Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Каспий трагедиясына байланысты Қорғаныс министрлігінен жүйелі кемшіліктер анықталды

02.11.2026, 15:05 83

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуынан кейін Қорғаныс министрлігіне жүргізілген кешенді тексеріс бірқатар жүйелі кемшілікті анықтады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға әскери жаттығуларды ұйымдастыру, қауіп-қатерлерді алдын ала бағалау және төтенше жағдай туындағанда жедел шешім қабылдау жүйесіндегі олқылықтарды көрсетті.

— Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғалар оқу-жаттығуларды жоспарлау және өткізу кезінде жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетті. Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауды ұйымдастыруда, ықтимал тәуекелдерді бағалауда және жағдай өзгерген кезде жедел ден қоюға дайындықта кемшіліктер бар екені анықталды, – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.

Атап айтқанда, әскери жаттығулар кезінде қауіпті факторларға жеткілікті назар аударылмаған. Қауіпсіздік талаптарының орындалуына тиісті бақылау жасалмаған, сондай-ақ оқу-жаттығулардың аса қауіпті кезеңдерін дер кезінде тоқтату туралы шешім қабылдау ісінде кемшіліктер болған.

Премьер-министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады. Күштік құрылымдардың кейбір бөлімшелерінде сарбаздардың орналасқан жерін анықтайтын және физиологиялық жағдайын бақылайтын жеке құрылғылар қолданылады. Сонымен қатар әскери құрылымдар «Қазгидрометтен» ауа райының өзгеруі мен дауылды ескертулер туралы ақпарат алып отырады.

Анықталған кемшіліктерді жою үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен әскери реформа жоспарының жобасы әзірленген. Құжатта әскери басқару жүйесін жетілдіру, оқу-жаттығуларды жоспарлау тәртібін біріздендіру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын күшейту көзделген.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні толқын алып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі аман қалған.

5 қазанда Ақорда Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссияның алғашқы қорытындыларын жариялады. Сол кездегі мәлімет бойынша, қолбасшылық құрамның ықтимал салғырттығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін беріледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: