Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Батальон, алға!

16.04.2020, 10:26 829

Өмірзақ  Ахметов  –  100 жыл

1942 жылдың қараша айы. Көзге түртсе көргісіз  тастай қараңғы түн. Қар  аралас  жаң­быр­ құйып тұр. Жау  шебінен  атылған, өлім сепкен оқ тізбектері әлсін-әлсін бекініс үстін басып­ салады. Траншеядан (ор) қылт еткенді қалт жібермей, қағып тастайтын мергені тағы бар. Сәт сайын аранын ашқан ажал небір боздақ­тарды аяусыз қыршынынан қиып түсіп жатыр.

Құрамында сержант Өмірзақ Ахметов те бар ротаның қорғаныс соғысын жүргізіп жатқанына екі аптаға жуықтады. Фашист солдаттарының бекінісі 200-250 қадам шамасындай қашықтықта орналасқан. Қысқа ғана аралықта төгілген адам қаны телегей теңізге айналып, шашылған адам мүрдесінен көз сүрінеді. Осынау­  азалы көрініске көк аспан да күңіреніп, азалы жасын төккендей, жауын басылар емес. Жауынгерлердің суға малшынған киімдерінен өткен салқын ызғар денені темірдей қариды. Десе де, кептірініп алуға ешқандай мұрша жоқ. Жарық көзге шалынса… бітті. Аңдып отырған неміс снайперінің нысанасына  айналуың оп-оңай.

Гитлершілдердің маңдайы тасқа тимеген шағы. Жел екпінімен жау шебіндегі неміс солдаттарының масаң дауысы, даурыға сөйлескендері құлағына жеткенде Өмірзақ кектене тіс­тенді. Кенет… Өмірзақтың жанары дұшпанмен екі аралықта қараңдаған әлденені шалғандай болды. Қазақ баласының қырағы жанары қателеспеген екен. Тесіле қарағанда жау бекінісінен бұлардың окобына қарай жер бауырлап келе жатқан бірнеше неміс солдатын көрді. Негізі тіл әкелуге шыққан неміс барлаушылары болса керек­. Өмірзақ солай қарай автоматынан оқты қарша боратты. Ойран-топыры шыққан басқын­шылардың өлгені сол жерде қалып, қалған­дары  тым-тырақай қаша  жөнелді. Мұнан  кейін  түн  тыныш  өтті.

Бірнеше тәуліктен соң батальон командирі Өмірзақты өзіне шақыртты. Өткен жолғы қырағылы­ғы  үшін  ризашылығын  білдірген соң, Воронеж қаласына жақын Анна станциясындағы жаңадан ашылған қысқамерзімді офицер­лер дайындайтын курсқа баруға тап­сырма берді. Қаруластарымен қимай қоштасқан­ Өмірзақтың көз алдына таудай толқыны көкке шапшыған теңіз қолтығындағы ауылы Қаратерең, майданға аттанар сәттегі қос қолын көкке жайып «О, жаратушы Алла! Құлынымды құнсыз бердің, енді өзің уақытша сапарға жіберіп жатырс­ың. Уа, Тәңірім, ботамның он екі мүшесін дін аман қылып, ортамызға оралтшы!» деп жер-дүниені күңіренте жалбарынған әкесі Ахметтің тұлғасы елестеп өтті. Шын жалбарынса, Алланың тілегіңді беретіні рас екен. Жылдар өте әке ниеті қабыл болып, Өмірзақтың майданнан аман келетінін сол сәтте ешкім болжама­ған  еді…

Бірнеше айдан соң курсты үздік бітірген Өмірзақ Ахметов кіші лейтенант шенін алып, жанындағы 27 офицермен бірге Харьков қаласындағы Батыс майданының штабын бетке алды. Штабқа жеткен бұлар күтпеген жағдайға тап болды. Осы бағыттағы Кеңес әскерін неміс­тердің екі бригадасы, бұған дейін Италия мен Францияда тұрған құрамы толық, мұздай қарулан­ған жаңа армиясы кері тықсырып жатыр­ екен. Жанталаса соғысқан қызыл жауынгер­лер тың күшке төтеп бере алмай, жаппай­ шегініп келеді. Ал Харьковты жаудың қолына екінші мәрте қалдырса, салдарын ойлауды­ң  өзі  қорқынышты.

– Қалыптасқан  ауыр  ахуалға байланысты бұл жерде сіздерді қабылдап, бөлімшелерге таратуд­ы жағдай көтермейді. Енді 130 шақырым қашықтықтағы Ново-Вольшанск қаласына барасыз­дар.  Сонда  тиесілі бұйрықты аласыздар, – деген штаб бастығының сөзінен соң бір топ офицер қайтадан жолға шықты.

Жаяулатып, шаршап-шалдығып Харьковтың шеткі  көшелеріне де ілікті. Құдды, осы­лар­ды аңдып тұрғандай немістің 15-20 самолеті жер-дүниенің астан-кестенін шығара бомбының астына алсын. «Шайтанның өзінен аты қорқынышты» дегенді естіген шығарсыз?! Көкжиектен құлдилай шүйілген жаудың ауыр бомбылағыш ұшақтарының бауырынан бом­балар зәре-құтыңды қашыра, ащы дауыспен сауылд­ай төгіледі. Алып қала әп-сәтте қирап, әр жерден қызыл жалын шалқыды.

Харьков – өндіріс ошағы мол шоғырланған, аумағы зор ірі қала. Арасында Өмірзақ та бар бір топ офицер өлдім-талдым дегенде қаланың шығыс  беткейіндегі  жазыққа  шықты. Нико­лаев аталатын қыстаққа жақындағанда кеңес әскерлер­і тағы да қырсыққа тап болды. Немістерді­ң бронетехника, мотоцикл, машинаға мінген қалың қолы кеңес солдаттарының алдын орап, қоршай бастады. Қым-қуыт шайқас­ басталды. Оқты бұршақша жаудырған совет жауынгерлері табандап соғыс сала отырып,­ шау шебін бұзып шықты. Түнімен үздіксіз  жүріп, негізгі  қолға да қосылды. Шығы­н аз болмады. Өзгені айтпа­ғанда, әскери курсты жаңа бітірген 27 офицерден небәрі 3  адам ғана тірі қалыпты. Дәл осы күні Өмірзақ Ахметов  тура  23 жасқа толған еді.

Әр минуты айға, сағаты жылға тең азалы уақыт жылжып жатты. Украина майданындағы бір ротаның командирі Өмірзақ Ахметов талай мәрте ажалдан аман қалды. Кеудесінен снаряд жарқыншағы тиіп, госпитальда емделіп, қайтадан қатарға қосылды. Польша мен Кеңес одағын­ың арасын бөліп тұрған Батыс Буг өзенінің бойындағы сұрапыл шайқас көзі қарақтыларға жақсы мәлім. Немістердің бір­неше жыл жасаған, Гитлердің өзі тасқамал санаға­н бекініс­терін бұзу оңайға соқпады. Кеңес­ әскерлерінің қуатты күші осы жерге шоғырл­анды. Таңсәріден басталған шабуылдан кейін фашист қорғанысының күлі көкке ұшты. Адам қаны суша ақты.

Лбюлин қаласындағы үлкен концлагерьдегі мыңдаған тұтқындарды азат ету операциясына қатысқан Өмірзақтың ротасы көптеген жауыздықтарға куә болды. Концлагерьдегі фашистердің қаталдығы шектен шыққан екен. Тұтқындарды итке талатып өлтіру, темір пешке­ салып тобымен өртеу, адамның майын алып, техника майлауға пайдалану, ұрып өлтіру тағы басқа тәсілдер адамгершіліктен жұрдай гитлершілдердің үйреншікті дағдысына айналыпты. Қалған тұтқындарды аман алып қалу үшін шабуылд­ы түнде жасау жоспарланды. Көше соғыс­ының өзіндік қиындағы бар. Әр бұрышта­, жертөле, шатырда тосқауыл күтіп тұрады. Аяқ бассаң, ажалға тап боласың.

Өмірзақтың ротасында айыптылар батальонынан (штраф бат) жіберілген екі жауынгер бар еді. Солар бүгін бұған жақындағы неміс окобынд­а жау автоматшылары орналасқанын айтып, соларды тірілей ұстап әкелуге рұқсат сұрады­. Не істеу керек? Айыптылар уәдесінде тұрса жақсы. Қашып немесе жау жағына өтіп кетсе ше?! Ондай жағдайда айыптыларға ие болмаған­ы  үшін  бұл сөзсіз атылады деген  сөз… Ұзақ  ойланған  рота командирі Өмірзақ Ахметов­ екі солдатқа сенім білдіруді жөн санады. Алайда олар келем дегенше өзі де қатты қиналды. Арада жарты сағат өткенде қос солдаты фашистің бақанд­ай 17 автоматшысын қаздай тізіп айдап әкелді. Мұны естіген комбаттың өзі арнайы келіп, екі солдаттың өтеуге тиісті жазасы­н алып тастап, «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынды. Өмірзақ болса, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін кеудесіне тақты. Бұған дейін де І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» өзге де медальдармен марапат­талған қайсар  қазақ бұл жолы да ерліктің үлгісін  көрсетті.

Соғысты жарақаттанып, батальон командирі, гвардия майоры шенінде аяқтаған Өмірзақ Ахметов бейбіт майданның да алғы шебінен табылды­. Аудандық партия комитетінің нұс­қаушысы, колхоз басқармасының орынбасары, кеңшардың партия комитетінің хатшысы, сельпо­ төрағасы, ірі құрылыс мекемесінің кадр бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Қандай ұжымда, қай жерде жүрсе де кешегі қаһарман майдангер арына қылау түсірмеді. Кімге болса да тура сөйлеп, әділін айтатын дағдысынан жаңылма­ды. Адал еңбегі ескерусіз қалмады. Жеңістің 60 жылдығы мерекесінде «Құрмет» орденімен марапатталды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мәдениет министрі­нің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын иеленіп, мерейі тасыды.

Көпшілік қауымға Өмірзақ Ахметұлы атамыз­дың есімі қарымды қаламгер, мықты ақын, білікті шежіреші ретінде де жақсы мәлім. Көкеміздің ұшқыр қаламынан төгілдіре жазыл­ған «Жанқожа батыр» дастаны, тағылымы терең мақалалары құнды дүние ретінде оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды.

Өз басым көкірегі асыл сөз көмбесіне толы абыз ақсақалмен көзі тірісінде бірнеше мәрте сұхбаттасып, қызықты дерекке толы мақала дайын­дағанымды мақтаныш тұтамын. Міне, Өмірзақ  Ахметов  көкеміздің  дүниеге  келге­ніне 100 жыл толды. «Тау алыстаған сайын биіктей­ түседі». Уақыт жылжыған сайын ержүрек­  майдангер­, гвардия  майоры, шежіреші әрі ақын Өмекең атамыздың тау тұлғасы да жарқыр­ай  түсетіні  анық.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: