Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелер

20.11.2026, 1:36 20

Кеше қалалық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынға Қоғамдық кеңес мүшелері, қала әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, жауапты мекемелер мен қалалық Полиция басқармасының өкілдері қатысып, күн тәртібіндегі келесі мәселелерді талқылады:

  1. Қызылорда қаласындағы кәмелетке толған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға арналған «Жастар үйінің» қазіргі жай-күйі және оны пайдаланудың тиімділігін арттыру туралы.
  2. 2027-2029 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджеті туралы.
    Алғашқы мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А. Рысбектің хабарламасы тыңдалды.
    Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы пайдалануға берілген «Жастар үйінің» қазіргі жай-күйі талқыланды.
    Қоғамдық кеңес мүшелері нысанды аралау барысында ғимараттың қараусыз қалғанын, бөгде адамдардың кіргенін, мүліктердің бүлініп, вандализм әрекеттерінің орын алғанын анықтаған.
    Осыған байланысты ғимараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны күтіп, ұстауға мақсатында бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, бос пәтерлерде жиналған қоқыстарды тазарту, подъезге кіреберіс есікке домофон орнату, сынған терезелерді қалпына келтіру және ғимарат аумағында полицияның арнайы пунктін орналастыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
    Кеңес мүшелері әлеуметтік маңызы бар нысанның бос әрі қараусыз қалмауы керектігін атап өтіп, оны жөндеу және алдағы уақытта тиімді пайдалану мәселесін жауапты мекемелердің назарында ұстауды ұсынды.
    Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г. Баймаханова 2027-2029 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетінің жобасын таныстырды.
    Бюджет жобасында әлеуметтік міндеттемелерді орындау, халықты әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, мәдениет пен спортты дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру және жол инфрақұрылымын жақсарту бағыттары қамтылған.
    Трансферттерді есепке алмағанда, қала бюджетінің кірістері 2027 жылы 77,2 млрд теңге, 2028 жылы 69,7 млрд теңге, 2029 жылы 74,3 млрд теңге көлемінде бекіту болжанып отыр. Ал шығыстар көлемі тиісінше 66,5 млрд, 69,6 млрд және 74,1 млрд теңгені құрайды.
    Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері «Жасыл Қызылорда» мекемесінің жұмысын қайта құруды ұйымдастыру және М.Тұрғанбаев көшесіндегі жөндеу жұмыстарын толық аяқтау жөнінде ұсыныстар білдірді.
    Отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерге қатысты жауапты мекемелерге тиісті ұсыныстар беріліп, олардың орындалуын бақылауда ұстау қажеттігі атап өтілді.
    Отырысқа Қоғамдық кеңес төрағасы М.Кәрімбаев төрағалық етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: