Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Желідегі жеккөрушілік және гендерлік қысым: әйелдер кибершабуылға қалай төтеп беруі керек?

19.11.2026, 17:25 19

Әлеуметтік желідегі қорлау, доксинг және желідегі қорқыту — әйелдер жиі тап болатын цифрлық қауіптер. Әсіресе кезекті өткір зерттеу немесе әлеуметтік маңызы бар материал жарық көргеннен кейін пікірлер бөлімінде пайда болатын агрессияға журналистер жиі тап болады. Аiel-qorgan жобасы киберқорлау деген не және оның алдын алу туралы түсіндірді. 

Әйел журналистерге бағытталған кибербуллингтің табиғаты бөлек: мұнда кәсіби тақырып талқыланбайды, шабуыл тікелей тұлғаға, сырт келбетке және гендерлік ерекшелікке бағытталады. Сексуалданған қорлау, зорлық-зомбылықпен қорқыту, монтаждалған интимдік суреттер тарату, жеке деректерді жария ету және жақындарына қысым жасау — мұның бәрі журналистің үнін өшіруге бағытталған жүйелі науқанның бөлігі болуы мүмкін.

Журналистер мұндай жағдайға тап болғанда ең бастысы — өзіңізді кінәламауы керек. Өйткені желідегі ұйымдасқан шабуыл оның кәсіби біліксіздігінің көрсеткіші емес, бұл — цифрлық зорлық-зомбылық түрі.

«Көп жағдайда кибершабуылға ұшыраған әйел журналистер оқшауланып, мәселені жасыруға тырысады. Біздің басты кеңесіміз: үнсіз қалмаңыз және қорғанысты дағдарыс басталғанша құрыңыз. Редакция ішінде кімнің модерацияға жауап беретіні, дәлелдердің қайда сақталатыны және дағдарыс кезінде журналистің қалай демалатыны алдын ала хаттамалануы тиіс. Уақытылы тіркелген бір скриншот пен архивтелген сілтеме ертеңгі құқықтық қорғаныстың негізі болады», деді жобаның ұйымдастырушысы. 

Дауыл алдындағы дайындық: редакциялық хаттама

Кибершабуыл басталған кезде адам күйзеліске түсіп, қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытып кетуі мүмкін. Сондықтан редакциямен бірге «тыныштық кезеңінде» үш сұрақтың басын ашып алған жөн: мәселені басшылыққа кім жеткізеді, парақшаларды уақытша кім бақылауға алады және журналисті ақпараттық шудан қалай оқшаулаймыз?

Ол үшін редакцияда жедел әрекет ету тізбегі бекітілуі тиіс:

  1. Жауапты үйлестіруші: Қауіп туралы ақпаратты қабылдап, әрекет ететін негізгі және қосалқы адамды тағайындау қажет.
  2. Құпия белгі: Сенімді әріптеспен қауіпсіз мессенджерде шұғыл жұмылдыруды білдіретін қысқа дабыл сөзін келісу. 
  3. Құпия сөзсіз бақылау: Әріптесіңізге әлеуметтік желідегі жұмыс парақшаларының әкімшілік рөлін алдын ала беріп қою. Сонда шабуыл кезінде ол құпия сөзіңізді сұрамай-ақ пікірлерді сүзгіден өткізіп, хейтерлерді бұғаттай алады.
  4. Офлайн-қоржын: Желі істен шыққан немесе аккаунт бұғатталған жағдайда қажет болатын әріптестердің телефон нөмірлерін, дәлел тіркеу нұсқаулығын, веб-архивтеу сервистерінің сілтемесін және оқиғалар журналының үлгісін бөлек сақтаңыз.
  5. Эмоционалдық сақтандыру: Журналистерге көмек көрсететін психологтың байланысын алдын ала тауып, қандай жағдайда журналист эфир мен әлеуметтік желіден бірнеше күнге шеттетілетінін редактормен келісіп алу. 

Шабуыл кезінде не істеу керек?

«Көпшілік жағымсыз пікірді көрген бойда оны өшіруге немесе авторды бұғаттауға асығады. Бұл — қателік, өйткені сіз болашақ сот немесе платформа модерациясы үшін маңызды айғақтарды жоясыз», деді Аiel-qorgan. 

Құжаттау тәртібі бірнеше қарапайым қадамдардан тұратын. Атап айтқанда: 

Жазбаны өшірмес бұрын экранды толықтай суретке түсіру қажет. Онда автордың аты-жөні, жазба мәтіні, браузер жолағындағы толық URL-мекенжай және уақыты көрінуі шарт. Тікелей сілтеме мен аккаунт ID-ін бөлек көшіріп алу. 

Файлдарды қимау және өңдемеу. Мүмкіндік болса, хат алмасу мұрағатын жүктеп алған жөн. Әрбір оқиғаны журналға түсіру (күні, платформасы, сілтемесі, қауіп мазмұны, жасалған шара және платформа жауабы) керек. 

Ашық веб-парақшаларды арнайы архивтеу құралдары арқылы сақтап, күні бекітілген сілтемені алу қажет. Тек тіркелген қолданушыларға көрінетін жабық парақшаларды (бөгде тұлғалардың жеке деректерін жария етпей) PDF форматына айналдырыңыз немесе экран бейнесін жазып алу керек. 

Платформаларға қалай шағым жолдауға болады?

Facebook пен Instagram-да әрбір қауіпті жазбаға немесе пікірге «шағымдану» батырмасы арқылы дәл себебін көрсетіп (қатысты эпизодтарды қоса отырып) шағым түсіру ұсынылады. Бұғаттау аккаунтыңызды қорғағанымен, жазбаны өзге қолданушылардан жасырмайтынын ескеру керек. 

Ал Telegram-да хабарламаны басып тұрып немесе арна мәзірінен Report пәрменін таңдау керек. Бұғаттау жеке хат алмасуды тоқтатады, бірақ ашық арнадағы жазбаны өшірмейді.

WhatsApp-та «Бұғаттау және шағымдану» функциясын қолдану жеткілікті. Бұл кезде мессенджер соңғы хабарламалар мен техникалық деректерді тексеруге алады, алайда өзге чаттарға тарап кеткен көшірмелерді жоя алмайды.

Twitter/X желісінде Report мәзірі арқылы қудалау фактісін көрсетіп, оған қатысты өзге де жазбаларды қоса тіркеген жөн. Өйткені хабарландыруларды өшіру жазбаны тек сіздің көзіңізден таса қылады, бірақ шабуылды тоқтатпайды.

Барлық айғақтар жиналған соң ғана пікірлерді жабу, белгілеулерді шектеу, жағымсыз сөздер сүзгісін қосу және жаңадан ашылған жалған аккаунттарды бұғаттау шараларына көшу ұсынылады. 

Қауіп офлайнға өтсе не істеу керек?

Егер кибербуллинг виртуалды кеңістіктен шығып, шынайы өміріңізге қауіп төндіре бастаса — ереже түбегейлі өзгереді, деп атап өтті Аiel-qorgan. Агрессормен сөйлесуге, оны райынан қайтаруға немесе мәселені жалғыз шешуге әрекеттенбеген жөн. Тікелей қауіп төнген сәтте кідірмей полицияға немесе жедел қызметтерге жүгіну қажет.  Платформалардың ішкі шағымдану тетіктері ешқашан құқық қорғау органдарының қорғауын алмастыра алмайды.

Қосымша ресурстар мен қолдау тетіктері туралы толығырақ

aiel-qorgan.kz сайтынан білуге болады. Фото: https://aiel-qorgan.kz/kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: