсті. Зәрем зәр түбіне кетті. Жалма-жан қайыршыға қарай           жүгірдім. Қағып кеткен көліктің иесі де дереу жетіп келіп, жақын арадағы ауруханалардың біріне апару қажеттігін айтты. Тамырын басып көріп едім, әлі соғып тұр  екен.

Дәрігер менен оның кімі болатынымды сұрады. Мен қапелімде не дерімді білмей, «ааа, мен оның көршісімін» дедім.

– Бел омыртқасына аздап зақым келген екен. Бірақ, қорқатын ештеңе жоқ. Бір апта ем алғаннан кейін, шығарамыз. Туысқандарына айта салыңыз, құжаттарын әкеліп  өткізсін, – деді де кетіп қалды.

О, тоба! Көшеде жүрген қайыршыда қандай туысқан, қандай құжат? Мен де қатырдым, көрішісімін дегенім не? Одан да «мен оны танымаймын, ол көшедегі қайыр­шы еді» деп шынымды айта салсамшы?! Айдалада бұған менің неменеге бес бидайым күйіп жүр? Қой, жұмысыма барайын деп орнымнан тұра бергенім сол еді, әлгінде ғана менімен сөйлескен дәрігер қайтадан маған қарай беттеп келе жатыр екен. «Айтпақшы, науқас­тың қасына барып жағдайын сұрасаңыз  болады»  деді.

Не ары, не бері жүрерімді білмей орнымда қаттым да қалдым. Тәлтіректеп қайыр­шы жатқан палатаға қарай бардым. Әйнек терезенің арғы жағында аппақ матадан тігілген, тап-таза төсектің үстінде көздерін аспанға тігіп, қарап жатыр екен. Жақындап қасына отырдым да:

– Жағдайыңыз қалай? – дедім.

– Жақсы, – деді ол да дауысы  қарлыға  шығып.

– Мен, сізді  ауладан көріп жүретінмін. Көз алдымда көлік қағып кеткен соң, сізді ауруханаға алып келдім.

– Рақмет, сізге Алла разы болсын, – деді ол. Сөйтті де сөзін жалғады.

– Мен қайыршылыққа қалай түскенімді айтайын. Әке-шешемнің жан дегендегі жалғыз ұлымын. Әкем – ірі зауыт директоры, шешемнің жеке балабақшасы болды. Ішкенім алдымда, ішпегенім артымда еді. Мектеп бітірген соң ата-анам жоғары оқу орнына түсіруге талпынды. Бірақ, өзім құнттамадым. Маған әкемнің ақшасы да жеткілікті еді. Астымда қымбат көлік, қалтам толы ақша. Маған өмірдің бар қызығы сол сияқты болып көрінді. Осылайша күндер сырғып өтіп жатты. Айналамда дос көп болды. Күнде ойын-сауық, қыз-қырқынның ортасында уайымсыз күн кешіп жүрдім. Әке-шешемнің айт­қанын құлағыма ілмей, оқуға да тапсырған жоқпын не болмаса жұмыс та істеген жоқпын. Қалтамды ақшаға күнделікті әкем толтырып отырған соң маған өмірде барлығы оңай сияқты болып көрінетін. Уақыты келгенде оқуды да оқимын, жұмыс­ты да оңай тауып аламын деп ойла­дым. Бірақ, мен қате ойла­ған екенмін. Оны түсінген кезде бәрі кеш еді. Бір күні түнгі клубта достарым­мен ойын-сауық құрып жүргенмін. Кенет телефоныма бел­гісіз біреулер  телефон  шалып: «Сіз пәленшеевтің бала­сысыз ба, дереу ауру­ханаға келіңіз» деді. Әкем жол апатына түсіпті, жағдайы тым ауыр екен. Артындағы мұрасын маған қалдырды да, өзі жүріп кетті. Шешем әкемнің қазасын көтере алмай, көп ұзамай қайтыс болды. Маған осынша жағдайлардан кейін де ес кірмеді. Әкем қалдыр­ған дүние  өмірімнің  соңына  дейін  жетеді  деп  ойладым.

Уайым-қайғысыз жүрген күннің бірінде достарыммен ішімдік ішіп отырғанымда мас күйімді пайдаланып, се­ніп  жүрген жолдасым үйімдегі әкем қалдырып кеткен мұраны өзінің атына ауыс­тырып, мені өз үйімнен қуып шықты. Бір күннің ішінде ешкі­мі, ештеңесі жоқ қайыр­шы, құлға айналып шыға келдім. Барға мастанып, бабымды жасап үйреніп қалған маған бұл  үлкен соққы болды. Содан бері көше кезіп жүрмін. Әке мұрасының өзіме тиесілі екенін дәлелдеуге менің қазір жеке құжаттарым да жоқ, ұсқыным да адам қара­ғысыз. Маған ешкім сенбейді, – деп аяқтады ол сөзін.

– Жағдайыңыз  қиын  екен, – дедім мен.

– Сізден өтінішім бар, маған құжаттарымды қайта дайындауға көмектесіңіз,- деп қиылды ол.

«Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген. Мына міскіннің аяқтан тұруына көмектесіп жіберейін деп жылдам шешім қабылдадым. Құжаттардың мұрағатын сақтайтын бөлімдерді аралап жүріп, керек құжат­тарының барлығын дайындап бердім. Ауруханадан шығар алдында қолына ұстаттым да кетіп қалдым.

Арада бір жылға таяу уақыт өтті. Содан бері аула­дан ол қайыршыны көрмей­тін болдым. Жағдайын түзеп, әкесінің мұрасын қайта қолына алған шығар деп ойладым. Бір жағынан өмірде құлаған адамның қайта тұруына көмегімді тигізгеніме іштей қуанып жүрдім. Біреуге жақсылық жасағаннан кейінгі сезім ерекше. Өзіңді жеңіл, таза  сезінесің.

Бүгін де әдеттегідей таңертеңгілік жұмысқа асығып үй­ден шығып келе жаттым. Баяғы қайыршы отыратын жерде әлдебір плащты жамылып, бүркенген күйі біреу отыр. «Мына кісі қайтадан таз қалпына түскен екен ғой» деп жанына жетіп бардым. Барсам, баяғы  міскін:

– Саламатсыз ба, мен сізді күтіп  отырмын! – деді қолындағы бір тал гүлін маған ұсынып  жатып.

Ұсқыны келіскен, қою қара шашы ажарын аша түс­кен. Үстіне киген киімі дене­сіне құйып қойғандай жарасып-ақ тұр. Бұрқырата сепкен әтірі мұрынды жарып жіберердей. Көзім шарасынан шығып кетердей болып қалды.

– Таңданып тұрсыз ба? Әлде мені келеді деп күтпедіңіз бе? Жүріңіз, мен сізді жұмысыңызға дейін апарып салайын, – деп сонадай жерде тұрған қымбат маркалы көліктің есігін алыстан шиқылдата  ашты…

Құй сен, құй сенбе, есігімнің алдындағы қайыршы жігіт бір күні менің күйеуім болып шыға келді. Өзімді бақыттылардың бірі деп есептеймін. Өмірге деген көзқарасы өзгерген, күндіз-түні ерінбей жұмыс істейтін нағыз еңбекқордың өзіне айналған. Сол үшін де қуанамын. Біз – бақытты  отбасымыз.

Кенже  АЛДАБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: