Айтыскер ақын, бұрынғы Мәжіліс депутаты, қазіргі Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы Ринат Зайыт мемлекеттік қызметке келгеннен кейін өмірінің қалай өзгергенін айтты. Бұл туралы ол Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Сұхбат барысында журналист Дәурен Сейітжанұлы Ринат Зайытқа таланты мен танымалдылығының арқасында мемлекеттік қызметке де оңай орналасып жүрген жоқ па деген сауал қойды.
Бұған жауап берген ақын көпшіліктің оның қызметке келуін сырттай жетістік деп қабылдайтынын, алайда сол жолда неден бас тартқанын өзі ғана білетінін жеткізді.
«Үш жылдан астам депутат болғанымда елдің бәрі мені дүниенің құлағын ұстап кеткендей көрді. Керемет, шалқып өмір сүретін жерге барды деп ойлады. Қазіргі қызметімді де солай қабылдайтын шығар. «Алатау» театрына барғанымда да жұрт солай ойлаған.
Бірақ сол қызметтерге бару үшін мен нені құрбан еткенімді өзім ғана білемін. Мұны бұлдамай-ақ, жай ақпарат ретінде айтайын. Материалдық табысымның бірнеше есе азайғанын былай қояйық. Мен ең алдымен осы қызметтер үшін еркіндігімді құрбан еттім. Ойымның еркіндігін, жүріс-тұрысымның еркіндігін жоғалттым. Себебі бұрынғыдай қайда барамын, қайда жүремін, не сөйлеймін, не айтпаймын деп өз еркіммен шешім қабылдай алмаймын. Өйткені жауапкершілік он есе, жүз есе артты», — деді Ринат Зайыт.
Оның айтуынша, бұрын айтыскер ақын ретінде айтқан сөздері үшін халықтың қолдауына бөленсе, мемлекеттік қызметке келгеннен кейін нақты нәтиже талап етіле бастаған.
«Екіншіден, халықтың махаббатын мойныма артылған жауапкершілікке айырбастадым. Бұрын мен не айтсам да, ештеңе шешпейтінмін. Бірақ айтамын. Жұрт «Ой, Ринат, молодец! Керемет! Батыр! Айтып жатыр!» деп қолдайды. Ал шын мәнінде ештеңе шешкен жоқпын. Сахнаға шығамын, ішімдегіні айғайлатып тұрып айтамын. Жұрт қосылады. Сонымен бітті. Ол кезде қайда барсам да менен сыйлы, менен сүйкімді адам жоқ еді. Не істесем де, не айтсам да халық кешіре беретін.
Ал Мәжіліске, қызметке келгенде жағдай өзгерді. Енді жұрт «Не істедің? Неге мынаны істемедің?» деп сұрай бастады. Мойныма міндеттемелер жүктелді. Бес міндеттеменің үшеуін орындап, екеуін орындай алмасам, менен жексұрын, менен жаман адам жоқ болып шыға келеді», — деді ол.
Ринат Зайыт мұндай жауапкершілікке саналы түрде барғанын атап өтті.
«Мен осылай болатынын білмеді дейсіз бе? Білдім. Беске білдім. Бірақ соның бәрін біле тұра, тәуекелге бел будым да, осы жолға келдім», — деді ақын.
Оның айтуынша, айтысқа шығып жүрген бұрынғы Ринатқа қарағанда қызмет атқарып жүрген қазіргі Ринаттың халыққа жасаған пайдасы көбірек, артығырақ.
Фото: adaladam.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!