Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзекті өртеген өкініш

30.12.2021, 10:00 797

Өлшеніп берген өмірде өкінетін нәрсе көп болуы мүмкін. Өмірдің өзі өкініш, қуаныш, бақыт, қайғы деген бөлшектерге бөлінген. Олардың қай тұста кездесіп қалатынын ешкім білмейді. Сонысымен қызық, сонысымен құнды. Бес күн ғұмырда бір-бірін бағаламайтын жандар бастары тауға соғылып, жандары жараланғанда ғана көп нәрсені түсінетіндігі қиын. Мына бір болған оқиға оқырманға ой салар деген ойдамыз.

Көлдегі қос аққудың жазылмаған жұ­бына көп­шілік қалай қызығып, тамсанып тамашалайтын болса, Айдын мен Балаусаның да махаббатына дәл осылай қарайтын. Мек­тептен басталған махаббат­тарының нәтижесі екеуінің отау құруымен аяқтал­ды. Бір-біріне деген риясыз, шексіз сезімдері көз жанар­ларынан-ақ анық аңғарылатын. Айдын – мемлекеттік қызметкер, бірақ келіншегіне әзірге жұмыс істеуіне қарсы болды. Бір жағынан сұлу да, сымбатты келіншегін бөтен көздерден қызғанса, екінші жағынан өзінің жеткілікті табысы отбасын қамтамасыз етуге жететін. Олар Айдынның әке-шешесімен бірге тұрып жатты. Ене мен келін арасындағы қарым-қатынас анау айтқандай алшақ болған жоқ. Айдынның анасы жан дегендегі жалғыз ұлының келіншегі болған соң ба, барынша маңдайынан сипап, өзіне жақын тартып жүрді. Анамдай адам ғой деп, Балауса да сол үйге барынша  сіңіп  кетуге  тырысты.

Құрсағына біткен бала Айдын мен Балаусаны одан сайын шексіз бақытқа бөлеген. Армандаған перзенттерін тезірек құшақтарына алуға асықты. Көп ұзамай ол уақыт та келді. Алайда дүниеге келген баланың денсаулығындағы ақау отбасындағылардың барлығына күтпеген жағдай болды. Нәресте сал ауруына шалдыққан. Перзентханадан Айдын Балау­саны көңілсіз қарсы алды. Әншейінде келінінің асты-үстіне түсіп, бәйек болатын енесі де суық қабылдады. Бұның барлығы Балауса үшін өте ауыр да, азапты жағдай еді. Алладан баласына осы ауруымен тілеп алған жоқ, солай жаратылған нәрестені қалай бауырынан жұлып тастай салсын?! Барлығын елемеуге тырысты, бірақ, өзге емес, өз отбасындағылардың ала­бөтен көзқарасы жанын жегідей жеп барады. Сүйген адамының да секем алып, сырт айналып жүргені  де  жақсы  болашақтың  нышаны  емес.

Кеше бала емізіп отырып, ауызғы бөлмеде енесінің жұмысқа шығып бара жатқан баласына айтып жатқан әңгімесін құлағы шалып қалды.

– Әй, махаббат, махаббат деп болған шы­ғарсың! Мыналардан тезірек құтылмасаң, ертең сенің басыңа сор болады. Ол бала оңалып кетсе жақсы, жазылмаса не істейсің?! Оның ем-домына қанша қаражат кететінін білесің бе? Сенің шашың да жетпейді оған. Әйеліңе де айт, қара басының қамын жасасын, – деді енесі.

Айдын ләм-мим деген жоқ. Қанша дегенмен келіншегіне деген сезімі суымаған, жақсы көреді. Бірақ, баласының жайын қабылдай алмады. Балауса отырған жерінде ернін тістеген күйі қалды. Дәрменсіз, сүйген жары мен бауыр еті баласын ешкімнің алдында қорғап, қақпайлап қала алмайтыны жүрегін езіп жіберді.

Таң ата киімдерін жинастырды. Іштей қа­былдаған  шешімін  күйеуіне  айтты.

– Сен жұмыстан келгенше мен де үйден кетемін. Анаңның саған айтқандарын естідім. Әйел, бала-шаға табылса да, анаңның орнын ешкім ауыстырмайды. Ауру баламыз екеуміз сендерге масыл болмай тұрғанда жолымды табайын. Сенің шексіз махаббатыңның да күн өте сөніп бара жатқаны айтпасаң да белгілі. Маған «кет» деуге арың жібермейтінін білем, бірақ сен баланы қабылдай алмайсың. Ол көздеріңнен-ақ көрініп  тұр, – деді  Балауса  қоңыр  дауысымен.

«Баласы ауру» деп, үйінен қуып, ақыры дегеніне жеткен енесінің көңілі көншіді. Алайда Айдын көпке дейін Балаусаны ұмыта алмады. Оның үстіне шешесінің күн сайын бастырмалатып, «ізін  суытпай  үйленіп ал» деген  сөзі  тағы  бар.

Жылдар жылжыды. Ара-тұра хабар алысып тұратын Айдын мен Балаусаның да аралары суыды. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деп, көңілдері бұрынғыдай болмады. Балауса қызметке орналасып, баласының ем-домы, өмірі үшін жанталасып  кетті.

Айдынмен ауылы аралас тұратын Қайназар деген ірі кәсіпкер болатын. Соның есік көріп келген Күнсұлу деген қызын шешесі қоймастан баласына алып берді. Оның да мүгедек баласы бар, өздігінен жүріп-тұра алмайды. Осыны айтып, Айдын әрі-бері шешесіне түсіндіріп көріп еді, «есесіне олардың ақшалары бар, баласын емдетуге беріп  тұрады»  деп  қоймады.

Қосылғандарына көп уақыт өткен жоқ. Айналып келгенде Айдын өз сүйген жары мен баласынан бас тартып, аумай-төкпей дәл сондай балалы әйелді жар етіп алды. Балаға деп төркінінен артық бір тиын да жіберілген жоқ. Ем-дом, баланы тексерту, дәрі-дәрмектерін сатып алып беру, массажға апарудың барлығын Айдын өзі төлеп отырды. Анасына сол үшін де ренжіді. Ал анасы қыздарына қарайласады деп құдаларынан үмітін үзген жоқ. Баймен құда болдым деп көкейін тесіп бара жатқан ақша да келе қоймады. Отбастарына ауыртпалық түсе бастады. Ал Айдынның анасы мүгедек бала үшін уайым-қайғы шеккен жоқ, оның ойы құдасынан қаржы алу болды. Әрі тартса бері жетпейтін дүниеден шын қысылған Айдын ашуға мініп, ішіп келіп, анасына жекірді.

– Сен менің өмірімді құрттың! Мен сенің айтқаныңды істеп, өзім сүйген адамымды жіберіп, өзге біреудің баласын бағуға мәжбүр болдым. Сен менің миыма тыныштық бергеніңде барлығы жақсы болатын еді! – деді.

– Ойбай, мына жүгірмек не дейді-әй?! Мен істесем бәрін сенің болашағың үшін істедім. Сен жаман болсын деген жоқпын! – деп қайтара жауап берді.

Айдын үшін ендігі өмірдің мәні жоқ. Қасында өзі сүймеген адам, өзге біреудің бел баласы. Анасы жеке өміріне араласып, барлығының быт-шытын шығарды.  О баста туған баласын қабылдамағанын Алла алдына әкелгендей. Иә, дәл соның қайтарымын алдына алып келді. Ажырасуға шешім қабылдады. Алайда алдынан тағы анасы шықты, қарсы болды. Өзінікін қор санап отырғанда, өзгенікін зор санап өмір сүруге мәжбүр болды.

Кәмелет жасқа толған, өз алдына отбасын құрып, отау құрған ер-азамат болғаннан кейін ата-ананың жеке өміріне араласуға құқығы жоқ. Шешімді өзі және құдай қосқан жары екеуі қабылдауы тиіс. «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі» деген. О баста сүйіп қосылған жастардың мәселесіне араласып, ақыр аяғында немересі әкесіз, баласы бақытсыз болуға мәжбүр. Мұны Құдайдың ісі деуге келмейді, кәдімгі қарапайым ғана адами фактор бар. Ол көзге көрініп-ақ тұр. Сондықтан есейген адамдардың ессіз әрекеттерге барғаны дұрыс емес, ол қоғамда да қабылданбайды. Бұл Алланың алдында да жақсы амал емес.

Ә.КЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: