– 2022-2024 жылдары дәрі-дәрмек сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді. Сол талдаулардың нәтижесінде «СҚ-Фармация» жүйесінде жемқорлық тәуекелдерінің өте жоғары екені анықталды. Алайда содан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де, айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Кейбір қажетті препараттар уақытында сатып алынбайды немесе «СҚ-Фармация» арқылы медициналық ұйымдарға дер кезінде жеткізілмейді. Соның салдарынан дәрі тапшылығы туындайды. Менің ойымша, мұндай жағдайларда «СҚ-Фармацияның» өзі жасанды тапшылықтың пайда болуына себепші болып отыр.
Жапонияда 11 мың теңге тұратын дәрінің Қазақстанда әлдеқайда қымбат болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, егер бұл Жапонияда өндірілетін түпнұсқа препарат болса және оның генерикалық баламалары әлі шықпаған болса, ішкі нарықтағы бағасы салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін. Ал шетелге экспортталған кезде оған тасымалдау шығындары, кедендік төлемдер және басқа да қосымша шығындар қосылады. Мұның бәрі түпкілікті бағаға әсер етеді.
Екіншіден, дәрі-дәрмектердің Қазақстанға жеткізілуінде делдалдық тізбектердің ықпалы бар. Мәселен, кейбір препарат алдымен Ресей нарығына әкелініп, содан кейін Қазақстанға жеткізіледі. Ресейлік импорттаушы компания өз үстемеақысын қосады, ал оны сатып алған қазақстандық компания тағы да пайда табуды көздейді. Осылайша, дәрі бірнеше қолдан өткен сайын бағасы өсе береді.
Үшіншіден, Қазақстанның фармацевтика нарығында бәсекелестік өте әлсіз. Бәсеке жеткіліксіз болғандықтан, фармацевтикалық компаниялардың баға саясатына ықпал ететін нарықтық тетіктер дұрыс жұмыс істемейді. Оның үстіне мемлекеттік бақылау да тиісті деңгейде емес. Меніңше, бұған денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуы да әсер етеді. Әрине, Қазақстанның географиялық аумағы үлкен, ал халық саны салыстырмалы түрде аз. Бұл да дәрі-дәрмектерді тасымалдау мен өңірлерге тарату шығындарын арттырады. Логистикаға кететін қаражат та препараттардың бағасына қосылады. Дегенмен, мұның бәрі шетелде әлдеқайда арзан сатылатын дәрінің Қазақстанда бірнеше есе қымбаттауын толық ақтай алмайды.
Меніңше, бұл мәселені шешудің негізгі жолдарының бірі – дәрі-дәрмектерді өндірушілерден тікелей сатып алу жүйесін қалыптастыру. Мәселен, мемлекет «СҚ-Фармацияны» шетелдік фармацевтикалық зауыттардан препараттарды тікелей сатып алуға міндеттесе, дәрінің құны едәуір төмендеуі мүмкін. Қазір кейбір препарат бір компаниядан екінші компанияға, одан үшінші компанияға өтіп, бірнеше делдал арқылы жеткізіледі. Әр компания өзінің пайдасын қосады. Егер осы аралық тізбектер қысқартылса, дәрі-дәрмектердің бағасы да төмендер еді. Алайда «СҚ-Фармацияның» қазіргі жүйені өзгертуге мүдделілігі жеткіліксіз. Өйткені фармацевтика нарығында орасан зор қаржы айналады және бұл салада ықпалды адамдардың мүдделері болуы мүмкін. Сондықтан дәрі-дәрмек сатып алу жүйесін реформалау оңай емес.
Қайырғали КӨНЕЕВ,
невролог
(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)
Фото: img.forbes.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!