Адамзат тарихында медицинаның мүмкіндігіне сын болған дерт аз емес. Ғылым талай аурудың емін тауып, бұрын үмітсіз көрінген диагноздардың өзін бақылауда ұстауға жол ашты. Алайда, кейбір инфекциямен күрес ауруды емдеумен ғана тоқталмады. Оған қоғамның түсінігі, адамның өз денсаулығына жауапкершілігі, медициналық көмектің қолжетімділігі мен диагнозға қатысты қалыптасқан көзқарас та тікелей ықпал етеді. Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) да осы күрделі мәселелердің қатарында тұр.
АИТВ төңірегіндегі әңгіменің өзегінде медициналық көрсеткіштермен бірге адам тағдыры, отбасы қауіпсіздігі, ана мен баланың денсаулығы және қоғамның ақпараттану деңгейі тұр. Инфекцияны уақытында анықтап, антиретровирустық емді жүйелі қабылдау арқылы оның ағзаға әсерін бақылауға болады. Соған қарамастан, жұқтырудың алдын алу, диагнозын білмейтін адамдарды тестілеуге тарту және емге қолжетімділікті кеңейту әлемдік денсаулық сақтау саласы үшін маңызды міндет боп қала бермек.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СТАТИСТИКА СӨЙЛЕСІН
Мәселенің ауқымын Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласында қолданылатын жаһандық көрсеткіштер де айғақтайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2026 жылғы шілдеде жарияланған деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңында әлемде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың саны 41 миллионға жеткен. Оның ішінде 1,3 миллионы – 14 жасқа дейінгі балалар. 2025 жылы шамамен 1,2 миллион адам инфекция жұқтырса, 570 мың адам АИТВ-мен байланысты аурулардан көз жұмған. Эпидемия басталғалы бері әлем бойынша 92,2 миллион адам инфекция жұқтырған, 44,2 миллион адамның өмірі АИТВ-мен байланысты аурулар салдарынан қиылған. 2025 жылы АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 88 пайызы өз мәртебесін білген, 89 пайызы антиретровирустық ем қабылдаған. Ем алып жүргендердің 95 пайызында вирустың қандағы мөлшері басылған. Бұл көрсеткіштер медицина мүмкіндігінің кеңейгенін аңғартады. Соған қарамастан, миллиондаған адамның диагнозын білмеуі немесе қажетті емге жете алмауы алдын алу мен медициналық көмектің қолжетімділігі мәселесін күн тәртібінен түсірмей отыр.
Ал елдегі статистикалық сандарды сөйлетіп көрелік. Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы бес айында елімізде АИТВ жұқтырудың 1343 жаңа жағдайы тіркелген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6 пайыз аз. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңадан тіркелген жағдайлар саны 3436-ны құраған. 2026 жылғы 1 шілдедегі эпидемиологиялық деректерде 15-49 жас аралығындағы халық арасында АИТВ-ның таралу деңгейі 0,35 пайыз деп көрсетілген. Инфекцияның берілу жолдарына қатысты статистикада ересектер арасындағы жағдайлардың 76,1 пайызы қорғалмаған гетеросексуалдық қатынасқа, 14,6 пайызы ерлер арасындағы жыныстық қатынасқа, 8,6 пайызы инъекциялық есірткі қолдануға байланысты болған.
Өңірлердегі көрсеткіштер де әркелкі. 2026 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша, 15–49 жас аралығындағы тұрғындар арасында АИТВ-ның таралу деңгейі Шығыс Қазақстан облысында 1,01 пайыз, Қарағанды облысында 0,81 пайыз, Павлодар облысында 0,75 пайыз болған. Ал, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 0,08 пайызды құраған. Республика бойынша орташа деңгей – 0,35 пайыз.
2025 жылдың қорытынды мәліметтерінде Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін 38 029 адам тіркелген. Оның 23 479-ы – ер, 14 550-і – әйел. Ал 2026 жылғы 1 шілдедегі статистикада антиретровирустық терапия қабылдайтын пациенттер саны 5 542 деп берілген. Бұл екі көрсеткіштің есептік ауқымы мен қамту әдісі бірдей екені расталмағандықтан, оларды тікелей салыстыруға болмайтынын ескерсек, жаңа тіркелген жағдайлар санының төмендеуі – назар аударарлық өзгеріс. Дегенмен, бір кезеңдегі көрсеткішке қарап, инфекцияның таралу қаупі толық азайды деген қорытынды жасауға болмайтынын жасыра алмаймыз.
АИТВ ТАРИХЫНА ТОҚТАЛСАҚ…
АИТВ инфекциясы ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында әлемдік медицинаның басты зерттеу нысандарының біріне айналды. 1981 жылы АҚШ-та иммундық жүйенің ауыр зақымдануымен сипатталатын белгісіз дерттің алғашқы жағдайлары ресми тіркелді. 1983 жылы француз ғалымдары Люк Монтанье мен Франсуаза Барре-Синусси бастаған зерттеу тобы инфекцияның қоздырғышын анықтады. 1986 жылы вирусқа адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) деген атау берілді.
Ауруды зерттеу мен емдеу тәсілдерін жетілдіру кейінгі жылдары қарқын алды. 1987 жылы АИТВ-ға қарсы алғашқы дәрілердің бірі қолданысқа мақұлданса, 1990-жылдардың ортасында бірнеше препаратты біріктіретін антиретровирустық терапия кеңінен енгізіле бастады. Бұл жетістік АИТВ инфекциясын бақылауға мүмкіндік беріп, диагнозы қойылған адамдардың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын жақсартуға жол ашты. Бүгінде вирусқа қарсы тұрақты ем инфекцияның дамуын тежеуге мүмкіндік береді, алайда АИТВ-ны ағзадан толық жоятын ем әзірге табылған жоқ.
ШЫМКЕНТ пен ПАВЛОДАРДАҒЫ АХУАЛ АЛАҢДАТАРЛЫҚ…
АИТВ инфекциясының таралуы – қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Инфекцияны ерте анықтау, жұқтыру қаупін төмендету және науқастарды уақытылы еммен қамту жұмыстарының маңызы зор. Әсіресе, репродуктивті жастағы әйелдердің денсаулығы мен анадан балаға инфекцияның берілуінің алдын алу мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді.
Шымкенттегі статистика осы мәселенің нақты бір қырын көрсетеді. Атап айтқанда, қалада АИТВ инфекциясымен өмір сүретін 741 әйелдің босанғаны белгілі болды. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың 482-сі заңды немесе азаматтық некеде тұрады. Әйелдердің жұбайларын медициналық тексеруден өткізу нәтижесінде 261 ер адамнан АИТВ анықталған. Ал 221 ер адамның сараптамасы теріс болған. Қалған 259 әйелдің жыныстық серіктестері туралы мәлімет ұсынылмаған. АИТВ-мен өмір сүретін әйелдердің басым бөлігі – 22-49 жас аралығында.
Бұл кезеңде репродуктивті денсаулықты сақтау, жүктілікті жоспарлау және ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Уақытылы анықталған инфекция, дәрігер бақылауы және антиретровирустық ем анадан балаға берілу қаупін едәуір төмендетеді. Сонымен қатар, серіктестерді тестілеу және диагнозы анықталған адамдарды еммен қамту инфекцияның әрі қарай таралуының алдын алуда маңызды рөл атқарады.
АИТВ қорғалмаған жыныстық қатынас кезінде, қан арқылы және анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезеңінде берілуі мүмкін. Күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас арқылы жұқпайды. Сондықтан инфекция туралы дұрыс ақпараттың таралуы, медициналық тексерудің қолжетімділігі және ем қабылдайтын адамдардың құқығы мен құпиялылығының сақталуы қатар қамтамасыз етілуге тиіс.
АИТВ-ға қатысты тағы бір оқиға Павлодар облысында тіркелді. Павлодарлық ақпарат құралдарының хабарлауынша, кәмелетке толмаған екі қызға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, оларға АИТВ жұқтырған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Оқиға 2025 жылғы желтоқсанда болған, зардап шеккен қыздардың жасы – 10 және 11-де. Бұл жағдай балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және зардап шеккендерге қажетті медициналық әрі психологиялық көмек көрсету мәселесінің маңызын көтеруде.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Жоғарыда жаза кеткеніміздей, әр өңірдің аталмыш инфекцияға қатысты пайыздық мөлшерлемесін білдік. Сонымен қатар, қабырғалас Шымкенттегі сұмдық статистиканы да салып қойдық. Бірақ, аймағымызға келгенде, бұқаралық ақпарат құралы ретінде е-өтініш арқылы жіберген сұраныс хатымыздағы суалдарға тиісті орыннан бірде-бір мардымды жауап ала алмадық. Алған жауабымыз – медициналық құпия. Ал, білгіміз келген ақпарат легі мынадай:
1. Соңғы бес жылда (2021–2025 жылдар және 2026 жылдың есепті кезеңі бойынша) Қызылорда облысында АИТВ инфекциясын жұқтырғаны анықталып, есепке алынған әйелдер мен ерлердің саны қанша? Мәліметтерді жылдар бойынша бөлек көрсетуді сұраймыз.
2. АИТВ инфекциясын жұқтырған әйелдердің жас ерекшеліктеріне қарай бөлінісі қандай? Оның ішінде репродуктивті жастағы әйелдер саны қанша?
3. Соңғы бес жылда АИТВ инфекциясын жұқтырған әйелдердің арасында жүктілік жағдайлары қанша рет тіркелді? Осы кезеңде олардың қаншасы бала босанды?
4. АИТВ инфекциясын жұқтырған аналардан соңғы бес жылда дүниеге келген балалардың жалпы саны қанша?
5. Аталған аналардан туған балалардың қаншасынан АИТВ инфекциясы анықталды, ал қаншасы инфекция жұқтырмағаны расталған балалар ретінде тіркелді? Мәліметтерді жылдар бойынша бөлуді сұраймыз.
6. АИТВ инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу мақсатында қандай медициналық шаралар жүргізіледі? Жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға көрсетілетін профилактикалық көмектің негізгі тәртібі қандай?
7. АИТВ инфекциясын жұқтырған әйелдердің жүктілікті жоспарлауы, жүктілік кезінде медициналық бақылаудан өтуі және дені сау баланы дүниеге әкелуі үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Осында көрсетілген 7 сауалдың жетеуіне де жауап – медициналық құпия…
Қызылорда облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының бас дәрігері Ахмет Ләйләнің айтуынша, АИТВ инфекциясы анықталған әйелдерге қатысты жас ерекшеліктері бойынша талдау да эпидемиологиялық бақылау аясында жүргізіледі. Әсіресе, репродуктивті жастағы әйелдердің денсаулығын сақтау, жүктілікті жоспарлау және инфекцияның анадан балаға берілуінің алдын алу мәселелеріне басымдық беріледі.
– АИТВ инфекциясы анықталған жүкті әйелдер мамандардың медициналық бақылауына алынып, ұлттық клиникалық хаттамаларға сәйкес қажетті емдік және профилактикалық шаралармен қамтылады. Жүктілік пен босану кезеңінде медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, ал нәрестелерге тиісті профилактикалық көмек көрсетіп, денсаулығын бақылауға ерекше мән беріледі. Анадан балаға инфекцияның берілу қаупін төмендету үшін жүкті әйелді уақтылы тексеру, антиретровирустық терапия тағайындау, нәрестеге профилактикалық препараттар беру және баланың АИТВ инфекциясына зерттеп-қаралуын ұйымдастыру көзделген. Сонымен қатар, АИТВ-мен өмір сүретін әйелдерге отбасын жоспарлау, репродуктивті денсаулықты сақтау және жүктілікке дайындық мәселелері бойынша кеңес беріледі. Жүктілікті жоспарлау кезінде әйелдің денсаулық жағдайы бағаланып, антиретровирустық терапияны тұрақты қабылдауы мен емнің тиімділігі бақыланады. Жүктілік кезінде акушер-гинекологтар мен АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы мамандары бірлесіп жұмыс істейді. Әйелдерге қажетті зертханалық тексерулерден өту, емді сақтау және босанғаннан кейінгі медициналық бақылау бойынша қолдау көрсетіледі, — дейді Л.Кенжебайқызы.
Мекеме мәліметінше, облыста АИТВ инфекциясын ерте анықтау мақсатында тұрғындарға ақысыз тестілеуден өту мүмкіндігі ұсынылады екен. Сондай-ақ, халық арасында ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық және консультациялық жұмыстар жүргізіледі. Медициналық ұйымдар мен түрлі мекемеде семинарлар, кездесулер ұйымдастырылып, инфекцияның берілу жолдары, одан қорғану тәсілдері, ерікті тестілеудің маңызы және медициналық көмектің қолжетімділігі түсіндіріледі.
ТҮЙІН. Әлемдік ахуалдан бастап, елдегі жағдайды баяндадық. Ал, аймақтың ахуалына келгенде неге сақпыз? Медициналық құпия сақталуға тиіс, бірақ ол қоғам үшін маңызды сұрақтарға жауап бермеудің себебіне айналмауы керек. АИТВ-ның алдын алу үшін нақты ахуалды білу қажет. Ал мәселенің ауқымы ашық айтылмаса, онымен күрестің нәтижесін қалай бағалаймыз? «Ауруын жасырған өледі» дегенді де ұмытпаған жөн.
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!