Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Брекеттің адам денсаулығына еш зияны жоқ

29.12.2022, 9:40 894

Қоблан  ҚОСПАНБЕТОВ:

Тістің саулығы өте маңызды. Сондай-ақ, оның түзу және түсінің біркелкі болғанын да қалаймыз. Сондықтан брекет тағуға көптеген стоматолог мамандар кеңес беріп жатады. Осы тұста брекет таққысы келетін, бірақ қорқыныш сезімі басым  және  бірнеше  сұрақ  мазалап жүрген болса, біздің тәжірибелі стоматолог маманымен құрған сұхбатымыздан өзіңізге қажетті кеңес аласыз деп ойлаймыз. Ендеше, Қызылорда қалалық «Muslim Dent» стоматологиясының директоры және ортодонт маман Қоблан  Қоспанбетовтың  біз қойған  сауалдарға  берген  жауабын ұсынамыз.

– Сәлеметсіз бе, Қоблан Мыңбайұлы! Өзіңізге қоятын алғашқы сауалым, брекетті қанша жастан бастап тағуға болады?

Жалпы, брекет системасын қашан тұрақты тістер толық шығып болғаннан кейін (шамамен 12-14 жас) орнатады. Ал ол тістер әр адамда әртүрлі жағдайда тұрақтанады. Сондықтан да брекетті нақты қашан салуға болатыны туралы дәрігердің қаралуынан кейін айтуға болады. Сондай-ақ, брекет системасы­нан бұрын жасалатын процедуралар бар, ол жақтың өсуіне, тістердің қисық шықпауына арналған алынбалы немесе алынбайтын аппараттардың көмегімен тістерді түзетіп, емдеп отыруға болады.

– Брекетті тағу ауырта  ма?

– Брекет салу барысында ешқандай ауру сезімі болмайды. Бірақ брекетті таққаннан  кейін  әркімнің  физиоло­гия­сына, ауру симптомдарына  байла­нысты біреулерде аз уақыт ғана ауырсыну бол­уы мүмкін, ал біреулерде ауру сезімі күштілеу болып жатады. Брекет тағу ауыртпағанымен, ұзақ уақытты талап етеді, оған шыдамдылық керек. Сондай-ақ, ағза басқа затқа үйрену үшін  аздаған  уақытты  да  қажет  етеді.

– Брекет таққаннан кейін  дәрігерге қаншалықты  жиі  қаралу  керек?

Брекетті таққаннан кейін айына бір рет коррекцияға келіп тұрады. Яғни, созылған брекетті тартқызып отырады. Бұл жағдайда ортодонт дәрігерлер тағылған брекеттің қандай нәтиже беріп жатқанын тексеріп, нау­қасқа  бағыт-бағдар  береді.

– Алғашқы нәтиже қай уақытта байқалады?

Брекетті таққаннан кейін нәтижесі бірінші айдан бастап-ақ байқалады. Оны таққаннан кейін сырт  көзге білінбегенімен, өзгерістің бар екенін нау­қастың өзі тез аңғаратын болады. Сондай-ақ, кей адамның өз ерекшелігіне байланысты кейде ерте, кейде жарты жылда өз нәтижесін көрсетуі де мүмкін. Бұл жағдай тістің қаншалықты қисық және күрделі болғанында деп айтуға бола­ды.

– Ол қандай металдан жасалады және қандай  түрлері  бар?

Брекет эстетикасына және функциясына байланысты деп екіге бөлінеді. Эстетикасына байланысты дегені­міз – ол металдық брекет, керамикалық брекет, ақ брекет, яғни түссіз брекет болады деген сөз. Ал функциясына байланысты дегеніміз өздігінен түзететін брекет деп аталады. Бұл да сол бір эстетикалық металл арқылы жасалады. Брекет металдың қандай түрінен жасалынатынына тоқталатын болсақ, көбінесе тат баспайтын болаттан, кей кезде никель қосылып жасалынатын жағдайлар болады. Сондай-ақ, бұл металл  дәмі  ауызға  ешқашан  сезілмейді.

– Брекет тағу қанша тұрады? Арзаны мен қымбатының айырмашылығы бола ма?

Арзан брекет пен қымбат брекеттің еш айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Ол тістің жағдайына байланысты, біз науқастарға ең жақсысын ұсынамыз. Біз ұсынған брекеттің  бағасына да  қарамай, денсаулығын ойлаған  нау­қастар брекеттің жылдам нәтижесінен қуанып жатады. Жалпы, брекеттің барлығы нәтижесін жақсы береді, тек тісті күтіп ұстап, дәрігер айтқан кеңес­термен санасатын болса, арзан брекеттердің нәтижесі ерте білінеді. Біздің орталықта ең арзан брекет 70 мыңнан басталып, 500  мыңға  дейін жалғасады.

– Брекет  таққаннан  кейін  тісжегі  пайда  болса,  не  істеу  керек?

Брекет таққаннан кейін тісжегінің пайда болуы жиі кездесіп жатады. Ауыз қуысының дұрыс таза болмауының себебінен осындай кариестер пайда болады. Мұндай кезде бірден тісті емдеу керек немесе өте үлкен мөлшерде кариес пайда болса, онда брекетті шешуге тура келеді. Сонымен қатар, тісжегісі бар тістерге брекет ешқашан тағылмайды. Тісті толығымен емдеп жазып барып брекет  тағуға  рұқсат  етіледі.

– Оны шешкеннен кейін қандай процедур­алар  жүреді?

Брекетті шешкеннен кейін ортодонт дәрігерлер тісті жіті тексеріп, толығымен тазартып шығады. Брекетті алғаннан соң тісті таза ұстап, дәрігер айтқан кеңестерге жүгінуі міндетті. Соны­мен қатар, брекетті шешкеннен кейінгі жағдайға  үйренісу  қиындау  болады.

– Соңғы сауал болсын, брекет тағу­ға қандай  жағдайда  рұқсат  етілмейді?

Брекеттің адам денсаулығына еш зияны жоқ. Оны қойдырар алдында барлық тістердің сау болуы қажет. Шіріген тістері болса, алдымен толығымен емдеуден өткізіп, тіс­терінің толық саулығына көз жеткізген жағдайда брекет орнатамыз. Мүлдем брекет қойдыруға болмайтын жағдайлар да бар. Ол қант диабеті жоғары, онкологиямен ауыратын және психикалық ауруға шалдыққан адамдарға брекет қоюға тыйым салынады. Темірге аллергиясы бар адамдарға металдық брекет орнына сапфир брекетін салуға ұсыныс  жасаймыз.

– Әңгімеңізге көп  рақ­мет!

Сұхбаттасқан 

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Тақырыпқа  тұздық

ТІС ПАСТАСЫ  ҚҰРАМЫНА ҚАНДАЙ  ҚОСПАЛАР  ҚОСЫЛАДЫ?

Тістің саулығы – жан саулығы, түр-келбеттің басты кейпі деп жатамыз. Сол тіс саулығының басты талабы – оның тазалығы мен түзулігінде. Ол үшін біз көптеген кеңеске құлақ түріп, тіпті тіс дәрігерлеріне жиі қаралып жатамыз. Бірақ дәрігерлер ұсынған тіс пастасымен тісімізді үнемі жуып тұрамыз ба? Міне, басты сауал осында. Қымбат әрі арзан тіс пасталарының құрамына қандай пайдалы және зиянды қоспалар қосылатынын білесіз бе? Әдетте, тіс дәрігерлері ең қымбат әрі брендтегі, яғни жарнамасы өтімді тіс пасталарын көпшілікке ұсынып жатады. Алайда, олардың құрамына көптеген зиянды қоспалар қосылады екен. Соны­мен, тіс пасталарының құрамында қандай зиянды және  пайдалы  қоспалары  болады  екен, бірге  анықтап  көрейік.

Жалпы, тіс пастасы ауыз қуыстарын тазалап қана қоймай, оның хош иістен­уіне зор ықпал етеді. Сондай-ақ, тіс пасталарын екі негізгі түрге бөлуге болады. Олар – табиғи және химиялық.  Олардың айырмашылығы табиғи заттар белсендірілген көмір немесе жалбыз сығындысы сияқты органикалық элементтерден жасалады. Табиғи тіс пастасы құрамында ағзаға зиян келтіретін агрессивті компоненттер жоқ, бірақ химиялық тіс пасталары көбінесе ауыз қуысы­ның  проблемаларын  шешуде  жақсы  жұмыс  істейді.

Табиғи тіс пасталары көбінесе балаларға арналған болып келеді.  Химиялық тіс пастасы құрамы тіске де, ағзаға да қауіпті, себебі балалардың пастаны жұтып алу қаупі бар. Химиялық типтегі барлық паста қосымша оң әсері болатындықтан үнемі, қолданыста  болады. Ол тісті ағарту, қызыл иекті емдеу, кариесті жою және т.б.

Тіс пастасының негізгі химиялық компоненттері – фторидтер, ферменттер, абразивті заттар, емдік-профилактикалық қоспалар, консерванттар мен хош иістер. Паста таңдағанда, оның мақсатына, иісіне немесе дәміне ғана емес, сонымен қатар құрамына да назар аудару керек. Егер аллергия болса, бұл өте маңызды пасталардың құрамына компоненттер, соның ішінде өсімдіктер кіреді. Құрамында ең аз консерванттар, боя­ғыштар және көбіктендіргіштер бар пастаны таңдаған дұрыс. Белсенді заттардан басқа, тіс пастасында қоюландырғыштар, байланыстырғыштар және басқа да заттар бар. Паста біртекті құрылымға ие болып, кебіп кетпеуі, жақсы сақталуы және т.б. болуы үшін құрамына түрлі зиянды заттар қосылатыны анық. Қазіргі таңда химиялық қоспалар қосыл­маған тіс пасталарын табу өте қиын. Сондықтан, құрамында табиғи қоспалары бар тіс пастасын қолданған абзалырақ. Дегенмен, «Халал Дамудан» тексеруден өткен тіс пастасы болмағандықтан, тек пайдалы қоспалардан жасалған тіс пастасы бар деп те  айта алмаймыз. Алайда, табиғи  пасталарды  жасап  шығуға  болады  емес  пе?

Сонымен қатар химиялық қоспалардан жасалатын тіс пастасы адам азғазын улап қана қоймай, түрлі дертке апарып шалдықтыруы әбден мүмкін дейді зерттеуші мамандар. АҚШ-тың Техас университетінің ғалымдары тіс пастасында және косметикада кездесетін E171 титан дикосиді қант диабетінің екінші типін тудыруы мүмкін екенін анықтады. Екінші типті қант диабе­ті – ұлпалардың инсулинге сезімталдығының төмендеуі салдарынан болатын ауру түрі. Қазір әлемде миллионнан астам адам диабетке шалдыққан, олардың 90 пайыздан астамы екінші типті қант диабеті екені анықталған. Сонымен бірге тіс пастасының зиян тұсымен қатар пайдасын да анықтаған ғалымдар өз зерттеулерін жариялау­да. Олар тіс пастасының денсаулық­қа ерекше пайдасын анықтап, оны организмдегі қызуды азайтып, инфаркт пен инсульт қаупін де бәсеңдетеді деп Флоридадағы Атлантик университеті ғалымдары осындай тұжырым жасаған. Зерттеу жұмыстары арқылы Plaque HD тіс пастасын пайдалану барысында адам организміндегі ақуыз­дың деңгейі төмендейтіні, алғашқы сынақтан кейін-ақ, аталмыш пастаның жүрек қан-тамыр ауруларының алдын  алатыны  белгілі  болған.

Тіс пасталарының зиянды да, пайдалы да жағы анықталғаннан ке­йін оны қолдану немесе қолданбау­ға бас қатыратыныңыз белгілі. Ең жақсы кеңес тіс пастасын таңдар алдында оның құрамына назар салып, сондай-ақ, хош иісі аз және өсімдік­терден жасал­ған  тіс пасталарына таңдау жасағаны­ңыз дұрыс. Сонымен қатар, тіс пасталарының сыртында белгіленген қызыл, жасыл, қара, көк түстерге ерекше мән бергеніңіз жақсы. Себебі паста қамтамасындағы түстер оның ішіндегі қоспаларына тікелей қатысты. Мысалы, қара түсті белгісі бар пастаны күнделікті қолдануға болмайды. Оның құрамы толық химиялық заттардан тұрады. Мұндай паста көбіне тісі қатты ауырып жүрген адамдарға ұсынылады. Көк түсті пастаның құрамында шамамен 80% химиялық зат болады. Ол қатты зиян емес, жиі қолдануға болады. Ал қызыл түсті пастадағы химиялық заттар мен табиғи қоспаның мөлшері тең. Бұл  пастаны  ауыз  қуысын  күнделікті  тазартуға  пайдалануға  болады.  Оны  ересек  адам да,  бала  да  қолдана  береді. Жасыл түсті  паста – табиғи  өнім. Бірақ ол барлық тіс түріне арналмаған. Мұндай пастаны дәрігер кеңесімен пайдаланған жөн.

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: