Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ойынқұмарлық аурулар тізіміне енді

13.01.2022, 11:00 406

«Қолыңнан телефон түспейді» деп, балаларға қабақ шытудан үлкендер алдына жан салмайды. Әйтсе де үлкендер, яғни біздің өзіміз алақандай темірдің ішіне күні бойы кіріп кетердей-ақ болып отыратынымыз рас. Өкінішке қарай, қазіргі заманның кейпі осындай. Үлгі алады дейтін үлкендер осындай болған соң, балалар қайдан бас тартсын?! Елдегі елең-алаң жаңалықты қалт жібермей әлеуметтік желілерден оқып отыруға әбден машықтанып алған халық соңғы бір аптадағы интернеттің жоқтығына бой үйрете алмай, абдырап қалғаны рас. Телефонға телміруді тоқтатқан жұрт енді көгілдір экран мен газет-журналдардағы ақпараттарға үңілетін болды. Кәдімгі баяғы заманғы қалыпқа келе қалдық. Алайда интернетке шектеу уақытша кедергілерге байланысты. Аз күндерде қайтадан қосылады. Дегенмен біз айтпақ болған тәуелділік электронды ойындарға тікелей байланысты. Ғалымдар енді ойынқұмарлықты кәдімгі аурулардың тізіміне қосыпты.

Қоспағанда ше?! Мидың қызметі күндіз-түні ойынның құрсауынан шыға алмайтын дәрежеге жеткеннен кейін ол ауру болып саналатыны айдан анық. Жаңа Халықаралық аурулар жіктемесінің 11-нұсқасы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде күшіне енді. 2019 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған құжатқа бірнеше жаңа бөлім қосыл­ған. Олардың қатарында дәстүрлі медицина бөлімі бар. Сонымен қатар тәуелділікпен байланысты аурулар қатарына видео және сандық форматтағы ойындарға құмарлық жатқызылды. Құжатқа 55 мыңнан аса жарақат, ауру мен өлім себептері енді.

Құжатқа сәйкес, ойынқұмарлық (ағылшынша – gaming disorder) кезінде адам қызықты және күнделікті маңызды істермен айналысудың орнына бар назарын ойынға бөледі. Ол жеке, отбасылық және әлеуметтік өмірде проблема туындаған жағдайда, аталған жағдай 12 ай бойы жалғасса, анықталады. Алайда ауыр жағдайларда диагноз қою үшін аз уақыт жеткілікті. Ойынқұмарлықтың аурулар қатарына қосылуына медицина жинаған деректер себеп болды. Енді мемлекеттер денсаулық сақтау саласында стратегиялар әзірлеу барысында бұл ауруды да назарға алуы керек. Халықаралық аурулар жіктемесі – ауру­лар туралы баяндамаларға арналған халықаралық стандарт. Сонымен қатар тізім жаһандық масштабта денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар мен статистиканы анықтауға мүмкіндік береді. Құжаттың алдыңғы нұсқасы 1990 жылдан бастап  жарамды  болған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қала көшелерінде өткен-кеткен адамнан тиын-тебен тілеп жүретін қаршадай балаларды көзім көрген. Оларға ақшаның не себепті керек екендігін сұрағанда «мектепте тамақ алуға керек» деп жауап беретін. Кейін білгеніміздей, олар қолдары қалт ете қалса, компьютерлік ойындарға барып уақыт өткізеді екен. Қазір баласы бар үйдің барлығы перзенттерінің ойынқұмарлыққа ойысып кетпей, зейіндерін білім алуға бұрғанын қалайтыны рас. Алайда ата-аналардың таңнан кешке дейін балаларын бақылап отыруға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан реті келсе, балалардың сабақтан кейінгі бос уақыттарында әртүрлі қосымша курстарға жазылғаны дұрыс. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, ауру атану кімге де болса оңай тимейтіні рас.

А.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: