Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ашыққанда

17.01.2021, 17:00 256 0

HALYQLINE.KZ

Д.Н.Мамин-Сибиряк

(Болған  оқиға)

Көктемгі күннің шұғыласы ой-шұқыры көп Челябі жолын жарқыратып тұрды. Степан жолдың жиегіндегі құрғақ жерлермен жүріп келе жатты. Қарсы кездескен арбалардың түрі адам көргісіз: бұл жерлерде арбамен де, шанамен де жүру мүмкін емес еді. Бұндай жерлерде үстіне жүк тиелген арбалар бірнеше сағат бойы тұрып қалады. Бірі көктемгі еріген қардың суы жиналған жерде тұрса, енді бірі қарайыңқыраған құрғақ жерде тұр. Биыл көктем ерте түсті. Арбамен келе жатқандар Степанды екі рет тоқтатып, қарға батып кеткен арбаны шығаруға көмектесуін сұрады. Әрине, мұндай ірі денелі кісіге бұл түкке тұрғысыз нәрсе еді. Степан үнсіз арбаға жақындап келіп иығымен итеріп көріп еді, ештеңе өнбеді, басын шайқап әрі қарай кетті, ол әбден қалжыраған еді… Арбадағылар да мұны сезді, бәрі де таңғала қарап қалыпты.

– Аға, саған не болған? – деді бәрі жамырай. – Түріңе қарасаң тау қопаратын сияқтысың, ал күшің қатыннан да төмен!

– Енді… Бар күшімді салып-ақ жатырмын… – Степан ешкімге қарамауға тырысты. – Мазам да болыңқырамай тұр.

– Алыстан келіп пе едің?

– Жоқ… Әнебір жерден солға бұрылсаң, менің деревням. Морошкино деп аталады.

Олар бір-біріне қарап бастарын шайқады: жолдың екі бетін түгел аштық жайлаған, демек, бұл да аштықтан қалжыраған. Мүмкін, байғұстың нәр татпағанына үш-төрт күн болған шығар… Ал, Степан бұлардың қасынан тезірек кетіп қалуға тырысты: ол өзінің осы әлсіздігіне қатты қорланды. Ол шынында бірнеше күн бойы нәр татпаған болатын, тіпті аштықтан әрең тәлтіректеп жүріп келе жатыр еді. Жүріп келе жатып көзінің алды қайта-қайта қарауытып кете берді. Степан құрғақ жерге отырып, демалып алып отырды. Қаншама күн жылы, жайлы болғанмен, оның мазасы болмады, қалжырағаны сонша, осылай отырып өліп кетсе де риза еді…

Арба мінгендерден басқа, аракідік жаяу жүргіншілер де кездесіп қалып отырды, мойындарына сөмке асынып алған бұлар, қалаға күнкөріс қамымен бара жатқан болатын.

– Ағай қаладан келе жатырсың ба? – деп сұрайды қарсы кездескен мұжықтар.

– Қаладан, – деп жауап береді бұл.

– Ол жақтан жұмыс табыла ма?

– Ол жақта ешқандай жұмыс жоқ… Алты апта бойы жұмыс табылмай босқа сандалдым, енді қайтып бара жатырмын. Көктем келді, енді жерді жырту керек. Әйтпесе кеш болады.

– Мұның дұрыс… Тот басқан жалқау соқа сенің жеріңді өзі келіп жыртып бермейді. Сонымен, жұмыс табылмады дейсің бе? Онда маңдайыңа жазғаны сол болғаны да…

– Бәрі де солай, ешкім де жұмыс тапқан жоқ. Қалада өз жұмысшылары да жеткілікті… Тек қар күреу, отын бұтау сияқты бірдеңелер бар, оған су ішесің, нан жейсің… Ал, нағыз жұмыс жоқ.

Әңгіменің тақырыбы бір-ақ нәрсе болды; аштық, жұмыс, тамақ табу. Нан да, бидай да, пішен де жоқ. Ештеңе жоқ. Қаншама мал сойылды, бәрі Рождествоға дейін таусылған еді. Тіпті арзан бағаға сатылған жылқы да өтпеді. Степанмен сөйлескен адамдар оның қалада жұмыс жоқ дегеніне сенбеді, шенеунік пен байлар тұратын қалада жұмыс болмағанда қай жерде болады?

– Бекер әуре болатын болдыңдар… – деді Степан.

– Құдайдың басқа салғанын көрерміз, қайырымды жан!.. Жетіскеннен бара жатқан жоқпыз…

Степан үлкен жолдан сүрлеуге түскен кезде бойының жеңілдеп қалғанын сезді: ең болмаса аш адамдарды көрмейді.

Морошкино жазық жермен жүрсе отыз, ал Пеньковка арқылы жүрсе, қырық шақырым жер.Үйге жақындаған сайын бойыңды қуаныш билейді, тек тезірек жетер ме еді. Онда не болып жатыр екен… Халық әбден қажыды, қыстың түрі мынау.

Пеньковкаға жақындаған кезде Степан алдында кетіп бара жатқан жас жігітті қуып жетті. Ол қолындағы таяғын сермей, қарыштап жүріп бара жатты.

Бұл балаң жігіт Морошкино деревнясының адамы болып шықты, аты Сережка.

– Сережка қайдан келе жатырсың?

– Қаладан, – деді бозбала көтеріңкі дауыспен. – А, бұл сен бе едің Степа… Мен әдепкіде танымай қалдым. Сен де қаладан келе жатырсың ба?

– Иә, қаладан.

Сережка өзінің балаң, қоңыр көздерімен Степаға барлай қарап қойды. Сосын еш себепсіз күлімсіреді. Бұл жас шамасы он төрттегі орта бойлы, бетін секпіл басқан, кәдімгі деревня баласы еді. Қалалықтарша киінуге тырысыпты: жыртық пижжак, жыртық етік, пүліштен тігілген жыртық шалбар. Ал көйлегі сисадан тігілген ақ көйлек, бұл көйлекті Екатеринбургтің халқы ығы-жығы болған базарларының бірінен алған еді.

– Неменеге мәзсің? – деді Степа қабағын түйіп.

– Жәй, әншейін… Әдепкіде қорқып кеттім: соңымнан біреу қалмай келеді, қарасам өзіміздің деревняның адамы. Сіз болғаныңыз қандай жақсы болды, бірге қайтамыз. Зауыттың тұсынан өтетін кезде қатты қорықтым:  өзі жолдың бойы, халқы да дөрекі.

– Қорқатын несі бар, балақай?

– Өзім де білмеймін. Пеньковкаға түнеп шығайық, сосын таңертең ертемен Морошкиноға тартып кетейік. Деревнямды сағындым, тіпті жүгіріп кеткің келеді…

– Жүгіріп кете бер, кім сені ұстап тұр…

Сережка тағы үнсіз қалды. Оның қуанышы Степаның жүрегіне ауыр тиіп жатты. Аштықтан әбден қалжыраған Степан оған жақтырмай қарады.

– Сен қалада не істедің ?- деп сұрады Степан қатқыл дауыспен.

– Мен поптың ат айдаушысы болдым… Күзді күні бардым, алғашқы қар түскенше жұмыс істедім. Поптың өзі сияқты аты да кәрі. Өзі сараң, күңкілдей береді. Әдепкі кезде қатты қиналдым, кетіп те қалғым келді. Бірақ біздің деревнядан пішен шабуға келген адамдар жұмысыңды тастама, деревняны аштық жайлаған, соңына дейін шыда деп ақыл берді.

***

Осылай әңгімелесіп келе жатып, бұлар жолдың қалай қысқарғанын байқамай қалды, тіпті Пеньковканы біреу бері жақындатып қойған секілді.

Пеньковка Көлді деп аталатын өзеннің жағасына орналасқан үлкен деревня болып шықты. Бұл жерде бұрын өмір қайнап жататын, енді тып-тыныш, үйлерде кәрі-құртаң кемпір-шалдар ғана қалыпты. Ал ер-азаматтар отбасын асырау қамымен жан-жаққа кетіпті.

– Бұл жерге де аштық жетіпті, – деп қояды Сережка жүріп келе жатып.

– Силантийға кіріп, қонып шығуға рұқсат сұрасақ қайтеді?

Силантийдің үйі бері жақындау жерде болып шықты, мұнысы бұларға тиімді болды. Степан үнсіз келіскен, тіпті бұған қай жерге қонса да бәрібір болатын.Үйде екі-ақ адам – кемпір мен келін ғана бар еді.

– Басқа бір үйге барып қонғандарың дұрыс болатын еді, – деді кемпір.

– Шаршадық, әже… Мүмкін сен тамақтан қиналып тұрған шығарсың, біз тамақ жемейміз, ертең үйден ішеміз.

– Иә, иә сол ғой мені қинап тұрған: өзіміз тамақты күнара ішеміз… Ана балаларды қарасаңшы, нан сұрап жылап жатыр. Бұл да Құдайдың ісі шығар… Қайда барсаң да тып-типыл, ештеңе жоқ. Мынау Сережка ма?

– Василиса әже, мен, Сережка ғой.

Бұлар ішке кірді, ырымын жасап дұға қайырды, содан кейін сәкіге жайғасты. Силантийдің жағдайы әжептәуір сияқты еді, үйдің ішіне кіргесін тіпті тіршіліктің нышаны байқалмады. Жас келінді Степан танымады, әбден жүдеген, әйтпесе ол да Морошкинодан, Степанмен көрші тұратын. Оның бұл жерге келін болып түскеніне төрт жылдай болды.Үйге кіргесін Сережка тіпті тым-тырс қалды. Мойнындағы сөмкесін бұрышқа қойды да, таңғалған түрмен жан-жағына қарады.

– Жұмыс іздеп шыққанмын, Василиса шеше… – деді Степан мұңайып. Тек босқа әуре болыппын…

– Ең болмаса өзің тоқ болған шығарсың, үйіңде ол да болмас еді ғой.

– Үйді уайымдадым шеше… Оларды ойлаған кезде көзіңе жас үйріледі: олар аш отыр, ал бұл жақтан беріп жіберетін ештеңе жоқ… Бір күн жұмыс істесең, үш күн бос жүресің.

– Сендердің Морошкиноларыңда да қиын болып тұр ғой. Мына Матрена келін өткен аптада үйіне барып қайтқан еді, тіпті жаман болып тұр дейді. Бәрі де аш, әйелдер балаларына ештеңе тауып бере алмай жатыр. Бәрі де арасына бір күн салып, әйтеуір бірдеңе жейді. Бәрі де аш: біреулер жүріп келе жатып құлап қалады. Бұрындары жүн-жұрқамен шошқаны тамақтандыратын едік, енді ол да жоқ.

Осылай, ананы-мынаны айтып отырып, ештеңе жеместен, ұйықтауға жатты.

Степан орын табылғанына қуанышты еді. Тақтай төсекке Степанмен бірге Сережека да жайғасты.

– Сен, поптың күшігі, байқа мен ерте тұрам, – дедіСтепан. Ұйықтап қалма.

– Сен мені оят: бірге жүрейік, көңілдірек болады.

– Сенің содан басқа білетінің бар ма, ақымақ…

Осылай жатып бірталай сөйлесті. Оның үстіне Сережка қалада поптың үйінде қалай күн кешкенін айтты, оған қоса алты сом жалақы алғанын да ұмытқан жоқ.

– Шешең қуанып қалатын болған екен, – деді Василиса шешей, көрдің бе таршылықта өсіп ең, жігіт болыпсың. Бұл да Құдайдың қарасқаны…

– Мен зауыттың қасына келген кезде қорықтым, – деді Сережа сөзін жалғастырып, – ол жердегі адамдар қорқынышты, одан басқа жолдың бойында да аш адамдар кезіп жүр. Егер, менде ақша бар екенін білсе, тірі қалуым екіталай еді.

– Иә, иә.

– Степан да қорқытты: артыма қарасам біреу тақап келіп қалыпты…

Бұл әңгімеге Степан араласқан жоқ, тек оқтын-оқтын күрсінумен болды. Сережка алып келе жатқан алты сом оған маза бермеді. Өзінің бос келе жатқанына ұяттан жерге кірердей болды. Бұл әрі ұят, әрі қорлық еді… Ал, бұны үйде жоқшылық күтіп тұр. Әйелі болса мұны қаладан ақшамен оралады деп отырған шығар, оның аржағында бақшадағы өнім де пісіп қалады, картоп, бұршақ дегендей. Сөйтіп, нанға да қол жетер. Нан демекші, тұқым да жоқ, нан қайдан болсын, ат та аш тұр.

Үйдің ішіндегілер әлдеқашан ұйықтап қалған, ал Степан көз ілмеді. Сережканың ақшасы есіне түссе, жүрегі дүрс-дүрс соғып кетеді. Рас, алты сом көп ақша емес, бірақ мынадай уақытта әжептәуір дүние. Міне, сондықтан да Сережка көңілді, ал бұл үйіне не бетімен бармақ. Ойына неше түрлі ойлар келді, бірақ ойы қайта-қайта Сережканың ақшасына тіреле берді… Степан өзінің бұл ойынан қорқып, бірнеше рет дұға оқымақ болды. Сережка қасында ұйықтап жатыр, сөмкесі бас жағында, қолыңды созсаң болды – ақша сенікі, ал да жөней бер.

Степан өзінің бұл ойларынан терлеп те кетті, мұздай болған тақтай төсекте жатса да терлеп кетті. Түнімен дөңбекшіді. Таң атқасын күндегі әдетімен Василиса шешей от жағуға келген кезде, бұл да орнынан тұрып жинала бастады.

– Сережканы неге оятпадың? – деп сұрады кемпір. – Кеше ол саған оят деп тапсырып еді ғой.

– Оятқам, тұрмайды… Артымнан қуып жетер.

– Жолдан әбден шаршаған ғой, – деді кемпір. – Мейлі, жата берсін. Соңыңнан қуып жетер, жиырма шақырым деген не. Степан неге түнеріңкісің?

– Шеше, мазам болыңқырамай тұр. Таза ауаға шыққасын кетеді ғой.    

Кемпір бұл сөзді өзінше түсінді, демек әбден ашыққан, бар болғаны сол.

Аяғын әрең сүйретеді, қажыған. Барлық ер-азаматтар да солай. Мұның несі жақсы.

– Мен Сережканы оятайын, – деді кемпір, Степанды қақпаның сыртына шығарып салып тұрып. – Жақсы бала.

Степан ештеңе деген жоқ, түнде мазалаған ойлардан қашқысы келгендей, тез адымдап жүріп кетті. Артына бұрылып қараған жоқ, тіпті кемпірге рақмет те айтқан жоқ.

– Әй осының мұнысы тегін емес-ау, – деді Василиса күбірлеп, сөйтіп бірден Сережканы оятуға кетті. Оның ойында Сережканың ақшасы жоқ деген күдік болды. Сережка өзінің алты сом ақшасын түгел санап шыққан кезде Василиса демін бір-ақ алды: бұл аш адам туралы бекер арам ойлаған екен. 

Степан өзіне таныс жолмен жүріп келе жатып, күнәһәр бола жаздаған жерімнен Құдайдың өзі құтқарды, тез кетіп қалғаным қандай дұрыс болған деп ойлады… Әйтпесе шайтан түрткені рас еді ғой: қолыңды созсаң болды…

***

Бір жағынан кемпір де күйбеңдеп жүріп алды, әйтпесе күдік бірден бұған түсетін еді. Жоқ, қайткенмен кетіп қалғаны дұрыс болды. Тек, қарны қатты ашты, мына таныс деревняда бір тілім нан сұрап жеу ұят еді, мұның түрін бәрі танитын. Ол соңғы рет нанды зауытта жеген болатын, оны сол жердегі жәмшіктерден сұрап жеген еді. Бір жағынан ұят та қысты, бір жағынан таныс емес адамдар, ешкімге айта қоймайды.

Жарты жолға келген кезде Степан әбден қалжырады, аяқтарын тәлтіректеп басып келе жатты… Қырсыққанда ешкім кездесе қоймады. Күн жоғарыға көтерілген, денеңді қыздырып, балбыратады… Жатып тынығып алар ма еді. Жақын маңда пішен сақтайтын сарай көрінді, Степан демалып алу үшін соған келіп кірді. Ішіндегі саңылтырдың үстіне құлай кетті де көзін жұмды, көз алдына Сережканың бейнесі келді, бейне бұған қарап күліп тұрды.

– Құдай, өзің сақтай көр! – деді Степан күбірлеп.

Ұйқысыз өткен түн, өзінің дегенін қылды. Ол бұл сарайда қанша ұйықтағанын білмейді, бірақ, әлдебір дауыстан оянды. Жолмен біреу келе жатты, өзі ән салып келеді. Есіктен басын шығарып қарап еді; Сережка…    

– Әй көксоққан, неменеге мәз болып әндетіп келесің? – деп айқайлады Степан.

– Бұл сен бе едің Степа? Ал, мен сені үйге жеткен шығар деп едім…

– Жете алмадым. Демалып алмақшы болып отырып едім, ұйықтап кетіппін.

– Әлі демаласың. Жүрейік…

– Дұрыс, Сережка. Жүрейік.

Олар жүріп кетті, Сережка алда, Степан соңынан келе жатты.

– Ал, маған Василиса шешей сені кетіп қалды, өзі көңілсіз деді. Аяп жүр.

Василисаның аты аталғанда Степанның денесі дір ете қалды, әлдебір ойлар миын шарпып өтті. Шынында, ол үйден бұрын шықты ғой…

Содан кейін Сережканың мүрдесін орманның ішінен тауып жатса, кім өлтіргенін қалай табады… Степанның тұла бойы тағы қалтырап кетті. Құдайым ау, не болып кетті өзі? Басы айналды, көзінің алдында бірдеңелер қарауытты. Ал, Сережка алдында кетіп бара жатыр, мойнында сөмкесі. «Оның ақшасын тартып алу керек» деген ой келді басына. Бірақ үйіне барғасын айтып қояды, сосын Степанды түрмеге жабады. Тағы басы айналды, тағы көзінің алды қарауытты…

– Сережка қайда асығып бара жатырсың, сайтан алғыр!..

Сережка тоқтаған кезде күліп қарап тұрған Степанды көрді.

– Бері келші…

Сережка жақындап келгені сол еді, басына тиген соққыдан ұшып түсті.

– Степа, саған не болды, – деді Сережка жан даусы шығып.

Бірақ бұл сөздер Степанның құлағына жеткен жоқ, тек Сережканың алқымынан алды да қылғындыра бастады. Сережканың тыпырлаған денесі сәлден соң тым-тырс қалды. Степан оның мойнындағы сөмкесін жұлып алды да жүгіре жөнелді. Оған, оның соңынан Сережка қуып келе жатқандай көрінді. Тіпті «Степан сен не істеп жатырсың?» деген сөздері де құлағынан кетпеді. Жарты шақырымдай жүгіргесін әбден сілесі қатты. Мүмкін мұны біреу көріп қалған шығар, оның үстіне Сережка жолдың үстінде жатыр, біреу үстінен шығып қалса, ізін суытпай мұны тауып алады. Степанның есіне өлген адамды байлап тастамаса, өлік өзін өлтірген адамның соңынан қалмайды екен, деген сөзі түсті. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады, содан кейін жаңағы жерге қайтып келіп, Сережканы таяу тұрған қайыңға сүйреп апарды, сосын оған өзінің белбеуімен байлап тастады. Осыдан кейін басқа жолмен өзінің деревнясына қарай жүріп кетті.

***

Сережканың мүрдесін бір жетіден кейін тапты, бұл кезде мүрде бұзыла бастаған еді. Степан бұл әңгімені естіген кезде сыр берген жоқ. Сережкамен бірге болғанын, Пеньковкада бірге түнегендерін айтқан жоқ. Тергеуші келіп, іздеу салғанмен ештеңе өнбеді. Ал, Степан күн ұзаққа үнсіз, ойға батып, түнеріп жүретін болды. Ақыры шыдамады, төртінші күн дегенде тергеушіге өз аяғымен келді.

– Сережканы өлтірген мен едім, жоғары мәртебелім.

– Неге өлтірдің?

– Аштықтан…Мені сайтан азғырды. Көзіне жас ала отырып, Степан оған болған оқиғаны бастан аяқ түгел айтып берді. Бұл әңгімені айтып отырған кезде, тыңдап отырған куәгерлер де көздеріне жас алды. Степан жақсы адам болатын. Ешкімге жаманшылық ойламайтын адам еді.

11 қазан, 2020 жыл.

Орысшадан  аударған  Бақтияр  МЫРЗАШ,

Қызылорда облысы

Сырдария ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: