Aiel-qorgan.kz жобасы онлайн-шабуылдар, доксинг және қорқыту кезіндегі нақты іс-қимыл жоспарын, дәлелдерді тіркеу, әлеуметтік желілерді баптау және офлайн қауіпсіздік ережелерін ұсынады.
Қазіргі медиа кеңістікте әйелдерге бағытталған кибербуллингтің өзіндік сипаты жиі кездеседі. Бұл жай ғана кәсіби сын емес — көбіне гендерлік кемсіту, сексуалданған пікірлер, зорлық-зомбылықпен қорқыту, шынайы немесе монтаждалған интимдік суреттерді (дипфейк) тарату арқылы көрініс табады. Бұған жеке деректерді жариялау доксинг, жақындары мен дереккөздеріне шабуыл жасау, жаппай шағым беру және пікірлерге келісілген шабуылдар қосылуы мүмкін.
«Онлайн-агрессияға тап болған сәттегі басты қателік — эмоцияға беріліп, хейтерлермен пікірталасқа түсу немесе шабуыл іздерін бірден өшіріп тастау. Цифрлық гигиена мен алдын ала жасалған қорғаныс хаттамасы — сіздің жеке қауіпсіздігіңіздің кепілі», — деді «Әйел Қорған» жобасының сарапшылары.
Цифрлық қауіпсіздік мамандары желідегі шабуыл кезінде алдымен деректі тіркеп, содан кейін ғана байланысты шектеуді ұсынады. Шабуыл басталғанда ең басты ереже — дәлелдерді жоймай, құжаттау. Жою немесе бұғаттаудан бұрын автор, мазмұн, сілтеме жолағындағы URL және жарияланған уақыт анық көрінетін скриншот жасау қажет. Тікелей сілтемені, аккаунт атауын және арна немесе топ идентификаторын (ID) бөлек жазып алу керек.
Тағы бір маңызды мәселе — түпнұсқа файлдарды өзгертпеу және қиып тастамау. Мүмкін болса, хат алмасуды толық жүктеп алған жөн. Сондай-ақ оқиғаны арнайы журналға тіркеп, онда қашан, қай платформада болғанын, сілтемесін, қауіптің сипатын, жәбірленушінің әрекеті мен платформаның жауабын жазып отыру керек.
Сонымен қатар ашық веб-парақшаны сенімді архивтеу құралына жіберіп, күні көрсетілген сілтемені сақтау қажет. Жабық парақшаларды (бөгде жеке деректерді ашпай) PDF форматында сақтау немесе экран бейнесін жазып алу керек.
Дәлелдерді тіркегеннен кейін ғана қорғаныс баптауларын іске қосқан жөн: аккаунтты бұғаттау, байланыстарды шектеу, тоқтау-сөздер сүзгісін қосу, пікірлер мен белгілеулерді (тегтерді) жабу ұсынылады. Әрбір жаңа жалған аккаунтқа жеке шағым түсіру қажет.
Фото: Әйел қорған жобасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!